Таразда жаңа қоғамдық көліктер пайдалануға берілді
Таразда жаңа қоғамдық көліктер пайдалануға берілді
Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық саны артып келеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық көліктерге деген сұранысты арттырып отыр. Тұрғындар тарапынан да жиі көтерілетін мәселенің бірі – осы.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те аймақ тізгінін қолға алғаннан қоғамдық көлік мәселесімен жіті танысып, тікелей өз бақылауына алған. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес бұл бағытта көне шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Жалпы, қоғамдық көлік мәселесі бойынша тұрғындар сұранысы ешқашан назардан тыс қалған емес. 2023 жылдың 1 мамырынан бастап «Smart City Servise» ЖШС қызмет көрсетіп отырған №9 маршрут бағыты тұрғындар сұранысына байланысты «Арай» алқабына дейін, 1 маусымнан бастап «Шаңырақ» алқабына дейін созылды. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, №23 маршрутқа 2 бірлік үлкен сыйымдылықты автобус қосылды.
Биыл да жоспарланған межелі міндеттер аз емес. Мәселен, биыл тасымалдаушы мекемелер есебінен 70 бірлік жаңа автобус жеткізу, 5 маршрут ашу, 75 аялдама орнату жұмыстары көзделуде. Айта кетерлігі, бүгінгі күнге «СапарТранс-2012» ЖШС 10 Yutong маркалы, ұзындығы 9,5 метр болатын автобус жеткізсе, наурыз айының басында «Smart City Servise» ЖШС 14 автобус әкелді. Тасымалдаушы мекемелерге бөлінген субсидия көлемі де жыл сайын артып келеді. Осы ретте ерекше атап өтерлігі, қазіргі таңда жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес, 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату орнату қажет. Сондай-ақ кемінде 200 бірлік автобус сатып алу қажеттігі туындап отыр. Бұған қоса жаңа 15 жолаушылар бағытын ашу міндеті тұр. Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы