Мәдениет

Белгілі ғалым Ғани Қалиев қайтыс болды

Белгілі ғалым Ғани Қалиев қайтыс болды

86 жасқа қараған шағында белгілі ғалым, академик Ғани Қалиев қайтыс болды.

Бұл туралы PRO КАДРЫ KZ Telegram-арнасы жазды. Ғани Әлімұлы 1938 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Белбасар ауылында туған. 1962 жылы Қырғыз мемлекеттік университетін, 1967 жылы М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік универ­си­те­тінің аспирантурасын бітірген. Мамандығы – экономист. Еңбек жолын 1962 жылы Жамбыл облысының «Майтөбе» кеңшарында аға экономист қызметінен бастаған. Әр жылдары халық шаруашылығы институында оқытушы, Қазақ экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, директордың ғылым жөніндегі орынбасары, бөлім меңгерушісі, одан кейін Қазақ қой шаруашылығы ҒЗИ директоры қызметтерін атқарған. 1988 жылдан – Қазақ экономика және АӨК ұйым­дас­тыру ҒЗИ директоры, 1991-1996 жылдар аралы­ғында Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академия­сының президенті болды. Экономика ғылымдарының кандидаты, доктор Ғани Қалиев ВАСХНИЛ-дің толық мүшесі, ҚР Ұлттық ғы­лымдары академиясының академигі, 300-ден аса ғы­лыми еңбектердің авторы, нарықтық реформаның не­гізін қалаушы көптеген алғашқы буын заң жобаларының бастамашысы және авторы. Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, «Парасат» орденімен, «Астана» медалімен, «Тыңға 50 жыл»  медалімен марапатталған. Фото: ашық дереккөз