Әлеумет

Жүйелі жұмыс жалғасын табады

Жүйелі жұмыс жалғасын табады

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында соңғы жылдары ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге баса назар аударылып келеді. Осы игілікті бастама өңірдің елді мекендерінде де кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Өйткені, ел экономикасының басты драйвері саналатын ауыл шаруашылығы тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуші негізгі сала болып есептеледі. Осы мақсатта жұмыла жұмыс жасап келе жатқан Меркі ауданы, Сұрат ауылдық округі де ел экономикасының дамуына үлес қосуда.

Аудан экономикасын алдыңғы қатарға шығаруда 3 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың үлгілі істері нақты мысалдармен көрсетіліп келеді. Жалпы саны 463 ауласы бар округте әрбір ауыл тұрғыны өз иелігіндегі 10-25 сотық жерді тиімді пайдаланып, бау-бақша егіп, құс өсіріп, мал бордақылап, бие байлап, қымыз, саумал өндіріп, артық өнімдерін базарға шығарып сатып, шаруашылықтарын шыр айналдырып отыр. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының көпшілігі ауласындағы жер учаскелерін кәдеге жаратып, тиімді пайдалануда басқаларға үлгі-өнеге көрсеткен. Атап айтқанда, мұндай учаскелерде қияр, қызанақ, қырыққабат, картоп, пияз, сәбіз және басқа көкөністер молынан өсіріліп, күз айында бұл өнімдер жертөлеге орналастырылып, келесі жазға дейін отбасының алаңсыз пайдалануына әбден жарап жатыр. Яғни, денсаулыққа пайдалы, дәруменге бай азық-түлікті әлеумет алыстан іздемей, өз ауласындағы қоймадан табады. Ауылдық округ әкімі Жасұлан Жантелиевтің айтуынша, 1 серіктестік пен 84 шаруа қожалығы бар аймақта шаруалардың басым көпшілігі егін егумен және мал өсірумен айналысады. – Округте ауыл шаруашылығы саласы бойынша айдалмалы жер көлемі 5940,42 гектар. Оның ішінде суғармалы жері 2400 гектар жер көлемін алып отыр. Тиісінше, 2023 жылы ауылдық округі бойынша күздік бидай 2009 гектарға себіліп, орташа есеппен 15 центнер, жаздық арпа 1800 гектарға себіліп, орташа есеппен 13 центнер өнім жиналды. Қант қызылшасы 189 гектар алқапқа егіліп, ауа райының қолайсыздығына байланысты 104 гектар алқап тиісті комиссияның қорытындысымен жарамсыз деп танылып, мемлекеттен көмек берілді. Қалған 85 гектар жерден 68000 тонна өнім жиналды, – дейді Жасұлан Жанұзақұлы. Сонымен қатар, округ бойынша 3 шаруа қожалығы жаңа техникалар алуға жалпы 56 миллион теңге жұмсаған. Бүгінде ауылдық округтің инфрақұрылымы да жолға қойылған. Өткен жылы осы бағытта 77 миллион 982 мың теңге бөлініп, ауылдық округтегі Сұрат ауылының бірқатар көшелеріне қатты жабынды асфальт жол салынған. Ал, округтегі Тескентоған ауылына кіші футбол алаңын салуға аудандық бюджеттен 16,083 миллион теңге бөлінген. Аталған қаражатқа конкурс жүргізіліп, жеке кәсіпкер 12,5 миллион теңгеге нысан жұмысын толық аяқтап, қолданысқа берген. Ал, үнемделген қаражатқа, Сұрат ауылындағы М.Мәметова, С.Қоржынбай көшелеріне 22 күн сәулесінен қуат алатын жарықтандыру бағаналары орналастырылған. Мұндағы және бір жағымды ерекшелік – ауыл тұрғындарына жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие беру ісі жолға қойылғандығы. Бұл қаржыға тұрғындар мал сатып алып, төлдетіп, тұрмысын жақсартады. Бұрын несие алып үйренбеген халық алғашқыда банктің қарызына кіріп кетеміз бе деп қорқақтады. Оның үстіне 2,5 пайыз – төмен көрсеткіш, бұл қаржыға мал сатып алып, оның төлінің есебінен алғашқы бір-екі жылда қарызды жабуға болатынын дәлелдеді. Сөйтіп, елдің беті бері қарап, бұрын үрке қарағандар несие алып, сол арқылы шаруалары өрге басқан. Соның нәтижесінде 3 адам қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашқан. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға демеушілердің көмегімен 440 мың теңге қаржылай көмек көрсетілген. – Әлеуметтік көмек ретінде аталған сомада азық-түлік, 6 отбасына сиыр етімен, 1 отбасына 100 мың теңге, 16 отбасына 20 мың теңге көлемінде көмек көрсетілген. Сонымен қатар, Сұрат ауылындағы көпшілік жерленетін бейітке баратын жолдың жағдайы көктем-күз айларында бару мүмкін емес деген мәселе көтерілген. Аталған мәселені шешу үшін жолға құм-шағал тасты «Түзу Сұрат» шатқалының ішінен алып төсеу, қаражатты ауыл тұрғындарынан жинау ұсынылған. Осы мәселе бойынша «Сыпатай Батыр» ЖШС-нің басшысы Қанат Шайхиевтің демеушілігімен бейітке баратын жол жөнделіп, толық аяқталып отыр, – дейді ауылдық округ әкімі. Жалпы, туған жерге туын тіккен азаматтың еліне бұлай қайырылуы бұл ғана емес. Ол – ауыл халқы жұмыла көтеріп отырған барлық игі істің ұйымдастырушысы әрі демеушісі болып келеді. Өңір ерекшелігін жетік білетін, аталған шаруаларды агротехника ғылымымен ұштастырып жүргізетін ол шаруашылық табысын жылдан жылға еселеп келеді. Жомарттығымен танылған азамат ата-салтпенен шүлен тарату дәстүрі бойынша ауыл округінің төрт елді мекенінен келген 25 адамға ұн, азық-түлік, бидай, ет, көкөністер, тауық, жем-шөп, сабан сынды өнімдер таратып, көмек қолын созған. Ауылдық округ әкімі Жасұлан Жанұзақовтың сөзінше, биылғы жылы да даму жоспары аясында бірқатар жұмыстар жүргізілмек. Атап айтқанда, балалар ойын алаңдарын күрделі жөндеуден өткізу, Тескентоған, Сұрат ауылдарында саябақтарды абаттандыру, спорт кешенін салу мен жеке инвестиция арқылы мал бордақылау алаңын салу істері алдағы уақытта жүзеге асады.  

Нұрболат АМАНБЕК