Мейірім мерекесі
Мейірім мерекесі
– Бұл мереке, ең алдымен, аналарымызға деген шынайы құрметіміздің белгісі. Ана – өмір бастауы. Біз әлемдегі бар жақсылық пен мол мейірімді аяулы аналарымыздан аламыз. Осы ретте көп бала тәрбиелеп отырған аналар мен жетім балаларды қамқорлығына алған әйелдерге шынайы алғысымды білдіремін, – деп облыс әкімі Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен елімізде ана мен балаға айрықша көңіл бөлінетінін баса айтты. Бүгінде облысымызда 46 мыңнан аса көпбалалы ана болса, оның ішінде, «Алтын алқа» иегерлері 6 мыңға жуық, «Күміс алқа» иегерлері 11 мыңнан асады. Биыл 4 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, жәрдемақылар берілген. Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген әйел- аналарға ризашылығын білдіріп, олардың сан саладағы қажырлы еңбегінің маңыздылығына тоқталды. – Сіздер білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп салаларында кәсіпқойлық пен жанқиярлық танытып, қиындығы мол ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып жүрсіздер. Осынау мүмкіндікті пайдалана отырып, отбасына қамқор болып, ер азаматтармен иық тіресе, мемлекет пен қоғамның игілігі үшін еңбек ететін барлық әйелдерге алғыс айтамын, – деді Ербол Шырақпайұлы. Жалпы, облыста кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санының 42 пайызын әйелдер басқарады. Сондай-ақ, білім саласындағы қызметкерлердің 75, денсаулық сақтау саласында 85 пайызын және үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтіндердің үштен екісін әйелдер қауымы құрайды. Салтанатты жиында облыс әкімі бірқатар көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін табыстады. Сонымен қатар, өзге де әйелдерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады. Мерекелік іс-шара К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Нұрболат АМАНБЕК