Жаңа маусым – жаңа қарқын
Жаңа маусым – жаңа қарқын
«Астана арландары» Венесуэла боксшыларын қабылдайды
«Астана арландары» бүкіләлемдік бокс сериясының бесінші маусымына тастүйін дайын. Иә, Таразда өткен ел біріншілігінде топ жарған саңлақтарды құрамына алған «Астана арландары» командасы алғашқы кездесуін Алматы қаласында өткізеді.
«Арландар» жаңа маусымды Венесуэладан келген боксшылармен бастайды. «Astana Arlans» және «Caciques Venezuela» арасындағы кездесуге қатысатын боксшылардың есімдері де белгілі болды. Сонымен 49 келі салмақта ел намысын қорғайтын Мардан Берікбаев Иоел Финолмен жұптасса, 56 келі салмақтағы Мейірболат Тойытов Хосе Диасқа қарсы рингке көтеріледі. Ал 64 келі салмақта «арландар» намысын ел чемпионы Самат Бәшенов қорғайды. Оның қарсыласы – Луис Арсон. 75 келі салмақта да ел мақтанышы Мейірім Нұрсұлтановқа мүмкіндік беріліп отыр. Оның қарсыласы – Хуан Родригес. 91 келі салмақта өткен маусымда жасындай жарқыраған Василий Левит өзінің мықтылығын дәлелдемек. Оған қарсы Альфонсо Флорес рингке шығады. Кездесу бүгін Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында өтеді. Қазақ боксшылары маусымды сәтті бастайтындарына бек сенімді. Василий Левит: «Бүкіләлемдік бокс сериясы арқылы олимпиада лицензиясын жеңіп алғым келеді. Қарсыласым осал емес, әрине. Дегенмен, мен де барымды саламын», – десе, өзге боксшыларымыз да баптары мен бақтары қатар шабатындарына нық сенімді. Иә, ағымдағы маусымда легионерлерден гөрі жергілікті боксшыларға үлкен сенім артып отырған клуб басшылығы да жоғары жетістікке жетуді қалайды. Тараз төрінде өткен ел чемпионатында жасындай жарқыраған, әлем чемпионы Мерей Ақшаловтың інісі Мейірім Нұрсұлтанов та осы сында өзін жақсы қырынан көрсеткісі келеді. Соққылары мығым Мейірімді мамандар қайтпас, қайсар боксшы санап отыр. «Мейірім өз жұмысын жақсы біледі. Қарсыласына алғашқы тактика жүзеге аспаса, тез арада басқаша қимыл жасауға көшеді. Соққылары да жойқын. Самат Бәшеновтің де жобада жақсы өнер көрсетіп жүргенін білеміз. Ал командаға жаңадан қосылған боксшылардың да өздерін жақсы қырынан көрсететіндеріне сенімдіміз», – дейді команда басшылығы. «Астана арландарының» сапына осы маусымда бірқатар жаңа боксшылар қосылғаны мәлім. Олардың санатында ел чемпиондары, жамбылдық былғары қолғап шеберлері де бар. 52 келі салмақтағы Олжас Сәттібаев пен 69 келідегі Асланбек Шымбергенов те ағымдағы маусымда «арландардың» намысын қорғайды. «B» тобының фавориті саналатын біздің жігіттер «Argentina Condors»,«Caciques Venezuela», «USA Knockouts», «Italia Thunder», «Azerbaijan Baku Fires», «Poland Hussars» секілді командалармен күш сынасады. Әрине, бұл топтың көшбасшысы қатарында «Астана арландарымен» бірге «Italia Thunder», «Azerbaijan Baku Fires» командалары да топтың бірінші орнына таласатын болады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».