Айша бибі
Айша бибі
ұлы махаббатты насихаттайтын тарихи фильм түсіруге бола ма?
Кино – саясат қана емес, тарих. Әр кадрдың артында дәуір тұрады. Шыны керек, біз кино туралы көп айтамыз. «Голливудтың» фантастикасынан бастап, триллері, мелодрамасы туралы сөз еткенде, аузымыздың суы ағады. Болливудтың махаббатын жыр еткенде де таңдайымыз талмайды. Бүгін не көп, кино көп, кино түсіретін режиссер көп, олардың қатарына жеке меншік киностудия ашып алған шалажансар режиссерлерді, сценарий түзгіштерді тағы қосып қойыңыз. Бізбен ауылы аралас, қойы қоралас Қырғыз елін алсақ, олар бір фильмін бір жарым, әрі кеткенде, екі миллион долларға түсірсе, біздікілер отыз миллионның ар жағын көксейді. Ал сол фильмдерде не айырмашылық бар? Операторлық жұмыстағы бояуларда артықшылық байқала ма? Технологияның қауқары басым ба? Айырмашылық аз, шығын көп. Сосын барып, прокатқа шыққан біздің «шедеврлер» өз-өзін ақтай алмай жатады. Әрине, біз бұл санатқа Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласын», Досхан Жолжақсыновтың «Біржан салын» жатқыза алмаймыз. Бұл коммерциялық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да сұранысты қанағаттандыра алған фильмдер.
Онда қазақ даласының әсемдігі, этнографиясы, тарихы, батырлығы, қайтпастығы картиналарда толығымен берілген. Сценарийі де тастүйін... Бұл әрине шығармашылықтың жұмысы... Ал «Қайрат чемпион» секілді арзанқол фильмдер туралы әңгіме тіптен бөлек. Мазмұнсыз кинолар туралы айтып, оларды жарнамаламай қоя тұралық... Бірді айтып, бірге кетпей, енді негізгі ойымызға тоқталсақ... Сайын дала перзенті Айша бибі кім екені жөнінде атадан балаға қалған мифтік танымдар, аңыз-әңгімелер баршылық. Бірақ, тарихи деректер кемшін. Сол әпсаналардың бірі оны төрт түліктің бірі сиыр малының атасы деп есептейтін Зеңгі бабаның қызы дегенді алға тартады. Аңыздың желісіне жүгінсек, Айша бибі Түркістанда жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік серік болуға уағдаласады. Жаугершілік заман болса керек, тұс-тұстан анталаған жаумен арпалысып, елін, жерін қорғаумен жүргенде Қараханның уәделі мерзімде Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада біраз уақыт өтіп кетеді. Ақыры шыдамы таусылған Айша бибі Қараханның мекені Тараз қаласына өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба әже қатынды ертіп, жолға шығады. Бірнеше күн жол жүріп, Таразға жетеді. Қаланың төбесі көрінгеннен кейін Айша ару Аса өзенінің жағасына тоқтап, сол арада суға түсіп, шаң-тозаңнан арылып, біраз дем алуға тоқтайды. Күтушісі ас жабдығына кіріседі. Салқын суға шомылып, денесі сергіп шыққан Айша бибі күтушісі ас әзірлегенше дем ала тұрмақ болып, арнайы өзіне төселген төсенішке келіп жатады. Су сабатының салқын ауасына қосылған таудың самал желі ұзақ жолдан шаршаған жас арудың балғын тәнін аялай сипап, рахат құшағына бөлейді. Сүйіктісінің ауылының төбесін көріп көңілі жайланған, енді аз уақыттан кейін онымен кездесетінін ойлап, тәтті қиял бесігінде тербеліп жатып, маужырап ұйықтап кетеді. Осы ұйқыдан оны даланың улы жыланы шағып оятады. Денесін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу Қараханға хабар бергізеді. Қарахан тәуіптерін, молдасын алып жеткенде ару қыз ісіп-кеуіп екі дүниенің арасында жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол қызды қолына алып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: «Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айқайлапты. Ханның өлі қызбен неке қиысқаны одан бұрын да, кейін де тарихтан кездеспейді. Қайғырып, қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады. Осы тақылеттес мысалдар көп. Әрине, Айша бибінің нақты образын ашатын әдеби шығарма тапшы. Сол себепті де үлкен жобаны алға тартып, кино түсіреміз деу әбестік көрінері даусыз. Оған алдымен облыстық деңгейдегі бюджеттің бүйірі сай келмесе, екіншіден сюжет тапшылығы да қиынға соғады. Демек, біз аяулы аруды ұлықтау үшін не істей аламыз? Әлбетте, деректі фильм түсіруге болады. «Облыстық кино орталығының «Алтын қорында» 1218 дана кең көлемді форматтағы көркем фильм, 1644 дана деректі фильм, 25 дана мультипликациялық фильмдер бар. Ал облыс бойынша 1 кинотеатр, клубтар мен мәдениет үйлерінде 23 киноқондырғы, 10 «Зерде» бейнемобильдері халыққа кино көрсету жұмысын атқарып келеді. Өткен жылдың 9 айында 2136 кинокөрсетілім қойылып, оған 83 756 көрермен қамтылды» деген облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевқа «Айша бибіні дәріптейтін деректі фильм түсіре алатын мүмкіндігіміз бар ма?» деген сауал қойғанымызда, орталыққа режиссер келіп жатқаны, алдағы уақытта шығармашылықпен айналысып, бұл жобаны да іске асыруға болатынын айтып қалған еді... Деректі фильмдер жасаудың әлемдік деңгейдегі атақты шеберлерінің бірі, американдық киногер Алан Розенталь деректі фильмдердің өмірге қалай келетіні туралы: «Олар адамзат баласының – замандас, қатарластары мен келешек ұрпаққа өмірлік мәні зор, өзі үшін есте қалған ерекше оқиға, өзгеге де қызығушылық туғызып, ойландырар мәселелер хақында айтқысы келетін ықыласынан туады», – деп байлам жасайды. Шынымен де, деректі фильмдер өз табиғатында белгілі бір мұрат-мақсаттарды ұстанады. Мұндай фильмдердің қатарына Сергей Азимовтың «Аралмен қоштасу» немесе Владимир Рерихтың «Полигон» секілді еңбектерін жатқызуға болады. Ұлт тарихындағы культтік тұлғалар турасындағы деректі фильмдердің де сәтті шыққан кездерін көз көріп жүр. Біз «Айша бибі» аталатын Бақытяр Әбілдаұлының шығармасы желісіндегі қойылымды театр сахнасынан көрдік. Жалпы, Тараз десе, тарихын қазбалайтын елдің есіне алдымен Қарахан мен Айша бибі орала берері даусыз. Сол себепті де аяулы арудың бейнесін там-тұмдап болса да ел алдында насихаттай түсудің бір жолы деректі фильм болар еді. Оған сценарий жазатын авторлар өңірімізде де баршылық қой. Әрине, сценарий жазылар алдында туынды неден тұратындығы туралы синопсис әзірленеді. Ол фильмде сөйлейтін кейіпкерлерге қойылар сұрақтар тізімі, түсірілуі мүмкін мекен-жайлар, фильм авторлары айтқысы келетін ой-пікірлердің қысқаша нұсқасы екені мәлім. Синопсис – фильмді зерттеуден соң жазылатын қарапайым жоспар. Бұл – нағыз сценарий болмағанымен, тапсырыстан гөрі толығырақ фильмнің мақсаты айқын жазылған шығарма. Синопсис күрделі де көлемді саяси немесе тарихи картиналарды түсіру қарсаңында идеяларды іріктеп бөлу мен баяндау десек те болады. Көбіне фильм түсіру үшін шарт жасалғаннан кейін, тапсырыс беруші синопсисті талап етіп жатады. Бұл тұрғыда фильмнің идеясы, сюжеттің дамуы, негізгі көріністер, негізгі кейіпкерлер, басты кейіпкерлер тап болар жағдайлар, олардың іс-әрекеттері мен оқиғалар сарыны, оқиғалар дамуы мен шарықтау шегі, негізгі сюжеттік өзгерістер, қарама-қайшылықтар, шиеленіскен жайлардың шешілу тәсілдері, фильмнің драмалық құрылымы және ырғағы бәрі бір арнаға тоғысып, тарихпен тамырлас болып жатса, ол – үлкен жеңіс. Шетелдік кинотуындылардың бірқатарында елестен пайда болатын, фантастикалық тарихи көріністердің белең алатыны тағы бар. Оған қарағанда, Айша бибі туралы ел ішінде аңыз-әпсана баршылық. Осы тұрғыдан келгенде, Айша бибінің Таразға бет бұрғанына дейінгі мифтік дүниелерді қолдана отырып, деректі фильм түсірсек, одан еш ұтылмаймыз. Ол алдымен, тарихқа тағзым болса, екіншіден, Таразды тағы бір қырынан танытар еді. Әрине, шынайы бейнелер мен образдар арқылы. Оған қоса, жоғарыда басқарма басшысы атап өткендей, кинолар кинотеатрларда қойылып жатыр. Әр жанрдың өз аудиториясы бар екені тағы анық. Демек, деректі фильмнің фанаттары «Айша бибіні» де экраннан көрсе қуанар еді... Біздікі – сең қозғау. Ой салу. Әлбетте, әрі қарай дамытып әкету – басқарманың құзыретіндегі тірлік. Ал сіз не дейсіз, ойлы оқырман?..
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Тараз қаласы.