Игі жобалардың игілігі
Игі жобалардың игілігі
Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, өткен жылы 166 миллиард 832 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылған. Ал, өнеркәсіп саласында 36 миллиард 516,7 миллион теңгеге өнім өндірілген. Жалпы, оған «Амангелді ГАЗ», «Кнауф Гипс Тараз», «Бином Строй деталь», «Суперфарм», «КазУпакТрейд» секілді ірі кәсіпорындардың да қосқан үлесі зор. Әрбірден кейін, бүгінгі таңда бұл кәсіпорындар аудан тұрғындарын тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. – Ауданда ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілген. Бүгінгі таңда ауданда 3721 агроқұрылым жұмыс істеп тұр. Оның 4-еуі өндірістік кооператив, 35-і ауыл шаруашылығы кооперативі болса, 3682-сі шаруа қожалық. Өткен жылы осы агроқұрылымдардың күшімен 74 миллиард 242,4 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Жалпы, өткен жылы 60152 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Одан жиналған өнім, атап айтсақ, бидайдан 7582, арпадан 25726, майлы дақылдардан 4397, қант қызылшасынан 45676, картоптан 14852, көкөністен 311396, бақшадан 22210 тонна өнім жиналды. Ал, мал азығына қажетті жем-шөп қоры 310794 тоннаны құрады, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы. Егіс алқаптарынан мұнша өнім жинауға ағын су мәселесінің біртіндеп шешімін табуы, егіс алқаптарының жаңа технологиялармен ылғалдандырылуы және арық тоғандардың қайта жаңғыртылуы сеп болған. Аудан әкімінің айтуынша, ауданда жалпы сыйымдылығы 21,9 миллион текше метрді құрайтын 21 су қоймасы мен тоған бар. Одан бөлек, ұзындығы 521,8 километрді құрайтын 73 каналдың өткізу сыйымдылығы 130,1 текше метрді құрап отыр. Ал, бүгінге дейін «Қазсушар» мекемесі жобасы шеңберінде «ПУИИД-2» және «Европалық даму банкі» арқылы жалпы ұзындығы 553 километрді құрайтын 69 каналды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Бұл каналдар арқылы 14556 гектар алқапты ылғалдандыру мүмкін болуда. Ауданда игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жоспарлы түрде мемлекет меншігіне қайтарылуда. Мәселен, өткен жылы 11364 гектар жер мемлекетке қайтарылса, алдыңғы жылы 5379 гектар жер мемлекетке қайтарылған екен. – «Көктемгі терді күз ақтар, бағы мен бабы келіссе» демекші, аудан шаруаларының еңбекқор екеніне күмән келтіре алмаймыз. Дақылды ерте отырғызған шаруалар күз басталарда қызу тірлікке кіріседі. Өнімін өткереді, қоймада сақтайды. Жалпы, аудан бойынша сыйымдылығы 39230 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс сақтайтын 67 қойма бар. Оның барлығы статистика басқармасына тіркелген. Бүгінгі күнде осы қоймалардың 61-інде 27870 тонна өнім сақтауда тұр. Оның 24450 тоннасы пияз, 3370 тоннасы сәбіз, 50 тоннасы асханалық қызылша, – дейді аудан әкімі. Жыл санап ауданда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны артып келеді. Бүгінде тұрақты жұмысын жолға қойған 12 ауыл шаруашылығы кооперативі бар екен. Атап айтсақ, сауынды сиырмен айналысатын «Алтын белгі», егін, мал шаруашылығы, жем-шөп өндіру, сүт өндірісіне басымдық берген «Іске Сәт», «Айкүміс агро», «Өрнек-Даму», «Қызыл Дихан», «Пионер», «ЧпРК Аманкелді», «AZ-NUR Агро», «Ел Даулет», «Ырыс Н.Б.К.», «Жетістік», «Сары мырза» атты ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы жанданып келеді. Оның үстіне, бұл кооперативтердің дамуына «Ауыл аманаты» жобасы да үлкен серпін беріп отыр. Мұндағы жұрт соңғы жылдары жылыжай жүйесін дамытуға да өз үлестерін қосуда. Мәселен, биыл жалпы аумағы 9 гектарды құрайтын 20 жылыжайда қияр, қызанақ, бұрыш өсірілуде. Өткен айналымда ол жылыжайлардан 161,2 тонна өнім жиналыпты. Айта кетерлігі, ауданда 8 Наурыз мерекесіне арнап жылыжайда қызғалдақ өсіріп, баптап отырған жеке кәсіпкер де бар екен. Ауыл шаруашылығы саласында техниканың алатын орны ерекше. Оны жаңарту жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы аудан шаруа қожалықтарының күшімен жалпы 1 миллиард 136,2 миллион теңгеге 147 ауыл шаруашылығы техникасы алыныпты. Оның ішінде лизингпен бір комбайн, 13 трактор, 21 ауыл шаруашылығы техникасы алынса, шаруа қожалықтардың жеке қаржысы есебінен 21 трактор, 91 басқа техника алынған. Мал басында да өсім бар. Оған «Ауыл аманаты» жобасының да көп септігі тиген. Мәселен, бүгінде мүйізді ірі қара 51 308, қой-ешкі 341792, жылқы 24 881, түйе 42 басқа жеткен. Ал, үй құстары 403883-ті құрап отыр. Бүгінде ауданда 8700 басқа арналған 17 мал бордақылау алаңы, 13 тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Шаруа қожалықтарының күшімен 44556,3 тонна сүт, 7334,7 тонна ет, 62289,2 мың дана жұмыртқа өндірілген. Бүгінгі таңда олардың өнімі Тараз қаласында өткерілуде. – Президентіміздің қолдауымен басталған «Ауыл аманаты» жобасы аудандағы 6 ауылдық округте жүзеге асырылуда. Атап айтсам, бұл жобаға 2019 жылы Бесағаш, 2021 жылы Өрнек, 2022 жылы Қаракемер, 2023 жылы Айшабибі, Қарасу, Тоғызтарау ауылдық округтері енді. Бесағаш ауылдық округіне 5 бағыт бойынша 279 аулаға 1 миллиард 35 миллион теңге, Өрнек ауылдық округіндегі 89 аулаға 392 миллион теңге, Қаракемер ауылдық округіндегі 166 аулаға 990 миллион теңге, Айшабибі ауылдық округіндегі 125 аула 1 миллиард 8 миллион теңге, Қарасу ауылдық округіндегі 155 аула 863 миллион теңге, Тоғызтарау ауылдық округінде 78 аула 538,8 миллион теңгеге несие алып, жұмыстарын бастап кетті. Жоба аясында кәсіпкерлер қатары артып, тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған жобаларын жүзеге асыруда. Бұл өз кезегінде жобаның өміршеңдігін дәлелдеп отыр, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы. Құрылыс саласында да атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Мәселен, 2022 жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 10 миллиард 234 миллион теңгені құраса, ол өткен жылы 13 миллиард 179 миллион теңгеге жеткен. Былтыр аудан көлемінде бюджет қаражаты есебінен 4,4 миллиард теңгеге 36 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, 82,4 миллион теңгені құрайтын 20 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бүгінде Ақбұлым, Қаракемер ауылында мәдениет үйінің құрылысы, аудан орталығында музей, кітапхана, жастар сарайы, аспалы көпірдің құрылысы жүргізілуде. Ауданда былтыр атқарылған жұмыс мұнымен бітпейді. Мәселен, ауданда 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жүздеген адам тұрақты жұмыс орнына орналасқан. 134 километрді құрайтын ауылішілік жол жөндеуден өткізілген. 4 ауылға таза ауыз су жүйесі тартылып, 5 ауылдың ауыз су жүйесін қайта салуға қаражат қаралған. 9 ауылда 35 көше жарықтандырылған. Халықты табиғи отынмен қамту жұмыстары да қарқынды жүзеге асырылуда. Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда 42 ауылдың 38-і табиғи отынға қосылыпты. Ендігі кезекте қалып отырғаны 4 елді мекен. Олардың да мәселесі алдағы жылдары шешімін таппақ. Баспана мәселесі ауданда кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1632 адам тұрса, оның 115-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, 588-і әлеуметтік әлсіз топтағылар болса, 591-і көпбалалы отбасы, 338-і мемлекеттік қызметші. Бұдан бөлек, жер телімі кезегінде 19724 адам тұр. «2022 жылы Аса ауылындағы 811 азамат жер телімін алса, өткен жылы мұнда электр желісі тартылды. Бұдан бөлек, аудан орталығынан көпқабатты 4 тұрғын үй салу үшін орны анықталып, жобалық-сметалық құжаттары республикалық бюджетке жолданды. Тағы бір айта кететін жайт, 2021 жылы 6 ауылда кезектілікке сәйкес, ауыл азаматтарына жер телімі берілген болатын. Жер теліміне барлық инфрақұрылым тартылған, тек үй салу қажет. Әйтсе де, тұрғын үй салу жұмыстары баяу жүргізілуде», – дейді аудан әкімі. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыс та аз емес. Мәселен, былтыр Өрнек, Айшабибі амбулаториялық пункттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Жаңаөткел ауылында 5 келушіге және Шайқорық ауылында 45 келушіге арналған денсаулық нысандары бой көтерген. Ал, жекеменшік серіктестік негізінде Шайқорық ауылында отбасылық медициналық орталық ашылған. Биыл Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау, Қаратау ауылдарында медициналық пункттердің құрылысы басталмақ. Білім саласына да басты назар аударылып келеді. Алдыңғы жылы Айшабибі ауылында 300 орындық, былтыр Шоқай ауылында 150 орындық орта мектеп пайдалануға берілген. Енді биыл Бектөбе ауылында жекеменшік мектеп-гимназиясын ашу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Шайдана ауылына 150, Қостөбе ауылына 100 орындық білім ошағының құрылысын жүргізу жоспарланса, Бәйтерек ауылында жаңа мектеп салу үшін құжаттары реттелуде. Сондай-ақ, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылқайнар мен Ақбұлым ауылдарындағы мәдениет үйлерін пайдалануға беру жоспарлануда. – Жалпы, ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыс көп. Соның бірі – спорт нысандарының көптеп салынуы. Мәселен, өткен жылы Гродиково, Сұлутөр, Айшабибі елді мекендеріндегі спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл Өрнек, Қаракемер, Бесағаш ауылдарындағы әмбебап спорт кешендерінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Аса, Қаратау, Тоғызтарау, Қызылдихан, Түрксіб ауылдарында шағын футбол алаңдары салынса, Түрксіб ауылына 2 балалар ойын алаңы, Ш. Ниязбеков ауылындағы шағын футбол алаңы қоршалып, спорт алаңшасы абаттандырылды. Шайқорық, Тоғызтарау, Гродеково, Қапал ауылдарына балалар ойын алаңы игілікке беріліп, Жалпақтөбе, Сұлутөр ауылдарында шағын футбол алаңына жасанды төсем төселді. 2022 жылы Құмтиын, Қаракемер, Шайдана, Ақбұлым, Тастөбе, Ерназар ауылындағы шағын футбол алаңшаларына жасанды төсем төселсе, Танты, Бәйтерек ауылында шағын футбол алаңшасы салынды. Сонымен қатар, Аса ауылындағы көпқабатты тұрғын үй мен Бесағаш ауылына балаларға арналған ойын алаңшасы орнатылды, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ