Біз не көріп жүрміз?
Біз не көріп жүрміз?
Ақыл-ойы енді толысып, санасы ақырын ғана дамып келе жатқан индивидтің экран ішінде көрген оқиғалары оның шынайы өміріне айналады. Яғни, не көрді соны қайталайды. Қоғамды тек виртуалды әлем көзімен танығандықтан, адамдарға қарымқатынасы да дәл сондай болмақ. Әке-шешесі дегенін орындамаса агрессия көрсетіп, қолындағысын лақтыруға дайын балалар да бар. Ертеде қазақ атам «баланың ойнағанына қара» деп бекер айтпаса керек. Естеріңізде болсын, егер мультфильм сәтті таңдалмаса балаңыз рухани кедейлене түседі. Ол осы арқылы бойына дөрекелік, жалқаулық, менмендік қасиеттері жинала беріп, уақыты келгенде ауа толы шардай жарылады. Ендеше, «Балапан» телеарнасынан үзбей көретін «Питэр Пэн» мультфильміне талдау жасап көрейікші. Питэр – 13 жастағы ешқашан өспейтін жасөспірім бала. Ол Уэнди атты қызды інілерімен бірге Сағымдар еліне алып кету үшін Лонданға ұшып келеді. Түрлі шытырмандарға тап боп, қызықты оқиғаларды бастан кешеді. Иә, бұл бәріміз білетін қарапайым сюжет. Алайда, білмейтініміз де көп екен. Олай болса, бұл мультфильмді көрмеуге үш себеп айтайын. Біріншіден, Питэр қанша уақыт өтсе де ержетпейтін кейіпкер болғандықтан, үнемі ойын-сауықты жаны қалап тұрады. «Мәселе» сөзін естігісі келмейді. Мұны көрген балалар үлкендердің айтқанын орындай ма? Әрине, жоқ. Басына сәл қиындық түссе «Сағымдар елі» сияқты құпия жерге қашып кетуге асығады. Екіншіден, шектен шыққан бұзықтық. Бүлдіршіндерге жеке мүддесі үшін үлкендерге қарсы тұзақ құрып , сыйламауды қалыпты жағдай етіп көрсетеді. Үшіншіден, тым артық фантазия. Бұған әрқашан аяқтары жерге тимейтін кейіпкерлер, тозаңы таусылмайтын перизаттар, Пэн сияқты күні-түні ұйықтамайтын жеткіншектер дәлел бола алады. Ал сізге сұрақ, балаңызға «Питэр Пэн» мультфильмін көруге рұқсат бересіз бе? Зерттеулер нәтижесінде психикаға кері әсер ететін кейіпкерлердің басым көпшілігі шет елдерден шығады екен. Көшеде ойнап жүрген балалардан «Кімге ұқсағың келеді?» деп сұрасаң, олар міндетті түрде «Супермэн» немесе «Өрмекші адам» деп жауап береді. Ал, Қобыланды, Қабанбай сынды батырларға ұқсағысы келетін жан бар ма? Тіпті «Әкемнен үлгі аламын» деген бірде бір бала таппайсың. Мұны естіген әкелері де «Менің балам мықты» деп отыра береді. Тәрбиенің мульфильмнен емес, тал бесіктен екенін қашан ұғады екенбіз… Шыны керек, елімізде еліктеушілік пен тәуелділік белең алып барады. Қит етсе отандық арнадан мағынасыз хикаяларды көрсетуге дайын тұрамыз. Еңбектенуге ерінеміз. Әлгі Питэрге балалар емес, өзіміз ұқсап бара жатқандаймыз. Кезіндегі тарихи мән мағынасы бар дүиелерді қайта өңдеп экран алдына шығарсақ, 2 жастағы балаға дейін көрер ме еді, кім білсін? Екінші жағынан, дөңгеленген дүниеге дүрбі салмай жүрген ата-аналар, кінә сіздерден де бар. Құлақ тыныштығы үшін қолдарына телефон беріп қоямыз. Бірге көрмек түгілі, не көріп жатқанын білмейміз. Әлі тілі шықпаған сәбиге «Бу» деген ыммен сөйлейтін мультфильмді қосып береміз. Содан соң, тілі шықпай қалды деп дәрігерді кінәлайтын әке- шешелер де бар. Мульфильм әуелден тәрбиелік мағынасы бар сюжетке құрылған дүние болу керек. Ақылы жетілмеген сәби құндылықтар деген нәрсені біздің тілде түсінбегендіктен, осы мультфильмді ойлап тапқан. Ал, біз пендешілікке салып оны кәсіп көзіне айналдырып алдық. Бұл бізге керек пе, жоқ па қызық емес. Жұрттың баласы көрген сапасыз мультфильмді ертең сіздің де балаңыз көрмеуіне кім кепілдік бола алады? Ойланайық замандас!
Әсем АСЫЛБЕК,
журналист.