«Тараз» футбол клубының мәселесі назарда
«Тараз» футбол клубының мәселесі назарда
Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылы облыстың спорт саласының ағымдағы шығындарына 14,2 миллиард теңге бөлінген. Басқармаға қарасты спорт мекемелерінде 29 862 спортшымен тұрақты түрде 1122 жаттықтырушы жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда, облыста спорттың 83 түрі қамтылған. Бүгінгі таңда 805 облыс спортшысы түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командаларына мүше болып отыр. Облыс споршылары өткен жылы түрлі республикалық және халықаралық ресми жарыстарда 1 655 медальға ие болды. Оның ішінде 623 алтын, 480 күміс, 552 қола медаль бар. 2023 жылы өткен төртжылдықтың басты додасы саналатын Жазғы Азия және Пара Азия ойындарында облыс спортшылары жоғары орындардан көрініпті. Жоғарғы спорт жетістігіне жету үшін бұқаралық спорт саласында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың санын арттыру басты мақсат болып отыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 492,0 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 40,2 пайызына жеткен. Облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында 280 нұсқаушы штаттық бірліктері енгізіліп, жұмыс атқаруда. 2023 жылы 23 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп, 10 спорт нысаны қолданысқа беріліпті. Қалған 13 спорт кешенінің құрылысы 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Өткен жылы облыс спортшыларына қолдау көрсету мақсатында республикалық федерациялармен тығыз келіссөздер жүргізіліпті. Нәтижесінде үстел теннисі, ауыр атлетика, су спорты, семсерлесу, грек-рим, еркін және әйелдер күресі республикалық федерациялар тарапынан құны шамамен 50,0 миллион теңгені құрайтын құрал-жабдықтар өтеусіз негізде берілген. Қазақстан футбол федерациясы тарапынан Тараз қаласына заманауи үлгідегі футбол манежін салып беру жоспарлануда. Мұнан соң, жиынға қатысушы БАҚ өкілдері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері басқарма басшысына түрлі сұрақтар қойды. Атап айтқанда, олар «Тараз» футбол клубының ендігі тағдырына, Париж Олимпиадасына кімдер баратынына, спорттың кенжелеп қалған түрлері қашан дамитынына, бұқаралық спортқа аудан әкімдігінен бөлінетін қаржы көлеміне қалай бөліп жатқанына алаңдаулы екен. Басқарма басшысы барлық сұрақтарға жауап беріп, «Тараз» футбол клубының мәселесі сайттар арқылы көпшілік назарында болатынын, өзі кез келген мәселе бойынша ашық сөйлесуге дайын екенін айтты.
Есет ДОСАЛЫ