Тілі басқа болғанмен, тілегі бір
Тілі басқа болғанмен, тілегі бір
Салтанатты жиынды «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанынан құрылған «Достық» жастар театры Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» шығармасынан қойылым көрсетумен бастады. Онда тұтқындағы әйелдерге қазақ балалардың сырттан тас орнына құрт лақтырып, қара жұмысқа жегіліп, ашыққан адамдарды азықтандырғандары өте әсерлі сахналанды. 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне байланысты тақырыптық бейнеролик көрсетіліп, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының артистері «Халықтың алғысы – Ұлы марапат» атты театрландырылған қойылым ұсынды. Облыс жұртшылығын облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров құттықтап, 1 наурыз – тыныштық пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні екенін баса айтты. – Мемлекеттің барша халықтарының ұлтына, тіліне қарамай бір арнаға тоғысқан бірлігін көрсететін және адамдардың бір-біріне ризашылықтарын танытатын күн құтты болсын! Алғыс айту күні құрметтің, жанашырлықтың, достық пен халық бірлігінің символы болып саналады. Жерлестерімізге қоғамдағы белсенділіктері және бір-біріне деген қамқорлықтары үшін алғыс білдіруіміз керек. Өмірлік қиындықтар туындаған сәтте бір-біріне қамқорлық танытқан ұйымшылдығы, жанашырлығы мен ауызбіршілігі, қолынан келетін жақсылықтарын аямайтын ағайынның пейілі ортаймасын дегіміз келеді. Сондықтан бұл күнді қазақстандық патриотизм мен ынтымақ, бірлік пен достық жарасқан бейбіт күннің батырларына деген алғыс ақтарылар мереке десек болады. Әрқайсымыздың жүрегіміздегі Отанымызға деген мақтаныш пен махаббат ортаймасын! Әр отбасына бақ-береке, елімізге бейбіт өмір және табыс тілеймін! – деді Нұржан Сәбитұлы. Мерекелік кездесуде өз саласында еңбегімен елдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапатталды. Қатал шақта мейірбандық танытқан қазақ халқына деген өзге ұлт өкілдерінің алғысын «Ассамблея жастары» республикалық бірлестігінің жас мүшелері Отан, бірлік туралы өлеңдерімен жеткізді. Салтанатты жиын облысымыздағы этномәдени бірлестіктердің хореографиялық ансамбльдері мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның концертімен жалғасты. Мереке құрметіне «Достық» үйінде мұрағат материалдары мен фотосуреттерден көрме әзірленіп, көрнекіліктер қойылған «Архив», этностардың тарихы, қазақ жеріне қоныстануы туралы кітаптар орналасқан «Кітапхана» алаңдары қойылған. Осы жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық жобасы аясында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға «Қоржын» көмек көрсету акциясына бастау берілді. Ассамблея ардагерлері ізгі тілектерін жаудырды. Адамдар арасындағы мейірімді, жан жылуын, алғыс айту арқылы сыйластықты арттырар асыл қасиеттер көрініс беретін мерекені жамбылдықтар осылайша атап өтті. Найзағайдай күркіреп өткен кешегі күндердің зұлматты шақтары еске түсіріліп, бейбітшіліктің қадірін асырар ізгі іс-шаралар көш түзеді. Сол арқылы жас ұрпаққа тарихты таныта отырып, бойына патриоттық тәрбиені, биік адамгершілікті сіңіру көзделген атаулы күн өз дәрежесінде аталып өтті.
Қамар ҚАРАСАЕВА Суретті түсірген Юрий КИМ.