Әлеумет

Қиянат жасаған қыр аспайды

Қиянат жасаған қыр аспайды

Бір байдың дәулеті өте мол болыпты. Әсіресе қойы өте көп екен. Байға ерекше адал бір шопаны болады. Шопан әрдайым қойларды сауып, оның сүтін байға жеткізетін. Ал, бай болса көп сүттің үштен біріне су қосып, базарға сатқызады екен.

Бір күні шопан байға қарап «Ей, қожам, сүтке су қосып сатқаныңыз мұсылмандыққа қиянат қой. Алла сізге мол байлық берді. Сүтке су қоспай сатсаңыз да дәулетіңіз жетеді ғой, қиянат жасағаныңыз өзіңізге зиян болады. Осыны ойлаңыз», – деп ескертеді. Ал, бай болса шопанның кеңесін тыңдамай, пайданы көп түсіремін деп дүниеқоңыздыққа салынып, өз ісін одан ары жалғастыра береді. Сонымен, бірде шопаны қойларды саялау жерге иіріп өзі төбенің басында қисайып жатып ұйықтап қалады. Кенеттен қатты жаңбыр жауып, сел жүреді. Сол сел қойлардың бәрін ағызып алып кетеді. Шопанның қара басы байға келеді. «Сүт қайда?», – дейді бай. Сонда шопан: «Ей, қожам, менің айтқан ақылымды тыңдамадыңыз. Сіздің сүтке қосқан сулар жиылып, сел болып келді де, барлық қойды ағызып алып кетті», – дейді. Осылайша, тозаңдай жамандық бір әулетке орасан зиянын тигізді. Тағы бір мысал. Бір пенде ел аралап қайыр сұрап жүреді. Күндердің күнінде әлгі кісі бір үйден қайыр сұрайды. Әлгі үйдің шайпау әйелі «Осы қайыршылардан-ақ күйдім-ау, осыдан құтылайын» деп жауып жатқан нанына у қосып әлгіге екі шелпек береді. Қайыршы былай шыға бере ойнап жүрген балаларға тап болады. Олар қайыршыдан нан сұрайды. Ол қоржынындағы нанды балаларға бөліп береді. Соның ішінен әлгі әйелдің екі шелпегін жеген екі бала қайтыс болады. Сөйтсе, ол екі бала әлгі әйелдің балалары болып шығады. Міне, біреуге жасаймын деген қиянат әлгі әйелдің өз басына айналып келген екен. Өмірде қолдан келсе жақсылық жасағаннан артығы жоқ. Жасаған игі ісі адамның алдыңнан шықпай қоймайды.  

Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,

Жуалы ауданының

Құрметті азаматы