«Киберпол» интернет алаяқтарының жолын кеседі
«Киберпол» интернет алаяқтарының жолын кеседі
Облысымызда цифрлық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрес бойынша «Киберпол» арнайы тобының жедел желісі іске қосылып, көмек сұраушылар үшін 8-7262-99-74-56 нөмірі қызмет көрсететін болды. Ғаламтордағы алаяқтың арбауына түскен тұрғындар аталған телефон нөміріне қоңырау шалу арқылы көмек сұрай алады. Тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер алаяқтардың құрбаны болған адамдарға қандай әрекеттер жасау керектігін толығымен түсіндіріп, екінші деңгейлі банктермен байланысуға және шотты бұғаттауға жәрдемдеседі. Хабарласқан азаматтарға алаяқтықтың жаңа түрлері туралы да айтылатын болады. Бөлімнің цифрлық зертханасы қызметкерлерге бір мезгілде барлық қажетті жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, қылмыстардың көпшілігі тауарлық және ақшалай несиелерді рәсімдеумен байланысты. Таяуда жедел уәкілдер 21 жастағы күдіктіні ұстады. Ол 45 жастағы тұрғынға банктің мобильдік қосымшасы арқылы 800 мың теңге сомасына тұтынушылық несие ресімдеу арқылы қолма-қол ақша шығарып беруге уәде берген. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА