Әулие ата һәм ұлы жырау
Әулие ата һәм ұлы жырау
Мәскеуден келе жатқан ақын бұл хабарды естіп, пойыз қазіргі Тараз қаласындағы бекетке тоқтағанда, жыр алыбы Әулие ата рухынан кешірім сұрап, оған тәу еткен дейді. Аңызға бергісіз бұл әңгіме ұлы тарихтың парақтарында алтын әріппен жазылып қалды. Дәл осы сәтті ақын Асқар Тоқмағамбетов «Жадымда қалғандар» атты естелігінде баяндайды. Ол Мәскеуге Жамбыл ақынмен бірге барғанын, Мұхтар Әуезов бастаған бірқатар қаламгерлермен сол жақта болғанын айта келіп, ел аузындағы осы бір әңгімені нақтылай түседі. «Пойыз Жамбыл станциясына тоқтағанда, одеялын жамылып жатып алды. «Жарықтық Әулие ата, атыңды мен тартып алғаным жоқ, халық солай атады», деп Әулие атаның алдында айыпты адамдай жатып қалды. Тек Алматыға жақындағанда барып орнынан көтерілді», дейді. Осы оқиға болған сол 1939 жылы қазіргі Жамбыл облысы құрылды. Ал, көне шаһар Тараздан да Мирзоян аты алынып, облыс орталығына да жыр алыбының есімі берілді. Тек 1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ежелгі Тараз атауы қайтарылып, Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы болып бекітілгені тарихтан белгілі. Тарихи Тараз қаласы ХVІІІ және ХХ ғасырлардың аралығында Әулиеата деп аталған. Талай қиын-қыстау кезеңді бастан кешірген шаһар 1864 жылға дейін қоқан хандығына қараған. Қазақ халқының басындағы осы бір ауыр хал Жамбыл шығармашылығында да көрініс тапты. Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім, Қамыққан, қанды жасты жанды көрдім. Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім, Қойнында Алатаудың зарды көрдім, – деген өлең жолдарында да халықтың сол кездегі зары, қайғы-қасіреті жатыр. Жамбыл шығармаларындағы қоқан хандығының езгісі, 1916 жылғы патша жарлығы, аштық қасіреті, соғыс зардабы да айналып келгенде адамның, ұлттың тағдырын жырлаған туындылар болатын. Жасынан туған топырағының қасиеті мен киесін санасына сіңіріп, болмысына жинап өскен ақынның қазақтың ұлы даласында өмір сүрген алыптармен рухтас болуы да заңдылық еді. Ол өзі аруағынан кешірім сұраған Әулиеатаның кім екенін білді ма, жоқ па, әңгіме онда емес. Бірақ «Атыңнан айналайын Әулиеата» деп тебіренгенін қазақ даласындағы ұлылыққа, тектілікке тәу еткен, рухани құбылыстарына дұға жасаған алғаусыз көңілі деп түсінуге болады. Бұл орайда, көптің көкейінде негізінен Әулие ата кім болған деген сауалдың тұратыны түсінікті. Тасқа басылған, зерделенген деректер негізінде еліміздегі ғалымдар бұл сауалдарға да жауап беріп келеді. Негізінен тарихи деректерде де, ғалымдардың еңбектерінде де Әулие атаның Қарахан хандығының негізін қалаушы Сатұқ Бұғра Қарахан екені айтылады. Ал, ежелгі Тараз қаласының Қарахан дәуірінде өзгеше өрнек алып, бөлек қалыпқа түскені тарихтан белгілі. Жамал Қаршидың деректеріне сүйенсек, Сатұқ Қарахан әкесінен жастай жетім қалып, балалық шағын Қашқарда өткізеді. Аңыз бойынша ол түс көріп, түсіне бір абыз ақсақал кіріп оған «Ислам дінін қабылда, сонда мұратыңа жетесің», деп аян берген деседі. Қалай болғанда да жұрт жадында даналықтың, ізгіліктің символы болып қалған Әулие атаның елге қадірлі, жұртқа сыйлы кісі болғаны даусыз. Ал, нақты оның кім болғанын анықтау, болмаса дәлелді ғылыми пікірлер келтіру зерттеуші ғалымдардың еншісіндегі дүние. Бұл күнде Тараз қаласының орталығында орналасқан Қарахан кесенесі қазақ даласындағы теңдесі жоқ сәулет өнерінің бірінен саналады. Жұртшылық оны әулие санап, рухына тәу етіп, есімін қадір тұтып келеді. Ұлы тұлғаның бәрі ұлтқа ортақ. Жамбыл Жабаев сияқты жыр алыбын бір өңірге ғана телуге болмайды. Ұлы жыраудың өзі «Менің өмірім» деген өлеңінде: Қақаған қар аралас соғып боран, Ел үрей, көк найзалы жау торыған. Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан, – деп жырлайды. Әулиеата өңірінде Хан және Жамбыл деген таулар бар. Бұл жерлер Мойынқұм ауданының аумағында орналасқан. Тасын түртсең тарихы төгіліп қоя беретін таулардың бойындағы бұла күш, тағылымды сыр ықылымнан бері талайды таңырқатып келеді. Ғалым Сәйден Жолдасбаев өзінің «Жетісу тарихы» деген еңбегінде осы Хан тауын зерттейді. Нәтижесінде «Хан сатысы», «Хан қорасы», «Хан оры» деген тарихи орындарды ашып, ғылыми айналымға енгізеді. Ғалым өз байламында бұл атаулардың барлығын да бүгінгі Шу және Мойынқұм аудандарының алқабындағы Қозыбасы даласында қазақ хандығын құрған Керей және Жәнібек хандармен байланыстырады. Тіпті, ел ішінде Керей хан осы Хан тауында жерленген деген де аңыз бар. Тарихшылардың айтуынша, Хан тауындағы ежелгі орындардың барлығы да әр замандарда жауды бақылап отыру үшін пайда болған делінеді. Ал, қоқан хандығының қыспағына шыдамай, жауға қарсы шапқан батырлардың бірі Ерназарұлы хан Жамбыл екені айтылады. Заманында хан Жамбыл мен Байғара қоқанға алым-салық төлеуден бас тартады. Сөйтіп, қоқанмен қырқысып, ақыры елмен бірге қарт Қаратаудың бойынан қазақтың ежелгі атақонысының бірі Шу, Мойынқұм аумағына қарай көшкен екен. Ел ішіндегі әңгімелер бойынша Жамбыл бабамыз айтып отырған Байғара, Жамбыл таулары осы кісілердің атымен аталған дейді. Енді бір деректерде таудың төбесінде жамбы тектес тастар болғандықтан, тау солай аталған деседі. Ертеде қазақтар жамбыны аса қадірлі қонаққа сыйға тартқан немесе жарыста озып келген тұлпардың бәйгесіне тіккен екен. Сондай-ақ, қарсыласын жеңген балуанға да, аламанда аты озған ақынға да жамбы тартылған деседі. Бәрібір жыр алыбының кіндік қаны тамған, өзі жырға қосқан өлкенің тегін еместігі аңғарылады. Кезінде Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған ақын Тайыр Жароков «Дарын табиғаты» деген естелігінде: «1937 жылдың күзінде біз Москваға бара жаттық. Жәкең пойыздың үстінде, доңғалақтың бірқалыпты тықылдағанын тыңдай отырып, әңгімесін жол-жөнекей шерте берді», деп жаза келіп, одан ары ақынның «Мен 1846 жылы Шу өзенінің маңындағы Жамбыл деген таудың етегінде қарлы қыста, қақаған аязда туыппын», дегенін келтіреді. Сол Шу өзенінің маңы көрші Мойынқұм ауданындағы Хан, Жамбыл, Байғара тауларымен жапсарлас жатқан аймақ. Бұл да қазақ даласындағы қасиетті, киелі жерлердің бірі. Жамбыл Жабаевтың қазақ жырындағы елеулі құбылыс екені даусыз. Қазақтың қанына сіңген, рухында атой салған қара өлеңнің құдіретін өз заманында елге танытты, насихаттады. Дегенмен, ұлы жыраудың талантын пайдаланып, сол кездегі жүйенің сойылын соқтырып, сөзін сөйлеткен кездердің болғаны да тарихтан белгілі. Мұны ақынның кейбір өлеңдерінің өзі айтып тұр. Жазушы Ғабит Мүсірепов кейіннен «Феномен-Феникс» деген естелігінде де осы бір жайға тоқталып өтеді. «Әрбір бастаманың жарық жағы да, көлеңке жағы да болады. Жамбылмен жұмыс істесулерімізде де кемшіліктер болуы мүмкін. Көбінесе орталық газеттердің заказымен айтылған өлеңдерден Жәкеңнің шаршаған кездері де болды. Жасы әбден жеткен қарттың аздап тынығуына да мұрша бермеген шығармыз. Оның бұрынғы өз бетімен, ел аралап жүріп айтатын жырларына уақыт тарылған шығар. Көптеген ескі жырларын түгел алып қала алмаған шығармыз», деген өкінішін жеткізеді. Бірақ, бұл жерде Жамбыл тек сол кездегі жүйенің айтқанын ғана жырлады деген ой тумауы керек. Оның кенен дарыны қазақ даласындағы әрбір оқиғаға үн қосып отырды. Халықтың теңдік, бостандық мәселелерін көтерді. Дегенмен, уақыт бір орнында тұрмайды. Уақыт өткен сайын ұлы жыраудың рухани болмысы толысып, өлеңдеріндегі өрлік пен ерлік қайта жаңғырады. Әрбір буынмен бірге Жамбылдың жаңа дәуірі туады. Жыраудың өзі «Қайта келген жастық» деген өлеңінде: Жамбылдың ардақталып бұлбұл сөзі, Гауһардай нұрын төккен екі көзі. Тоқсанда қайтып алып жиырма бесті, Жасарып қарт бабаңның тұрған кезі! – деген жоқ па?!. Жыр алыбының жаңа дәуірі ақынды жаңа шығармашылық қырынан танытуда. Кезінде өзі «Атыңнан айналайын Әулие ата» деп рухына бас иген Жамбыл бабамыз да бүгінде әулиеліктің, кемелдіктің көркем кеңістігі ретінде ұрпақ жадында сақталды. Өзі де Әулие атаға айналып, абыз дәрежесіне көтерілді.
Хамит ЕСАМАН