Еңбеккер іздесеңіз, «enbek.kz» көмектеседі
Еңбеккер іздесеңіз, «enbek.kz» көмектеседі
Жақында ғана облыстағы оқу орындарының биыл диплом алатын студенттер үшін облыстық еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырған «Жастар және еңбек нарығы» атты конференцияда орталық директоры Серік Әлібеков те бұл жөнінде түсіндіріп өтті. – Еліміздегі еңбек нарығы белсенді түрде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен айтарлықтай істерді жүзеге асырып, адам өмірінің барлық салаларын қамтып келеді. Enbek.kz электронды еңбек биржасы – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің басын қосатын бірыңғай цифрлық экожүйе, ыңғайлы әрі оңай заманауи құрал. Бүгінгі таңда платформада түрлі пайдалы алаң біріктірілген. Атап айтар болсақ, enbek.kz жұмысқа орналастыру порталы, skills.enbek.kz – онлайн оқыту платформасы, business.enbek.kz – кәсіпкерлік бастамалардың бірыңғай терезесі және hr.enbek.kz – еңбек ресурстары порталы. Барлық портал өзара біріктірілген, соның арқасында пайдаланушылар аталған алаңдарға бір рет тіркеуден өтіп, кіре алады. Порталда тіркелу арқылы түйіндеме орналастыруға, ал жұмыс берушіге бос орын туралы хабарлама қалдыруға, сұхбатқа шақырту алып, жұмысқа орналасуға немесе жұмыс орнын ұсынуға мүмкіндіктер бар. Бүгінгі таңда жастар еnbek.kz порталына түйіндемесін орналастырып, тұрақты және уақытша жұмыс орындарына өтінім жіберіп, жұмысқа орналаса алады. Жұмыссыз ретінде тіркелудің онлайн мүмкіндіктері барынша қамтылған. Ол үшін міндетті түрде жұмыссыз адам ЭЦҚ-мен еnbek.kz-те жеке кабинетін ашып, жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, 3 жұмыс күні ішінде автоматты түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Одан кейін жұмыспен қамтуды қолдаудың мемлекеттік шараларын таңдай алады. Қызмет жолын енді бастайтын еңбек өтілі жоқ жас түлектер жастарға арналған уақытша жұмыс орындарына жолдана алады. Бұл цифрлы экожүйе азаматтарды мамандық таңдаудан бастап, жұмыс берушімен еңбек шартын ресімдеуге дейін сүйемелдеп келеді, – дейді Серік Айдарұлы. Жастардың оқу бітіре сала жұмыс іздейтіні белгілі. Тәжірибесі жоқ, әлі еңбек нарығын көрмеген жас мамандарға жұмыс жылдам табыла қоймайтыны тағы бар. Бұл тығырықтан шығуға ел Президентінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны» және «Күміс жас» секілді бағдарламалар септігін тигізеді. Бұл бағдарламаға қатысу жолдарын орталық басшысынан сұраған едік: – Жастар практикасына арналған жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған мамандығына сәйкес болуы тиіс. Жастар практикасына оқуды аяқтағаннан кейін 5 жыл ішінде 35 жастан аспаған жұмыссыз ретінде тіркелген жұмыссыздар жіберіледі. Жастар практикасының ұзақтығы 12 айдан аспайды, айына жалақы мөлшері кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Яғни, биыл бұл 110 760 теңге мөлшерінде болып отыр. Жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарына жүгіну қажет. Биыл жастар практикасына облыс бойынша 363 жас жұмысқа жолданды. Қазіргі таңда облыста 2754 бос жұмыс орны бар. Оның ішінде 586 бос жұмыс орны Тараз қаласында. Олар білім, медицина, экономика, техникалық, ауылшаруашылық, IT, инженерия және сәулет саласындағы мамандарға арналған. Ал, «Алғашқы жұмыс орны» жобасының шеңберіндегі жұмыс орындары еңбек жолын енді бастайтын жұмыссыздарға жұмыс орнын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған жоба. Оған қатысушының жасы 35-тен аспаған, жұмыс тәжірибесі жоқ, жұмыссыз ретінде тіркелген болуы керек. Қатысу мерзімі 18 айдан аспайды, айына жалақы мөлшері кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. Биылғы есептеулер бойынша ол 110 760 теңге. Бұл жоба бойынша биыл облыста 88 жас жұмысқа жолданды. Қазіргі уақытта облыс аумағында аталған жобаға лайық 792 бос жұмыс орны бар. Оның ішінде 187-сі Тараз қаласында. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасының шеңберіндегі жұмыс орындары 3 жыл ішінде оқуын аяқтаған және 35 жастан аспаған оқу орындарының түлектеріне арналады. Ол зейнеткерлік жасқа толған, жұмыс істеп жүрген жұмыскерді алмастыруға арналған жоба. Қатысу мерзімі 6 айдан аспайды, айына жалақы мөлшері кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни биыл бұл 110 760 теңге. Бұл жобамен қазіргі таңда облыста 23 бос жұмыс орны бар. Оның ішінде үшеуі Тараз қаласында. Түлектердің көпшілігі тәжірибеден өткен ұйымда жұмыс істеуге қалады. Көп нәрсе үміткердің өзіне байланысты. Егер жас түлек тәжірибе барысында өзінің қабілетін танытып, жұмысқа тез кірісіп кете алған болса, сол тәжірибе алған мекемеде тұрақты жұмысқа бос жұмыс орын пайда болған сәтте оған тұрақты қызметкер ретінде қалу ұсынылады. Дәл осылай тұрақты жұмысқа орналасқан жастар аз емес, – дейді орталық директоры Серік Әлібеков. Бүгінде облысымызда 20093 жұмыссыз азамат тіркелген. Оларды меңгерген мамандығына, еңбек қабілетіне және жасына қарай тиісінше бағдарламалармен жұмысқа орналастыру шаралары күн сайын жүргізіліп келеді. Цифрландырудың тағы бір пайдасы – электронды еңбек шарттарын енгізу арқылы азаматтардың жұмысқа орналасу процесін де жеңілдеткен. Себебі, жеке іс автоматты түрде жасалады, қағаздарды жинау қажеттілігі туындамайды. Электронды еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі жұмыс берушіге жұмысшы туралы, оның білімі, жұмыс өтілі жайында толық және шынайы ақпарат алуына көмектеседі. Оны жасау үшін жұмыс беруші кәсіпкер еnbek.kz порталына кіріп, кәсіпорын туралы мәліметтерді ЭЦҚ арқылы растап, тіркейді. Одан соң авторизациядан өтіп, «Еңбек шарты» деген батырманы басады. Шыққан терезеге қызметкер туралы мәліметтерді жазады. Портал автоматты түрде толтыратын тұстарды шығарып береді. Содан кейін жүйе енгізілген деректерді өңдеп, мемлекеттік органдарда тіркелгені туралы ақпаратты сұратып, жұмыс берушіге қызметкердің жеке іс-қағазын цифрлық форматта жасап береді. Одан соң дайын шаблонға сәйкес портал еңбек шартының дайын макетін әзірлейді. Қандай да бір өзгеріс енгізу керек болса, алып-қосуға болады. Электронды еңбек шартын кәсіпорын өзінің цифрлық құжаттар мұрағаты сақталатын жүйесінде де жасауына болады. Әдетте, кейбір адамдар еңбек кітапшасын жоғалтып алып, әр жұмыс орнына барып, қалпына келтіріп әуреге түсетін. Енді цифрландырылған құжаттар ондай әуре-сарсаңға түсірмейді, барлық мәлімет электронды түрде сақталады. Айта кетейік, ЭЕБ сервисімен «eGov mobile» мобильді қосымшасында да қолдануға болады. ЭЕБ-мен жұмыс және қызметкерлерді іздеу жылдам, ыңғайлы және оңай.
Қамар ҚАРАСАЕВА