Әлеумет

Еңбегімен еңселі елді мекен

Еңбегімен еңселі елді мекен

Еңбекпен еңсесін көтерген ауылдардың бірі – Қордай ауданындағы Ауқатты ауылы. Олай дейтініміз, мұндағы жұрт Жер-Ананың бабын тауып, берекелі табысқа қол жеткізіп отыр. Айталық, ауылда жалпы 30312 гектар жер болса, 7303 гектары егістік, 3534 гектары суармалы, 3769 гектары айдалмалы жер. Ал, төрт түліктің жайылымына 22095 гектар жер арналған. Бұл округте 5667 мүйізді ірі қара, 26513 ұсақ мал және 1300 жылқы, 5120 құс бар.

Ауқатты, Қызылсай, Бәйтерек елді мекендері біріккен округте 9022 тұрғын қоныстанған. Аула саны 1388-ді құрайды. Өткен жылы 66 миллион теңгеге 3 ауыл шаруашылығы бағытындағы инвестициялық жоба жоспарға сәйкес жүзеге асырылыпты. Олардың бірі «Құрылысшы» шаруа қожалығы «КазАгроФинанс» корпорациясы арқылы 12,7 миллион теңгеге «Беларус-892» тракторын лизингке сатып алса, «Алишер» шаруа қожалығы «КазАгроФинанс» корпорациясы арқылы 23,2 миллион теңгеге «ZoomLion RS1304» тракторын лизингке алған. Ал, «Ауқаттылық» шаруа қожалығы жеке қаражатына құны 30,1 миллион теңгені құрайтын 60 гектар егістік жерге тамшылатып суғару жүйесін сатып алып орнатқан. Өткен жылы 3919 гектар жерге жаздық арпа себіліп, 36 мың тонна өнім алынған және 126 гектар жерге жүгері себіліп, 14112 тонна өнім орылыпты. Картоп 181 гектарға, көкөністер 380 гектарға және 2200 гектарға көпжылдық шөп егіліпті. 2023 жылы округтің шаруа қожалықтары облыстық және аудандық деңгейде ұйымдастырылған 6 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып, 3,4 тонна өнімдерін сатылымға шығарған. – Ауқатты ауылында орналасқан бояу шығаратын «Азия Ирбис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2023 жылы жалпы 65,9 миллион теңгеге өнім шығарып, жергілікті 18 азаматты жұмыспен қамтыды. Атап айтқанда, 26427 майлы бояу, 22713 баллон спрей бояуы, 14300 баллон карб тазартқыш, 28808 газ шашыратқыш өндірілді. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жоспарланған 5 азаматтың орнына 8 азамат жастар тәжірибесінен өтті. Округ бойынша 1288 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде қоғамдық жұмысшылар 56 адам, спорттық сауықтыру кешенінде 22 адам, жеке инвестициялық жобалар аясында 50 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 5 азамат мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін ашты. Жайылым жер мәселесіне тоқталар болсам, Ауқатты ауылдық округіндегі елді мекеннің жайылым жер көлемі 1055 гектарды құрап, қолда бар малдың басына шаққанда 1945 гектар жайылым жетіспеушілігі анықталды. Бұл мәселе бойынша қазіргі таңда 5 бағытта жұмыс атқарылуда. Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекке қайырылған 11 отбасының 58 адамына 3,3 миллион теңгеге әлеуметтік көмек тағайындалды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас аралығындағы әр балаға қосымша 600 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Өмірлік қиын жағдайға ұшыраған 10 адамға 3,5 миллион теңгеге көмек көрсетілді. Сонымен қатар, өткен жылы ауылдық округтің белсенді азаматтары тарапынан отбасылық тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына 1,8 миллион теңгеге түрлі қайырымдылық көмектер көрсетілді, – дейді ауыл әкімі Алмас Иенберген. Алмас Білімұлының айтуынша, өткен жылы ауылда спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Кешен ашылғалы бері 35 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 1500-ден астам адам қамтылыпты. Ауыл тұрғындары бекітілген кестеге сәйкес кикбоксинг, қазақша күрес, волейбол, футбол, ауыр атлетика, теннис үстелімен тұрақты түрде шұғылданады. Өткен жылы округтің Бәйтерек ауылында 150 орындық мектептің құрылысы басталған, биыл аяқталып, оқушыларға есігін ашпақ. Округтің Ауқатты елді мекені 79,3 пайыз, Қызылсай 49 пайыз көгілдір отынмен қамтылған. Ал, Бәйтерекке табиғи газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сатып алу порталына жарияланыпты. Ауыз су әлі жетпеген Бәйтерек ауылына су тарту құрылыстарын, су құбыры желісін және сервистік желісінің құрылысына тиісті қаражат өткен жылы бөлініп, жұмыстар басталған. Ал, Қызылсай ауылын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған соң қаражат қарастырылып, жұмыстарын биыл бастау жоспарланыпты. – Өздеріңізге белгілі, былтыр вегетациялық кезеңде бірқатар шаруаларға суармалы судың тиісті көлемде жетпей қалу деректері орын алған. Осы мәселені шешу үшін Қызылсай ауылынан су тоспасын салу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда ауылдық округ әкімдігі тарапынан 40 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынды. Ендігі кезекте жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін жер телімі облыстық құрылыс басқармасына өткізілуде, – дейді ауыл әкімі Алмас Иенберген. Ауқаттылықтар тынымсыз еңбектенумен ауылының әлеуетін көтеріп отыр. Бірлесе атқарар жұмыстарын ары қарай жалғастыра бермек.  

Қордай ауданы

 Қамар ҚАРАСАЕВА.