Жаңалықтар

Сессияда адам құқықтары сөз болды

Сессияда адам құқықтары сөз болды

Мүгедектігі бар балалар мен ересектердің құқығын қорғау, терроризммен күрес кезінде кісі құқығын сақтау, азаптаудың алдын алу, мәдени және әлеуметтік құқықты қорғау, міне, осы мәселелер сейсенбіде Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 55-сессиясында талқыға түсті. Оған Қазақстан делегациясы да қатысып, Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу халықаралық қауымдастыққа еліміздің құқық қорғау бағытында қол жеткізген ілкімді істері туралы айтып берді.

Сарапшылар қазір әлемде 50-ден астам қарулы қақтығыс ошағы барын айтады. Оларда адам құқығы аяусыз тапталып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің кезекті сессиясында осы соғыстардың ауыр зардабы талқыланып, геосаяси текетірестің экономикалық тұрақсыздық тудыратыны басты назарға алынды. «Жер бетіндегі береке адамның азаматтық, мәдени, экономикалық, саяси, әлеуметтік сияқты барлық құқықтарына толық құрмет көрсетуден басталады. Бұл мәселеде екіжүзділік жүрмейді! Адам хақы сақталғанда ғана бейбітшілік орнайды. Мен Адам құқықтары жөніндегі кеңестің айрықша орнын жоғары бағалаймын», – деді БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағдарламасы ауқымды демократиялық үрдістерді бастап берді. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері Қазақстан қабылдаған реформалардың төртінші кезеңін айрықша бағалайды. Конституциялық сот құру, омбудсмен институтын күшейту сияқты өзгерістер қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға, құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға көмектесуі керек», – деді Сыртқы істер минисрі Мұрат Нұртілеу.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.