Мәдениет

Жыр алыбына құрмет

Жыр алыбына құрмет

28 ақпан – ХХ ғасырдың Гомері атанған ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың туған күні. Биыл ақынның туғанына 178 жыл толып отыр. Осы күні ақынның атын алған өңірде жыр алыбының рухына айрықша құрмет көрсетіліп, тағзым жасалады.

Ақынның туған күніне орай, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Сондай-ақ, гүл қою рәсіміне өңірдің зиялы қауым өкілдері мен ардагерлері қатысты. «Атыңнан айналайын, Әулиеата, атыңды мен алды деп болма қапа» деп өзі жырлағандай, өңір жұртшылығы үшін Жамбылдың есімі қашанда ерек. Облыста көптеген нысанға ақынның есімі берілген. Мәселен, шаһардың ортасында шайырдың бай шығармашылық мұрасын зерттеумен айналысатын «Жамбылтану» орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, №5 орта мектеп ақынның атын асқақтатып келеді. Одан бөлек, шаһардағы тоғыз жолдың торабы болған ең үлкен даңғыл да ақынның ардақты атын арқалап тұр. Ұлт руханиятының айнасы болған Жамбыл мұрасын зерттеуге өңірде айрықша назар аударылған. Бір ғана «Жамбылтану» орталығы бұл міндетті өз деңгейінде атқаруда. Ғасыр жасаған абыздың ғұмыры қазақ халқының небір зұлматты шақтарымен тұспа-тұс келеді. Соған қарамастан шайыр жыраулық дәстүрдің мирасқоры ретінде қазақтың төл әдебиетінде, айтыс өнерінде өзіндік соқпағын қалдырды. Бүгінде ұлы тұлғаның есімі қазақ даласына ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де танымал. Шығармалары көзі тірісінде тек қазақ жерінде ғана емес, Югославия, Словакия, Румынияда басылғаны тарихтан мәлім. Өз заманында кеңес ақындарының арасында ең көп аударылған ақын ретінде тарих беттерінде есімі әйгіленіп тұр.  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ