Әлеумет

Еңбегі ұрпаққа аманат

Еңбегі ұрпаққа аманат

«Жеңіс» саябағындағы «Даңқ» залында облыстың құрметті ардагері Әлі Бекқұлының 80 жылдық мерейтойына арналған еркін форматтағы кездесу өтті. Іс-шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Еркінбек Солтыбаев алғашқы болып сөз алып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің атынан мерейтой иесіне арналған құттықтау хатын табыс етті.

– Саналы ғұмырын есімі еленбеген ерлер мен майданда қаза тапқандардың деректерін танытуға арнап, бүгінде 80нің сеңгіріне шыққан ардагердің ертеңгі ұрпаққа берері мол. Әлі де тың, қуатты азаматқа еңбегіңіз табысты болсын демекпіз. Халыққа қалтқысыз еткен қызметінің нәтижесін бүгінде мұражайға жолдап отыр. Осындай ерен еңбегімен танылған ердің алдағы уақытта да елеулі ғұмыр кешуіне тілектеспіз, – деді Еркінбек Солтыбаев. Әлі Бекқұлы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында 1944 жылы дүниеге келген. Орта мектепті 1961 жылы бітірген. 1961-1963 жылдары теміржолшы болып жұмыс істеп, 1963-1966 жылдары әскери міндетін өтеген. 1967-1985 жылдары Қаныш Сәтбаев мектебінің әскери дайындық пәнінің жетекшісі болып еңбек еткен. Ал 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. Тарихшы 1981 жылы Брест қорғанысына қатысқандардың қамал мұражайынан 120 жамбылдық жауынгердің тізімін алып, деректеу мақсатында қызыл ізшілердің «Долг» атты жасағын құрған. Сол жылы тамызда Мәскеу-Гомель-Минск-Брестке оқушыларын апарып, 28 жауынгердің деректерін қамал мұражайына тапсырған. 2011 жылға дейін іздеу, деректеу нәтижесінде Брестте соғысқан 126 жауынгердің 76-сының тағдырын, мекенін анықтаған. Олардың мәліметтері 2015 жылы шыққан «Брестская крепость. Казахстан» кітабына, өзінің 2019 жылы шығарған «Парыз» атты кітабына енген. – Тарих беттерінен орын алған оқиғаларды зерттеп, саралап, ерлердің есімін ұлықтауды мақсат тұтып, ұрпаққа қажет түрлі ақпараттарды болашаққа жеткізу жолында барымды салдым. 2016 жылы Брест қорғанысының 75 жылдығына қамалда соғысқандардың 10 ұрпағын ұйымдастырып, Минск-Хатынь-БеловежьеБрестке апардым. Делегациямыз көк байрағымызды, «Жамбылцы защитники Брестской крепости» транспорантын, қорғаушылар портреттерін көтеріп, қаладағы шеруге, қамалдағы митингке қатысты. Бұдан өзге де түрлі деректерге қол жеткіздім. Ұлы Отан соғысы жауынгерлерін деректеуді әлі де жалғастырамын. 2024 жылы 223 жауынгердің дерегін, «қара қағазын» Ресейге жіберуге дайындап жатырмын. Бүгінгі таңда 3 қыз, 5 ұлдың әкесі атанып, 31 немере, 7 шөбере сүйдім. Сан жылдардың тізбегінде жинақтаған түрлі деректерім, қажетті құжаттар мен құралдар ұрпаққа аманат, – деді өз сөзінде мерейтой иесі. Әлі Әліұлы 1985-1995 жылдары Каменка орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Еңбегі еленіп, 1985 жылы облыстық өлкетану слетында «Жамбылдық қамал қорғаушылар» деректеуімен I-ші орын иеленсе, 1986 жылы республикалық өлкетанушылар слетында «Долг» тобы жеңімпаз атанған. Сол жылы тамыз айында Владивостоктағы Бүкілодақтық слетте лауреат атанған. Өлкетанушылармен бірге аймақтағы ортағасырлық Қарақыстақ қалашығын, Мөңке керуен сарайын, бекеттің және мекен тұрақтардың жүздеген қорған-обаларын зерттеп картаға түсірген. Т арихта із қалдырып, ізденіс, зерттеуін бір сәт те тоқтатпай, 1870 жылы негізі қаланған Каменка селосының, 1880 жылғы кеңсе, пошта үйінің, 1897 жылы ашылған шіркеу-приходтық 2 жылдық мектептің, 1930 жылы құрылған колхоздың, Ұлы Отан соғысы майдангерлердің өмірдеректері мен археологиялық жәдігерлерді зерттеп, өлкетану мұражайын жасаған. Одан бөлек, 2013 жылы Петербор, Ленинград, Новгород облыстарына сапарлап қаза тапқан жамбылдық жауынгерлер тізіміндегі «қара қағаздарды» табыстағанының нәтижесінде 2014 жылы Петерборда 36, Ленинград облысында 63, Новгородта 245 жауынгер есімі ескерткіштерге жазылуына септігі тиген. Ұлы Отан соғысы жайлы деректі фильм көрсетіліп, жиналғандар фильмнен алған әсерімен бөлісті. Кеш соңында Әлі Бекқұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза тапқан жамбылдық жауынгерлер жайлы жинақталған жәдігерлерді «Даңқ» залындағы мұражайына табыс етті.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ