Саясат

БҰЛ – БІЗДІҢ БАҒЫМЫЗ

БҰЛ – БІЗДІҢ БАҒЫМЫЗ

26Михаил Фрид, Талас ауданының Құрметті азаматы.

  Бүгіндері 80-ге аяқ бастым. Бар ғұмырым Қазақ елінде өтті. Оның жарты ғасырға жуық уақытын кеншілер қаласы Қаратаудың өсіп-өркендеуіне жұмсадым. Қазақ политехникалық институтын бітіріп келген күннен бастап Қаратау тау-кен химия комбинатында учаске, кеніш инженерлігінің, алып кәсіпорынның тізгінін ұзақ уақыт ұстадым.

Әрине қазіргі «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенін ол тұстағы алып комбинатпен салыстыруға келмейді. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары кен өндіруде әлемде жетекші орынға шыққан комбинатта 25-30 мыңға дейін кенші еңбек етті. Аз жылдың ішінде Қаратау және Жаңатас сияқты әдемі қалалар бой көтерді. Өндіріс пен қаланың өсіп-өркендеуіне КСРО сияқты алып мемлекеттің басшылары да аз қамқорлық жасаған жоқ. Д.А.Қонаевтан бастап, сала басшылары комбинатқа талай мәрте келіп, ақыл-кеңестерін, нақты көмектерін берді. Сол кезде Қазақстан Үкіметін басқарған, бүгінгі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың да шапағатын көрдік. Әлемге әйгілі комбинатта 80-ге тарта ұлт пен ұлыстың өкілдері еңбек етті. Олардың көбі қазір ортамызда жоқ. Алайда, қаланың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан А.И.Шеин, Н.Әбдіхалықов, С.Жабаев сияқты қатарларымның да қос қаланы көркейтудегі еңбегі зор. Қаратау мен Жаңатас мен үшін ыстық. Өйткені, қос қалада бауырлас достар таптым. Мені ұлтың бөлек деп ешкім кемсіткен емес. Қазақ деген халықтың дархан пейілі мен қасиетіне тәнті болып өскен еврей ұлтының өкілімін. Көптеген қандастарымыз тәуелсіздік жылдарында ата-мекендеріне оралды. Бірақ мен Қазақстанды тастап кете алмадым. Өмірімнің мәні осы елде екендігін түсіндім. Дүниеде қандай ел бақытты десе, мен тыныштығы бекем, бейбіт ел – Қазақстан деп айтар едім. Елбасымыз – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан барша халықтың Отанына айналды. Әлем қызыға қарайтын мемлекетпіз біз. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толады. Оны бүкіл қазақстандықтар бірге тойлайды. Мұны – біздің бағымыз деп түсінемін.