Әлеумет

Ауыл ахуалы жақсарып келеді

Ауыл ахуалы жақсарып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жуалы ауданы, Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиев есептік баяндамасын жасады.

Боралдай ауылдық округі бойынша 3 елді мекенде жалпы 440 аула, 2 529 тұрғын бар. Боралдай, Ертай, Көлтоған тұрғындарына 3 орта мектеп, 2 балабақша, 1 өрт сөндіру бекеті, 2 медициналық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 мәдениет үйі, 1 ауылдық клуб, 3 кітапхана және 1 ветеринариялық пункт тұрақты қызмет көрсетуде. Спикердің айтуынша, округ аумағының жалпы жер көлемі 32 775 гектарды құрайды. Оның 21 975 гектары ауыл шаруашылығына, 9070-і егістікке арналған алқап. Ал, бұдан бөлек  8 778 гектар жайылымдық, 130 гектар шабындық жерлер бар. – Округте 5 413 бас ірі қара мал тіркелген, оның 2 221-і сауынды сиыр. Қой-ешкі саны 30 841, жылқы 1 514. Ал, құстар саны 10 182-ні құрайды. Мал басын асылдандыру бағытында «Қасым» шаруа қожалығы Солтүстік Қазақстаннан 105 «Аулиекөл» құнажындарын, «Береке-2» және «Мырзан» шаруа қожалық иелері Ресейден 30 бас асыл тұқымды «Гольштейн» сауынды сиырларын алып келді. Сондай-ақ, «Тілеу», «Аңсат» және «Дархан дала» шаруа қожалықтары 1 000 қой, 50 бас асыл тұқымды қошқарлар асырауда,–дейді Бауыржан Нұрғалиұлы. Сонымен қатар, баяндамашы ауылдың кәсіпкерлік, әлеуметтік, экономикалық салалары бойынша тоқталып, елді мекеннің даму жоспарын да мәлімдеді. Бұл бағытта былтыр 4 жоба іске асырылған. Кәсіпкерлік бойынша «Шекер» азық-түлік дүкені ашылып, 1 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны 20 миллион теңгені құрап отыр. Ал, ауыл шаруашылығы саласына арналған 3 жоба «Береке», «Мырзан», «Қасым» шаруа қожалықтарын дамытуға бағытталған. Жоғарыда айтып өткендей, жоба аясында шаруалар асыл тұқымды мал басын көбейтуде.  

Нұржан ӘЛІШ