Әлеумет

Қазақ балабақшасында бауыр басқан...

Қазақ балабақшасында бауыр басқан...

25Қазақ үшін «Айналайын» сөзінің мәні де, маңызы да ерекше. Осындай жылы лебізімен баурап талайды бауырына да тартқан. Таразда бір ай бұрын ғана есігін ашқан бұл балабақша да атауы анадайдан менмұндалап, «Айналайын!» деп еміреніп тұрғандай. Тілі басқа, тілегі бір талай ұлыс бүлдіршіндерін құшағына алып, тәлім-тәрбиесіне ұйытып үлгерді. Мұнда оқыту мен тәрбиелеу тек қана мемлекеттік тілде жүзеге асырылады екен. Аз уақыт ішінде шадыман-шаттыққа, шуаққа, мейірімге толы мекенге айналған. Аумақта басқа аралас тілді екі-үш бөбекжай бола тұра, ұл-қыздарының осында тәрбиеленгенін ата-аналардың өздері қалапты. Әдіскер Жаңыл Сартаеваның айтуынша, қазақша тәрбие беретін осы балабақша ашылғандағы олардың қуаныштарын сөзбен жеткізу қиын. Осы жерде туып-өскен олар мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп саналы түрде түсінеді. Содан да алғашқы күні-ақ қазақ тілінде бір ауыз сөз білмесе де, өзге ұлыс бүлдіршіндері ата-аналарымен бірге оның табалдырығынан аттаған. Бүгінде мұндағы 280 баланың 84-ін орыс, кәріс, украин, татар, түрік, өзбек, дүнген, қырғыз этностарының балалары құрап отыр.

Мысалы, Валерия Бровардың анасы Анна сауда үйінің төрайымы, Муслим Курсеитовтың анасы Назира болса өзіміздің әріптесіміз, «Регион медиа» газетінің қызметкері, Давид Погодаевтың әкесі Дмитрий қалалық электр жүйесі, Ратмир Шихабудтиновтың әкесі Салават, Арина Лахинаның анасы Карина кәсіпкерлік саласында қызмет етеді екен. – Жалпы, бес жасқа дейінгі балалар қай тілді болсын жылдам үйренеді. Бізде тәрбиеленушілердің қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сөйлеу машығын меңгеруіне мүмкіндіктері бар. Балаларын бізге тәрбиелеуге беруі – әке-шешелерінің отбасылық шешімдерінен туған іс. Олар балаларын ертеңгі күні қазақ мектептеріне де бермек ниетте. Мұны олардың ортақ үй – Отанымызға, мемлекеттік тілге деген құрметі деп білеміз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Олар соны жақсы түсінеді. Біздегі тәрбиешілердің де салада жинаған тәжірибелері мол. Он екі топқа шоғырландырылған балаларды балабақшадан бастап мемлекеттің тілін, рәміздерін қастерлеуге, отансүйгіштікке тәрбиелейтін боламыз. Елбасы елдегі бірлік пен ынтымақтың ең басты құндылық екенін әркез еске салумен келеді. Өңірде тұратын алуан ұлыс өкілдерінің пейіл-ниеттері бір ел, бір мақсат аясына жұмылдырылып отырғаны қуантады, – дейді № 41 «Айналайын» балабақшасының меңгерушісі

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Жаннат Абдухалыкова. Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.