Денсаулық

Жаңалыққа толы жоба

Жаңалыққа толы жоба

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет екенін атап өткен болатын. Осы бағытта «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңіріміздің әрбір ауданында кәсіпкерлікке қолдау көрсетіліп келеді.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өткен жылы 24 миллиард теңгеге 10 аудандағы 38 ауылдық округ қаржыландырылған. Алдын а ла жас а лған скрининг бойынша 4,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылады деп күтілуде. – Жоба аясында бүгінгі күні 19,1 миллиард теңгеге 3273 жоба қаржыландырылды. Атап айтсақ, жылыжайлар салу бойынша 2, мал шаруашылығын дамытуға 3246, кооперативтердің айналым қаражатын беру бойынша 16, ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бойынша 24 өтінім берілген. Сондай- ақ,кооперативтер ішінен «Eco Chiken» шағын тауық өсіру фермасын ашу үшін 1 өтінім беріліп отыр. Ал, биыл «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 13,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 1551 өтінімді қаржыландыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспар бекітіліп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды, – дейді Нұрби Рахметханұлы. Аталған жобаны өз мақсатына ұтымды пайдалана білгендердің бірі – Әділбек Нұртаев. Қордай ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны гидропоника өсіруді қолға алған. Кәсіпкердің айтуынша, гидропоника әдісі арқылы дайындалған өнімдердің құнарлылығы арпа дақылымен бірдей. Сондай-ақ, жасыл жемді пайдаланған шаруа ветеринарлық аурулардың да алдын алады дейді ол. – Гидропоника технологиясын пайдалану арқылы бір шаршы метрінен сауын сиырды күні бойы азықтандыруға қажетті 20-25 килограмм жасыл желек ала отырып, сүт өнімділігін 30- 40 пайызға, ал майлылығын 3-4 пайызға дейін арттыруға болады. Ал, ет бағытындағы мүйізді ірі қара малдың күндігіне 800-1500 грамм қосымша салмақ қосуына мүмкіндік береді. Мұндағы негізгі мақсат – ылғалды мейлінше пайдалану. Ауа температурасы 15 пен +28 аралығындағы жылылықта болуы шарт. Сонымен бірге мұнда шөпке құйылатын судың температурасына да мән беру қажет. Бұл арқылы суды да үнемдеуге болады, – дейді кәсіпкер. Бүгінгі таңда шаруашылық нысанын құруға барлық даярлық жұмыстары жасалған. Тіпті, кәсіпкерлік корпорациясынан бизнесті бастауға 33 миллион 300 мың көлемінде қаржы бөлініп, арнайы құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп те қойған. Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Амалбек Бөгенбаевтың айтуынша, аймақта «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. 2023 жылы оған Кенен, Қарасу, Қаракемер ауылдық округтері қатысқан. Осыған орай, 354 ауыл тұрғынына жылдық мөлшерлеменің 2,5 пайызы бойынша жалпы көлемі 1,9 миллиард теңге несие беру жоспарланған. Ал, біз атап отырған Қарасу ауылдық округінде жобаға 50 адам қатысып, олардың есеп шоттарына бүгінгі күнде 313 миллион теңгеден астам несие рәсімделген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықпен қамтамасыз ету үшін 76 миллион теңгеге 6 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мен өз ісін ашу бойынша 20,5 миллион теңге қажет. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша сәтті жүзеге асқан бастамалардың бірі – «Eco Chiken» құс фермасы. Бүгінгі таңда құс фермасы жылына 100 тонна құс етін өндіруде. Жалпы, құс шаруашылығы басшылығы осы бизнеспен айналысатын барлық кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді және әртүрлі жеңілдіктер береді. Мысалы, егер азаматтар іс бастауға ниет білдірсе, ферма тарапы 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие беріп, құс фермасы үшін қажетті инфрақұрылым құрып, 1600 бройлер балапанды өздері жеткізеді. Балапандарды емдеуге, қажетті дәрі-дәрмектер мен жемді жеткізуге көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өнімді сатуды өз жауапкершілігіне алады. Осы мүмкіндікті өз пайдасына жарата білген жанның бірі – Даметхан Нұрбекова. Бүгінде ол «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы қаржы алып, аталған кооператив құрамында жұмысын бастап кеткен. – Жылына тауық етін алты рет өткереміз. Қазіргі таңда жұмыс қалыпты қарқынмен жүріп жатыр. Сондай-ақ, бірнеше адамды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі берілді. Бастапқыда өткеруде мәселелер болды. Қазір бәрі қалыпқа келтірілді. Мысалы, Алматыда «Eсо-Chicken» кооперативінің дүкені жұмыс істейді. Әрине, әр істің өз қиындықтары бар. Өз бизнесін ашқысы келетін кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді, – дейді кәсіпкер. Даметхан Нұрбекова бұл іспен үшінші жыл айналысуда. Кәсіпкердің айтуынша, ол қазір екінші модульдік ферманың құрылысын бастады. Бұдан бөлек, кооператив құрамында 27 шағын құс фермасы «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алған. Жалпы, аталған жоба бүгінде кәсіп бастаймын деген көп жанға мол мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, жаңашылдығымен ерекшеленетін энергия көзі мен шикізатқа үнем саналатын бизнес түрлері жоба аясында кеңінен қолдау тауып келеді.  

Нұрболат АМАНБЕК