Тыңдауға да болатын кітаптар бар
Тыңдауға да болатын кітаптар бар
Несін жасырамыз, қазір көбіміз жазбаша мәтінді оқуға еріншек болып алдық. Одан гөрі сурет, видео көруге уақыт бөлгеннен аянбаймыз. Себебі солар қызығырақ секілді көрінеді. Жұртшылықтың көңілінен шығып, мейлінше кітап оқуға тарту мақсатында сарқылмас қазынаның жанашырлары – кітапханашылар электронды кітаппен бірге бейнекітап, аудиокітапты да шығарып жүр. Кітаптағы туындыларды әуезді үнмен оқып, таспаға түсіріп, соған сай бейнелермен шығарма желісін көз алдыңызға елестетеді. Соның бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» және «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобалары аясында өңірлік толық мәтінді электронды дерекқор мен кітапхана қорында жинақталған өлкелік мерзімді басылымдар қорының электронды нұсқаларын жасау жұмыстарын жүйелі түрде 2017 жылдан бері жүргізіп келеді. – «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобасының мақсаты – облысымыздың тарихын, экономикасы мен мәдениетін, облыстан шыққан тарихи тұлғалардың өмірбаянын, соғыс ардагерлерінің әскери және еңбектегі ерліктерін, белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен өнер майталмандарының өмірлерін айшықтап, ашып көрсететін өңірлік толық мәтінді электронды дерекқорын құру арқылы кітапхана қорында дәстүрлі тасымалдауыштарда жинақталған құнды ақпаратқа кең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Өңір тұрғындары, әсіресе жастар арасында қазақ халқының бай дәстүрлерін дәріптеп, насихаттау арқылы оларды облысымыздың тарихы мен мәдениетін қадірлеп, сақтауға баулуды мұрат етеді. Биылғы қаңтар айына дейін аталған жоба аясында дерекқорға 1894 электронды толық мәтінді деректер енгізілді. «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасы аясында жергілікті мерзімді басылымдардың 20119-ы цифрландырылып, өңірлік мерзімді басылымдар электронды дерекқорына енгізілді. Ағартушы, демократ, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі – Шоқан Уәлихановтың мұрасын жан-жақты жинақтау, зерттеу, қордағы бар мәлімет-деректерді кітапхана оқырмандары арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Шоқан асулары» жобасы аясында 43 кітап цифрландырылды. Кітаптардың түпнұсқасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрлау» жобасы аясында бүгінгі таңда 6632 кітап цифрландырылды. Сандық жүйеге көшкен 6632 кітаптың ішіндегі 1100-і Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасы (КазНЭБке) ақпараттық жүйесінің базасына жіберіліп, 350 данасы кітапхана сайтына енгізілді. Бүгінгі күні 63 жергілікті ақын-жазушымен авторлық келісімшартқа тұрып, олардың 154 кітабы цифрланып, кітапхана сайтына орналастырылды, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова. Жақында ғана облыс әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан облысымыздың 24 қаламгерлерінің кітаптарын оқырманға таныстыру мақсатында да кітапханашылар заманауи тәсілдермен жұмыс істеп жатыр. Яғни, әр кітапты түгел бейнетаспаға түсіріп, аты мен ондағы туындылардың маңызына қарай видеолармен үйлестіріп, көрген жанды қызықтырарлықтай көркем дүние әзірлеп, әлеуметтік желілерде жариялауда. – Кітапханашының негізгі мақсаты – кітаптарды сақтап, оқырманның сұранысына қарай тауып берумен қатар, мейлінше көбірек насихаттау. Бүгінде кез келген нәрсені таныстыруға ғаламтордың зор пайдасы тиіп жатыр. Біз де осыны ұтымды пайдаланып, кітапханамыздағы кітаптарды халыққа толық таныстыру үшін әлеуметтік желілерді қолданудамыз. Жуырда ғана жарық көрген жап-жаңа жинақтарды да видео арқылы таныстыруды қолға алдық. Содан көріп, кітапханаға іздеп келіп жатқан оқырмандар да бар, – дейді Эльмира Елеусізқызы. Бұл да цифрландыру ісінің берген бір мүмкіндігі. Барлық қызметтерді барынша халыққа оңтайландырып, қолжетімді ету мақсатындағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы осылайша кітапхана жұмысына да өз шарапатын тигізіп жатыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА