Оқушылар игілігіне жаңа автобустар берілді
Оқушылар игілігіне жаңа автобустар берілді
Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевтың айтуынша, республикалық бюджеттен лизингке алынған 14 автобустың жалпы құны 645 миллион 600 мың теңге болған. Оқушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген автобустардың төртеуі 22 орындық болса, 10-ы 38 орындық. Айта кетерлігі, арнайы көтергіш құрылғылар арқылы мүмкіндігі шектеулі балалар да автобусқа еш кедергісіз мініп-түсе алады. «Тараз қаласы мен Шу, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай аудандарына берілген автобустар мектебі жоқ 39 елді мекендерде қызмет атқарады. Соның ішінде мектеп жасындағы 923 бала, тек бастауыш мектептері бар 35 елді мекеннен 1 465 бала, тек негізгі мектептері бар 10 елді мекеннен 201 бала және ауыл, қала ішінде 4 949 бала, барлығы 7 538 бала мектептерге және кері қарай күнделікті т асымалданады. Облыс бойынша оқушыларды күнделікті тасымалдайтын 110 автобус бар», – дейді Мұхит Аманқұлұлы. Шу ауданындағы С.Сейфуллин атындағы мектептің директоры Есболат Әліпбаев өз сөзінде қолданыстағы автобустың тозығы жеткенін айтты. Енді аталған мектептегі 71 оқушы жаңа автобустармен қатынайтын болады.
Нұржан ӘЛІШ