Жаңалықтың жаршысы
Жаңалықтың жаршысы
«Мұрат» шаруа қожалығының басшысы Есенқұл Дүтбаев нағыз істің адамы
Ол Өндіріс ауылында туылған. Еңбек жолын 1984 жылы Түркістан кеңшарында жылқышы болып бастаған Есенқұл, 1999 жылға дейін аталған кеңшарда еңбек етті. Шаруашылық тараған соң, «Мұрат» шаруа қожалығын құрып, сонда басшылық жасап келеді.
– «Мұрат» шаруа қожалығы Түркістан ауылдық округінің аумағында, Жаңатас қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде, Үлкен Ақтау тауының солтүстік-батыс баурайында,Үшбас өзенінің сол жағалауы аңғарындағы бұта аралас қылқан, боз, сұлыбас, бетеге басым өскен қызғылт қоңыр, қара топырақты жонды-қырқалы келген тау аралық аңғарында орналасқан. Шаруашылық орналасқан аумақтың климаты континентті, қысы солтүстігінде суық, аязды, оңтүстігі жұмсақ, жазы барлық бөлігінде ыстық, қуаң, аңызақты болып келеді, – дейді Есенқұл әңгімелесе қалсаңыз. Ол басқаратын «Мұрат» шаруа қожалығы негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Шаруашылықта масақты дәнді-дақылдар мен мақсары дақылының егіс алқабы аумағы жыл сайын ұлғайып келеді. Ондағы барлық ауыл шаруашылығы жер көлемі – 3549 гектар, оның 2049 гектары егістік, 1500 гектары жайылымдық жер. Қожалықтың иелігінде 3 «К-701» тракторы, 1 дана «Т-150», 4 «МТЗ – 8» тракторы, 2 дана «ЗИЛ-554» автокөлігі мен 3 дана «Нива» комбайны бар. Былтыр лизингке бір «Беларусь-82,1» тракторын алды. Шаруашылық былтыр 311 гектар жерге күздік бидай, 330 гектар жерге арпа, 1100 гектар жерге мақсары дақылын егіпті. Сонымен қатар, 848 гектар жоңышқа алқабы бар. Егілген егістік агротехникалық талаптарға сай күтіп бапталуы нәтижесінде күздік бидайдың әр гектарынан 12 центнерден, жаздық арпаның әр гектарынан 11 центнерден өнім алынған. Мақсары, бидай, арпа және көпжылдық шөптерге алынған өнімге 6,5 миллион теңге субсидия алды. 2015 жылға күздік бидай егу үшін 5 тонна «Стекловидная-24» элита тұқымын 400 000 теңгеге сатып алып, оның 96650 теңгесін субсидия арқылы қайтарып алған. Сондай-ақ, жеңілдетілген бағамен 10 тонна тыңайтқыш алды. Шаруашылықта 1000 бас қой, 105 бас мүйізді ірі қара және 107 бас жылқы малы болса, оларды жыл сайын өз төлі есебінен көбейтіп отыр. Бүгінгі таңда шаруашылықта 20 адам жұмыс істейді. Е. Дүтбаев ұзақ жылғы ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі үшін 2001 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2004 және 2006 жылы облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, 2008 жылы ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен және 2012 жылы «Жыл патриоттары» грамотасымен марапатталған. Есенқұл ауыл тұрғындарының арасында беделді, іскер азамат ретінде танымал. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үнемі демеушілік көрсетіп отырады. Қыс мезгілінде ауа райының қолайсыз күндері қар басқан Ә. Бүркітбаев ауылынан Жаңатас, Үшбас, Арыстанды бағытындағы автокөлік жолдарын ашып-тазалау жұмыстарына белсене қатысады. Жаңатас қаласынан жер алып, сонда қос қабатты ғимарат құрылысын жүргізуде. Онда 20 адамға арналған қонақ үй және асхана болмақ.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.