Әлеумет

Жыр алыбы – Жамбылым

Жыр алыбы – Жамбылым

Қазақтың атамұра өнерінің бірегейі – айтыс. «Ақын болып он үште, Сүйінбайдан бата алғам» деп Жамбыл Жабаев жырлағандай, сөз додасына түсуде жас мөлшерінде шектеу жоқ. Бұл жас ақындарды тәрбиелеуге бағытталған дұрыс көзқарас.

Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізу орталығының «Жыр алыбы – Жамбылым!» облыстық оқушылар айтысын ұйымдастыруы соның жемісі. Атап айтсақ, 33 жылдық тарихы бар бұл дәстүрлі айтыстың алғашқы бас жүлдесін Мұхамеджан Тазабеков иеленген. Ал, Айнұр Тұрсынбаева, Айым Көшербай, Дидар Апбасов, Шалқар Кеңесбек, Алина Айдаралы әр жылдары «Жыр алыбы – Жамбылым!» атты республикалық оқушылар айтысында бас жүлдені иеленсе, олардың барлығының тұсауы осы орталықта кесілген. Аталған орталықтың ұйымдастыруымен өткізілген биылғы «Жыр алыбы – Жамбылым!» атты облыстық оқушылар айтысына 11 жас қатысты. Айтыстың шымылдығын былтыр Түркістан қаласында өткен республикалық оқушылар айтысының үшінші орын иегері, таластық Әсемай Сейдакпарова мен құландық Ернұр Жангелді ашты. Әсемайдың ә, дегеннен «Жамбылдың өлеңдері нақыл деп ек, әр баланың көңіліне жету керек, ол үшін мектептердің барлығына, Жамбылтану сабағы өту керек», – деп жырлағаны көңілге қонды. Меркілік 8-сынып оқушысы Назгүл Ерланқызының: «Меркі жері жырыма негіз десем, Бұлағын тереңдетіп теңіз десем. Тау мен тасын, өзенін жарасады, менің мөлдір жаныммен егіз десем, Меркіден табарсың сен мені іздесең», – деп қағытса, оның қарсыласы байзақтық 6-сынып оқушысы Ерасыл Жайлау: «Назгүлмен айтысуды арман қылдым, қадіріне жетейік маржан жырдың. Ойымыздан өрнекті жырлар шықсын, бүгінгі айтысында нар Жамбылдың», – деп көпшілік назарын аудара білді. Екеуі де 6-сынып оқитын құрдастар, Жамбыл ауданының ақыны Мирас Жамалбек пен тараздық Алинұр Бектұрсын арасындағы айтыс балаңдығымен, өнерге деген шынайы құлшыныстарымен ерекшеленді. Алинұрдың: «Бір арық, бір толық боп жолығыппыз, қотыр ат соқыр атқа жолыққандай» дегеніне Мирас: «Жаңа піскен тоқаштай томпақ бала, сөздерің өзіңен де семіз болсын», – деп құрдасына есе жібере қоймады. Республикалық «Ақберен» байқауының «Айтыс» аталымы бойынша арнайы жүлде иегері тараздық 9-сынып оқушысы Інжу Жаңабай Т.Рысқұлов ауданынан келген құрдасы Тұрар Балтабайдан басымдылығын байқатты. Тұрардың: «Айта алсаң жақсы енді ой дарасын, қасыма келіп қалған қай баласың?», – дегеніне Інжу: «Пісірдім палаудай ғып жырды бүгін, Тараздың жанындағы қыр гүлімін. Әулиеата шаһарының мақтанышы, Айтыстың ақ үміті Інжуімін» немесе «Жамбыл жыры өлмейді, біздер соның дәлелі», – деген шумақтарымен ел көңілінен жол тапты. Таластық 10-сынып оқушысы Нұрайым Боранбай да бұрынғыдан деңгейінің өскенін байқатты. Ол Жамбыл ауданының ақыны, құрдасы Талапты Құдайбергенді, байзақтық 5- сынып оқушысы Дильназ Ибрагимді жетелеп отырып, жақсы айтыс жасады. Екінші кезеңге шыққан ақындардың да жақсы айтысына куә болдық. Жүзден жүйрік шыққан Әсемай Сейдакпарова мен Інжу Жаңабай шешуі сәтте де әдемі айтыс көрсетті. Әсемайдың: «Сырттағы өткен айтыс қандай екен?» – дегеніне, Інжу: «Әр бала өз ауылында көктейді екен, Жамбылда өткен айтысқа жетпейді екен», – деген жауабымен тапқырлық танытты. Бұл айтысқа Тараз қаласы мен Талас, Байзақ, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандары екі ақыннан қосса, Меркі ауданы бір үздігіне сенім артты. Осы орайда айтысқа шәкірт баптаудан жалықпай келе жатқан Айтмұханбет Исақов, Нұрлыбек Құрманов, Маратжан Юнисов секілді ұстаздарға алғыс айтсақ артық емес. Ал, өзге 5 ауданның жауапсыздық танытқанына не деуге болады? Кенен Әзірбаев атамызды айтпағанда, Күміскүл Сәрсенбаевасымен танымал болған Қордайдан, Алик Бекмұсаев шыққан Сарысудан, Аяз Бетбаевтың туған топырағы Шудан, Қанат Мырзаханның атажұрты Жуалыдан, Айнұр Тұрсынбаева шыққан Мойынқұмнан айтыстың жеткіншектері шықпайды дегенге кім сенеді? Мұны аталған аудандардағы жауапты мамандардың белсенділік танытпауы деп қабылдадық. Алдағы уақытта да бұл аудандар да намысқа қамшы басады деп сенеміз. Биылғы «Жыр алыбы – Жамбылым!» атты облыстық оқушылар айтысының бас жүлдесін таластық Әсемай Сейдакпарова иеленсе, тараздық Інжу Жаңабай бірінші орыннан көрінді. Осы екі жүйрігіміз ақпан айының соңында Алматы облысы, Жамбыл ауданында өтетін «Жыр алыбы – Жамбылым!» атты республикалық оқушылар айтысында өңіріміздің намысын қорғайтын болады. Ендеше, іске сәт! Айтыс жеңімпаздарымен жүлдегерлерін аталған орталықтың бөлім меңгерушісі Қарлыға Қанапина, ғалым, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сейсекүл Исматова, айтыскер ақын, Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының ғылыми қызметкері Дидар Апбасов қорытындылап, диплом және сыйлықтармен марапаттады.  

Есет ДОСАЛЫ