Жаңалықтар

Бірлескен жұмыс мәселелерді шешуге мүмкіндік береді

Бірлескен жұмыс мәселелерді шешуге мүмкіндік береді

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті.

Өңір басшысының қоғамдық кеңестің жаңа құрамымен алғашқы кездесуі болғандықтан, кеңес төрағасы Марат Әбдірайымов облыс әкімін кеңес мүшелерімен таныстырып өтті. Мұнан соң өткен жылы қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесе атқарылған жұмыстарды баяндады. – Облыстық қоғамдық кеңестің 3-құрамы 31 адамды құрайды. Былтыр кеңесте 48 отырыс, 30 қоғамдық тыңдау, 28 есепті тыңдау және 15 қоғамдық мониторинг өткізілді. Нақтылап өтсек, денсаулық сақтау мекемелерінде жүргізілетін мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, балық өсіру шаруашылығы өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ, асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға бөлінген субсидиялар негіздемелеріне мониторинг жүргізілді. Сондай-ақ, топ мүшелерімен мониторинг Шу, Талас, Аса өзендері алқаптарының су ресурстарын ауыл шаруашылығы саласында пайдалану проблемаларын зерделеу, құрылыс нысандарының бекітілген талаптарға және нормативтерге сай жүргізілуі, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бойынша қысқа дайындығы, дене шынықтыру және спорт басқармасы қызметінің сапасы бойынша жүргізілді. Нормативтік-құқықтық актілердің 70 жобасы қаралып, 95 пайызы келісілді. Жамбыл, Т.Рысқұлов, Қордай аудандарында балық өсіру шаруашылықтарына бөлінген субсидияларға жүргізілген адресті мониторинг барысында анықталған проблемалар негізінде дайындалған ұсынымдар табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жолданды, – деді Марат Жаңабекұлы. Баяндамашының сөзінше, қоғамдық мониторингтің қорытындысы негізінде мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасын арттыру жөнінде 22 ұсыным дайындалып, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілген. Облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің облыстық жергілікті атқарушы органдарымен өткен жылдың 10 айында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, барлығы 28 есепті тыңдау өткізіліп, 375 адам қатысқан. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы былтыр атқарылған жүйелі жұмыстарын қорытындылай келе, биыл кеңес отырыстарында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің ұсынысымен облыс әкімдігінің бірқатар басқармасында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы есептерін тыңдау жоспарда барын жеткізді. – Өздеріңізбен кездесіп, өңірде туындаған мәселелерді талқылап, ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді тыңдау – қызметке кіріскелі көкейімде жүрген сұрақтардың бірі еді. Дегенмен, жұмыстың қауырттылығына байланысты кездесудің сәті бүгінге түсіп отыр. Сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл кездесуіміз қордаланған мәселелерді шешуде өңір әлеуетін арттыруға оң септігін тигізеріне сенімдімін, – деді Ербол Шырақпайұлы. Аймақ басшысы мұнан соң облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Әкім алдағы уақытта облыста қызылша зауытын салу, су қоймаларының құрылысын бастау, «Ауыл аманаты» жобасының жаңа бағыттарын ашу жоспарларымен бөлісті. Жиын соңында жол құрылысын бақылау, саладағы сапаны жақсарту, су үнемдеу технологиясын енгізу, балық шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту сынды көптеген маңызды мәселенің оң шешілу жайы қарастырылды.  

Назерке СӘНДІБЕК,

журналист.