Биыл 7 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі
Биыл 7 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі
Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының төрағалығымен өткен кеңеске басқарма басшылары, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның басқарма мүшелері мен мердігер компания өкілдері қатысып, жоба бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 мектеп салу жоспарланған. Соның ішінде 7 мектеп құрылысы биыл аяқталып, жаңа оқу жылында қолданысқа берілуі керек. Жалпы сомасы 15,1 миллиард теңгені құраған нысандардың төртеуі Тараз қаласында, өзгесі облыс аудандарында бой көтереді. Өз кезегінде құрылыс нысандарының мерзімінде салынуы мен сапасына жауапты жоба үйлестірушісі саналған «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» жобасы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол бұл бағытта атқарылған жұмыстардың сапасына аса мән берілуі керектігін жеткізді. – Бұл бастама Үкімет тапсырмасы аясында қолға алынып жатқандығын естен шығармауымыз қажет. Тиісінше, атқарылған жұмыстар Президенттің тікелей бақылауында. Сондай-ақ, аталған ұлттық жоба пилоттық негізде жүзеге асып отыр. Сол себепті құрылыс саласындағы процестер жергілікті бақылаушы мекемелердің құзыреттілігімен реттелмейді. Сонымен қатар, сапалы құжаттамаларды рәсімдеу ісін жеделдетіп бір жолға қою ісін қолға алу қажет. Сонда ғана құрылыс жұмыстарында жөнсіз кедергілерден арылып, жүйелі жұмыстарды жалғастыра аламыз, – деді М.Айманбетов. Жиын барысында облыс әкімі жер бөлу және инженерлік коммуникацияларды жүргізу, мектептерді интернетпен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударып, жауаптыларға үйлестіруші мекеме басшылығымен бірлесе ортақ пікір аясында жұмыстар жүргізу қажеттілігін жеткізді.
Нұрболат АМАНБЕК