Қолдау мен құрмет
Қолдау мен құрмет
Күллі болмысын өлеңіне сыйдырып һәм өлеңін бекзат болмысының көшірмесіне айналдырған шайырдың жыр мерекесін өз биігінде өткізуге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тікелей қолдау көрсетті. Аймақ басшысының әдебиетке деген айрықша ықыласына әулиеаталық жырсүйер жұртшылық таңдай қағысып, лебізін жаудырып жатты. Кеш басындағы құттықтау сөзінде Ербол Шырақпайұлы өңір әдебиетіне байланысты алдағы уақытта атқарылар келелі істер туралы баяндап өтті. – Жыр алыбы – Жамбылдың атымен аталатын облыста руханият пен мәдениетке барынша көңіл бөлініп, осындай шығармашылық кештердің жиі өтуі – заңдылық. Соңғы жылдары өңірдің бұл бағытында айтарлықтай жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы жергілікті 24 қаламгердің кітабы жарық көріп, оқырмандарға жол тартты. Биыл да бірқатар ақын-жазушылардың мерейтойын атап өту жоспарда бар. Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы, Шона Смаханұлының 100 жылдығына арналған іс-шаралар лайықты түрде ұйымдастырылады. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты халықаралық ақындар айтысы да дәстүрлі түрде өтеді. Сондай-ақ, ортамыздағы аға-әпкелеріміз, белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібаев пен ақын Үміт Битенованың да шығармашылық кеші өтетін болады. Бұдан басқа да жоспардағы жобалар, қаламгерлерді қолдау шаралары жалғасын табады. Жалпы, Жамбыл облысы – ұлт әдебиетіндегі көптеген көрнекті тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен. Солардың жалғасындай болған Хамит Есаманның да қазақ әдебиетінен алар орны биікте болады деп сенемін, – деді аймақ басшысы. Айтпақшы, бір кереметі бұл жолы ақынның кешін ақын тізгіндеді. Жас күнінен Жамбылдың топырағында Хамит Есаманмен қатар жүріп, әдебиеттің қыр-сырын бірге таныған Ерлан Жүністің осы әдеби шараның көш басында жүруі әулиеаталық ақындардың жыр аңсаған жүректерін толқытты. Одан бөлек, дәл осы кеш үшін Арқадан айбоз ақын Ғалым Жайлыбай, батыстан тұлғасы бөлек Светқали Нұржан, Алатаудан күллі Алаштың дегдар ақыны Ұлықбек Есдәулет пен тарпаң шайыр Маралтай Райымбекұлы арнайы ат арылтып келді. Қазақтың қара нарындай дархан көңіл ағалардың інілеріне көрсеткен құрметі сүйсінтпей қоймады. Әдебиетіміздің берік тұғырына айналған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы да дүйім ақынның арасынан табылып, кеш иесіне одақтың құттықтау хатын тапсырды. Қаламдарының қуаты тасып, оқырмандарына өрелі жыр ұсынып жүрген бір топ шайырдың алдында Хамит Есаманның былтыр «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Фәни-Құбылыс» кітабының тұсауы кесілді. Бұл өз кезегінде ақынның жырларын іздеп оқитын оқырман үшін тамаша тарту болды. Жаңа жинақтың тұсауы кесілген соң кеш иесінің шығармашылық тұлғасымен етене таныс ағалар мен жанашыр қаламдастар өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Әдебиет төңірегіндегі шартарапқа аңыз боп таралған әңгімелердің тиегі ағытылып, көпшілік ерекше әсерге бөленді. Расында, бұл кеште бәрі болды. Мөлтек сыр, мазмұн, жан иіріміндегі көзге көрінбес сезімдерді оятқан өзгеше құбылыс, адамның бар ғұмырына татитын «Фәни – құбылыс». Осылайша «Сағыныш» кешіне жыр аңсап келгендер кеуделеріндегі өлеңге деген сағыныштарын басып, ақынға деген толастамас қошемет, шынайы ризашылықтарын жаудырды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.