«Әлемге әйгілі кино түсіргім келеді»
«Әлемге әйгілі кино түсіргім келеді»
Дейді «3D киностудиясы» жобасының жас авторы
Әлемдік киноиндустрияның соңғы жетістіктері саналатын 3D форматындағы кино түсіру технологиясы әлі де болса әлемді түгел «жаулап» үлгерген жоқ. Көрерменіне ерекше әсер сыйлайтын бұл жаңалық біздің елді де айналып өтпеді, әрине. Дегенмен, Қазақстанға 3D үлгісінде түсірілген әлемдік деңгейдегі фильмдер келгенімен, ондай фильмді түсіретін бастамаға әлі ешкім тәуекел еткен жоқ. Тек тараздық жас өрен Нұрсұлтан Сәрсенов бағын сынап, байқауға қатысып, бар арманына жете алды. Яғни, оның осындай ерекше форматтағы фильмдерді түсіру жайлы арманына байқау инвесторлары ерекше ықылас танытқан. Сөйтіп, олар жобаның жүзеге асуына қажетті қаржының бәрін тауып беруге уәде еткен. Жақында Нұрсұлтан сол киностудияға қажетті қондырғыларды алып келу үшін АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласына аттанбақ. Сапар алдында болашақ кинематографисті сөзге тартқан едік. – Сұхбатты әріден бастасақ. 3D форматындағы кино түсіру мақсаты қайдан шықты? Мұндай қиын да күрделі әдісті таңдауыңа не түрткі болды? – Негізінде мұндай форматтағы кино түсіру ойы бірден келе қойған жоқ. Ол кезде мен 3D-ның не екенін де білмейтінмін. Яғни, мектепте жүрген кезімнен фильм түсіруді армандадым. Менде осы салаға деген үлкен қызығушылық болды. Кішкентай ғана бейнекамерам болған, оқушы кезімде талай «туындыны» түсірдім ғой. Есейе келе сол қызығушылық мені осы бағытта жұмыс істеуіме жетеледі. Сөйтіп, 2009 жылы бір жеке фирмаға оператор болып жұмысқа тұрдым. Онда тойлар мен мерекелік думандарды таспаға түсіруші болып табыс тауып жүрдім. Студент кезде де уақытты босқа өткермей белсенділер қатарынан көрініп, өтетін әрбір шараның ортасынан табылуға тырыстық. Сол өткізілген іс-шараларды үнемі бейнетаспаға түсіріп, одан да бөлек бейнежобаларды жүзеге асырып жүрдім. Міне, менің бұл саладағы кәсібилігім осындай жолдардан өткен. Кейінірек облыстық кино орталығына басты шебер болып жұмысқа орналастым. – Жоғары оқу орнынан алған мамандығың қандай еді? Ол осы сүйікті ісіңмен байланысты ма? – Мен ата-анамның нұсқауымен экономика және бизнес мамандығы бойынша білім алдым. Қарап отырсақ, кино түсіру де бүгінде бизнес көзі болып тұр ғой. Мамандығым менің бұл өнеріме ешқандай кедергісін келтірген жоқ. Шынын айтқанда, жоғарыда айтып өткен киноға деген қызығушылығым осы университетте жүрген кезімде қатты арта түсті. Өзім мұнда бір команда жасақтап, көптеген фильмдер түсірдік. Туындыларымызбен республикалық байқауларға да қатысып, жоғары орындардан көрініп жүрдік, тіпті бас жүлдеге де қол жеткіздік. Міне, осы тұста маған кино саласы – менің болашағым деген ой келді. – Ал 3D форматындағы кино түсіру идеясы туындауының да бір өзіндік себебі бар шығар? – Мұндай ой маған осыдан бір жылдай уақыт бұрын келген еді. Мен оны осы күнге дейін өз ішімде сараптаудан өткізіп, әбден пісіріп-жетілдірдім. Дегенмен, бар нәрсе қаржыға келіп тірелді. Ондай озық технологиямен өнім дайындау үшін соңғы үлгідегі әрі қымбат техникалардың қажет екені белгілі. Осы ойда жүрген кезде Астанада ұйымдастырылған «Студент күнделігі» деген байқауға ТарМУ атынан қатысып, кинотуындымыз тағы бірінші орыннан көрінді. Сөйтіп, біз бұл салаға шындап кірісу мақсатында «DAMU»кәсіпкерлікті қолдау қорының кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы бір байқауына «3D киностудиясы» жобасымен қатысып көрдік. Ол жақтан 3 миллион теңге ұтып алуға мүмкіндік туған. Нәтижесінде алғашқы алтылықтан көрініп, жеңімпаз болатын үмітке бір табан жақындап едік, ақыр аяғында біздің облысқа қордан ақша бөлінбей қалып, іс соңына дейін шықпай қалды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, біз ғаламтордан тағы да сондай жас кәсіпкерлерге қаржылай қолдау білдіретін байқауларды іздеп көрдік. Сөйтіп, Алматыда өткелі жатқан «Бизнес-бастамаға» өтініш бердік. Әрине, бизнес-жоспар жасау бізге оңайға соқпады. Ол жағынан облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары көп көмектесті. Алғашқы туры Шымкентте, соңғы туры Алматыда өтті. Әрине, біздің жобадан да өтімді, жақсы жоба ұсынғандар болды. Алғашқы орындардан көрінгендердің бәрі сол жеңістеріне лайық еді. Бірақ, біздікі де жаман емес еді ғой деген ойымыз алдамапты. Ұйымдастырушылар жеңімпаздардан бөлек тағы бірнеше жобаны таңдап аламыз деген. Бағымызға орай солардың қатарынан көрініп, киностудиямызды инвестициялауға мүмкіндік алдық. – Ендігі мақсат қандай? Қондырғылар мен техникалар сатып алу үшін АҚШ-қа аттанғалы жатыр екенсің? – Бізге инвесторлармен ақылдаса отырып, іске кірісу ғана қалды. Былтыр командамыздағы бір жігіт Қытайға техника көруге барып қайтты. Бірақ кейін біз АҚШ-тың өнімін алу туралы ортақ шешімге келдік. Оған инвесторларымыз да қолдау білдіріп отыр. Енді жақында Лос-Анджелеске кетіп бара жатырмын. Себебі атақты Голливуд киностудиясы сол қалада орналасқан. Сондықтан ондағы техникалар мен құрылғыларға деген сұраныс өте көп. Бұдан бөлек, инвесторларымыз мені әлемнің кез-келген оқу орнында осы кинематография бойынша оқуға жіберетінін де айтып жатыр. Ол – енді болашақтың еншісіндегі іс. Мендегі ендігі бір арман – тек еліміздің деңгейінде қалып қоймай, әлемдік деңгейге шықсақ деймін. Сол арқылы біз Қазақстанның жақсы имиджін қалыптастырып, атышулы «Борат» фильмін жоққа шығаратын керемет туындылар ұсынсақ дейміз. Оған менің командамның мүмкіндігі жетеді деп ойлаймын. – Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқан Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».