«Бәрі бірден бола қалса екен...» дейді
«Бәрі бірден бола қалса екен...» дейді
Көне Грекияның тасқа кертілген жазбаларының бірінде «Қазіргі жастар бұзылған» деген жазу бар екен. Осыған қарап-ақ кейінгі толқын інілерге аға буынның көңілі толмауы бағзыдан бар әдет екенін аңғарасың. Ол заңды да. Өйткені, әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Біздің де қартайып тұрғанымыз шамалы, бірақ өкше басып келе жатқан іні-қарындастарға арагідік сынай қарап, міней сөйлейтін мінез тауып жүрміз. Мәселен, жұмысқа тұрғысы келетін жастар бір апталық стажировкадан өтер-өтпестен қылқылдап жұмыс сұрай бастайды. «Тағы бірер уақыт жүре тұр, өзіңді көрсет» десең, зорлана жымиып, есікті зілмен жауып бара жатқаны. Еріксіз басыңды шайқайсың. Бәрі бірден бола қалса екен дейтін тағатсыз пиғыл. Көктемей жатып, жемісін жегісі келеді. Дайын маман болып келсе, әңгіме басқа. Кезінде өзіміздің жұмысқа тұру үшін аштан бұратылып, айлықсыз, шайлықсыз алты айлап табан тоздырып жүргенімізді құлаққа ілгісі жоқ. Әуезовше айтсақ, «толмаған Толстойлар мен шала Шекспирлер». Меніңше, бүгінгі жастарда өз мақсатына жету жолында жанын салатын жанкештілік жоқ сияқты...
Рауан СӘБИТҰЛЫ.