«Сендерге әрдайым орын бар...»
«Сендерге әрдайым орын бар...»
Тараз қалалық әкімдігінің ғимаратында асхана бар. Сол жерден түскі асымды ішіп, сыртқа шығып тұрғаным сол еді, бір жас жігіт асыға басып келіп амандасты. Қасына орамал тартқан жас келіншекті ертіп алыпты.
– Аға, сізге келіп едік, – деді әлгі жігіт салған жерден. Шынына келгенде, мені танымайды да ғой. Мен де оны бұрын-соңды көрмегенмін. Шамалауымша, мектепті жаңадан бітірген немесе колледждің алғашқы курстарында оқиды. Бірақ, соған қарамастан епті екені көрініп тұр. Аңғалдығына риза болып, еріксіз күліп жібердім. – Маған келдіңдер ме? Не мәселемен? – дедім сосын «Мен бұл жерде істемеймін ғой» дегендей сыңай танытып. – Аға, сізге келген себебіміз, мына келіншегім екеуміз жақында үйленгенбіз. Соған заңды некеге тұрайықшы деп едік, – деді әлгі жігіт. Тағы да жымидым. Әңгіменің төркінін енді түсінгендей болдым. Бұлар некені тіркейтін әділет басқармасын іздеп жүр екен. Жөн сілтеп жібердім. Екеуі анадай жерге барып, кілт артқа бұрылды. – Аға-а-а-а, менің келіншегім осы жердікі де, ал менің «пропискам» Меркі ауданында. Сонда да бола бере ме? – деп айғайлап сұрап тұр. – Болады, болады, – дедім мен де. Тура кішкентай жеткіншектер сияқты. Бірақ, бала дейін десем, екеуі қол ұстасып алып, үлкен адамдардың тірлігін істеп жүр. Олар ұзап кеткенше сырттарынан сүйсініп қарап тұрдым. Шүкір, бүгінде елдің тұрмысы түзелген сайын шаңырақ көтерушілердің де қатары артып келеді. Облыстық әділет департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өңір бойынша 9618 неке тіркеліпті. «Осы көрсеткіштің ішінде мен жол көрсетіп жіберген жастар да бар шығар» деп қоямын іштей. Лайым, жас шаңырақтар шайқалмай, бақытты да баянды ғұмыр кешсін! Осы орайда «Сендерге әрдайым орын бар, ақ отау төріне қоныңдар...» деп келетін ән қайырмасы еріксіз ойға орала берді...
Тұрсынбек СҰлтанбеков, «Ақ жол».