Әлеумет

Жүз жылдық тарих

Жүз жылдық тарих

Мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. Биыл Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының ашылғанына 100 жыл толып отыр. Өткенге көз жүгіртсек, 1924 жылы 27 қаңтарда Бурно-вокзальный ауылында мектеп ашылу бойынша шешім қабылданады. Сол жылы ұйымдастырылған мектеп уақытша вокзал ғимаратының бөлмесіне орналастырылды. Содан бері 27 қаңтар – мектептің туған күні ретінде атап өтіліп келеді. Ал, мектептің алғашқы меңгерушісі – Анна Олейникова болған екен. Мектептің ескі құжаттарында, білім ұясында 1926 жылы 42 оқушы білім алғаны жазылған.

Мұндағы оқушылар контингентінің айтарлықтай өсуі 1929 жылдан бастау алған. Оған Бурное ауылы аудан орталығы мәртебесіне ие болуы себеп болған. Мектеп өзінің алғашқы түлектерін 1928 жылы ұшырды. Оның өзі 4-ақ сыныптық болатын. 1930 жылы мектеп жеті жылдық болып қайта құрылды. 1934 жылы білім ошағының алғашқы түлектері шығарылады. Ол түлектердің қатарында Кеңес Одағының батыры Дмитрий Ковешников та бар. Мектеп құрылғаннан кейінгі 10 жылда мектепті 192 түлек бітіріп шығыпты. 1936 жылы мектеп орта мектеп дәрежесіне жоғарылатылды. Оның директоры болып Мария Савельева тағайындалады. Сол уақытта оқушылар саны 464-ке, мұғалімдер саны – 12-ге жетеді. Аудандағы іргелі білім ошағының арнасы кеңейіп, 1966 жылы үш қабатты мектеп ғимараты соғылса, 2005 жылы тағы екі қабатты ғимарат салынады. Бүгінде жыл сайын мектептен 60-70 түлек оқуын тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алуда. Бүгінге дейін Илларион Пак, Владимир Пак, Владимир Михайлиди, Надежда Сараева, Валентина Письмак, Сағындық Әбілдаев сынды директорлар басқарып келді. Әрбірінің өзіне тән басқару ерекшеліктері болды. Бүгінде ол азаматтардың жолын мектеп түлегі Эльмира Абишева жалғастыруда. – Бүгінгі таңда мектепте 1566 оқушы білім алуда. Оның 123-і мектеп алды даярлық тобының оқушылары. Оларға 169 мұғалім білім беруде. Одан бөлек, 48 техникалық қызметкер жұмыс істеуде, – дейді мектеп директоры Эльмира Абишева. Тарихы тереңге тамыр тартқан білім ошағының 100 жылдық мерейтойына арналған «Самғатқан сан қыранды алтын ұям» атты мерекелік іс-шара аудандық «Достық» мәдениет үйінде аталып өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, ардагер ұстаздар, мектеп түлектері қатысып, өз құттықтауларын жеткізді. Мерекелік іс-шара барысында көпшілік назарына LED экраннан мектеп тарихына арналған слайд көрсетілді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Лечи Оздамиров және аудандағы балалар өнер мектебінің директоры Қанат Мұратаев пен тағы да басқа азаматтар қатысып, олар өз естеліктерімен бөлісіп, ақ тілегін жеткізді. Кеш соңында аталған мектептің ұстазы, жас маман Арман Әбдіжапар арнау оқып, мектеп оқушылары ән шырқап, домбырашылар күй шертіп, қыздар мың бұрала билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.  

Анар ТІЛЕНШИЕВА,

№1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Жуалы ауданы