Білікті маман дайындауға бетбұрыс
Білікті маман дайындауға бетбұрыс
Жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға бағытталған бастама биылғы жылдың 1 наурызынан бастап қолға алынады. Осылайша, резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Іріктеуге 35 жастан аспаған жоғары білімді азаматтар индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру мен экология сынды салалар бойынша 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар қызметкерлер қатысуға болады. Сонымен қатар, бұл салаларға маман қажеттілігіне сай бағыттар мен резервшілердің нақты санын өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, өңірлік кадр комиссиялары тарапынан айқындалады. – Мұнда бір ескеретіні, аталған салаларды өңірлік кадр комиссиясы айқындап береді. Ол өңірдің даму индексі мен сол сала бойынша маман тапшылығы ескеріле отырып дайындалады. Сонымен қатар, сіз еліміздің бір ғана өңірі мен бір ғана саласы бойынша кандидат атана аласыз. Ал, өңірге таңдау бойынша шектеу қойылмайды. Сондай-ақ, кандидаттар іріктеуден өту тілін, әр кезеңнің өту күні мен уақытын таңдай алады. Ал, өңірлік резервте болу мерзімі 2 жылды құрайды, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Руслан Шарипов. Ол үшін кандидаттар жеке басын куәландыратын, білімі мен еңбек өтілін растайтын құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz сайтында 1-31 наурыз аралығында тапсырады. Ал, үміткер жұмыссыз болып танылған жағдайда соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған еңбек өтілі бойынша қажетті мәліметтер ұсынуы тиіс. Жеке кабинетте барлық құжаттар топтамасын ұсынып тіркелгеннен кейін кандидат өңірді және салалық бағытты таңдайды. Бұл ретте ескере кететін жайт – конкурсқа қатысушы тұлға бір ғана өңірді және бір салалық бағытты ғана таңдай алады. Ал, өңір таңдалымы бойынша ешқандай шектеу қойылмайды. Яғни, үміткер азамат кез келген бір өңірді таңдап қатысушы атануына болады. Әрі қарай кандидаттарға жеке кабинетте тестілеу күні мен уақытын таңдау ұсынылады. Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының залдарында тестілеу екі кезең бойынша өтеді. Бірінші кезеңде еліміздің Конституциясы мен мемлекеттік қызмет, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнама аясында және әдеп кодексін білуге арналған тестілер қамтылады. Осы тест түрлерін тапсырған азаматтардың ең жоғары көрсеткіш иеленгендерінің жартысы келесі кезеңге өтеді. Екінші кезеңде «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеу қызметкердің стреске төзімділік, бастамашылық, жауапкершілік, тұтынушыға бағдарлану және оны хабардар ету, парасаттылық, өзін-өзі дамыту, жеделдік, ынтымақтастық және өзара іс-қимыл және кандидаттың өзге де қасиеттерін анықтауға арналған тапсырмалар болады. Ал, құзыреттерді бағалауға арналған келесі кезең Астана қаласында жалғасады. Бұл кезең бойынша кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерді, азаматтардың белсенділігі, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу дағдысы, көшбасшылығы мен сенімділігін анықтауға әрі бағалауға бағытталған топтық және жеке жаттығуларды қамтиды. Кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар назарға алып, ассессмент-орталықтың нәтижелері бойынша әрбір кандидатқа қысқаша есептер қалыптастырылады. Олар кандидаттың жеке кабинетінде орналастырылатын болады. Осылайша, компонетті бағалау критерийлеріне сай деп танылған үміткер сұхбаттасуға шақырылып, аталған бағыттар бойынша өз жобасын ұсынады. Бұл ретте сала бойынша мәселелерді шешуде жаңаша идеялар мен аналитикалық ойлау, жағдайды бағамдау сынды қарым-қабілеттер ескеріледі. Іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін құрылымдық сұхбат жүргізу кезеңінде өңірлік резервке қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері және салалық сарапшылар тартылады. – Өңірлік кадрлық резерв қалыптастыру – кадр саясатындағы ең оңтайлы шешімдердің бірі деп білеміз. Өйткені, өзім де осы өңірдің менеджмент саласына айтарлықтай үлес қосып, бірқатар басшылардың қалыптасуына себепкер болдым деп айта аламын. Облыс көлемінде ел басқаруға қауқарлы, толыққанды потенциалға ие жастарымыз көп. Ол үшін жастарға мүмкіндік беруіміз қажет. Сонда ғана өңірдің тыныс-тіршілігімен жете таныс, мәселесіне қанық азаматтар басшылыққа келе алады. Бұл туралы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл де облыстық мәслихат депутаттарымен кездесуінде жаңа бастама бойынша бірлесіп жұмыс атқару қажеттігін жеткізген болатын, – дейді облыстық мәслихат депутаты Жанат Бастаубаева. Еске сала кететін жайт, 1 наурыздан басталатын жобаның межесі кезең ұзақтығына қарай сәуір-мамыр айларын қамтиды. Әрбір кезеңнің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде, жобаның сайтында орналастырылатын болады.
Нұрболат АМАНБЕК