Саясат

Қазақстан – Қатар келіссөзі

Қазақстан – Қатар келіссөзі

ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ЕСЕЛЕЙ ТҮСПЕК13-14 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға мемлекеттік сапармен барды. Қазақстан Президентін Дохадағы «Хамад» халықаралық әуежайында Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни қарсы алып, мемлекет басшылары әуежайдың мәртебелі меймандар залында қысқаша пікір алмасты. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен және Премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөздер жүргізді. Келіссөз қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ, Президент қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты және осы елдің бизнес капитандарымен бірқатар кездесу өткізді.

Кеше Қатар мемлекетінің Әмірі Қазақстан Президентін «Diwan Amiri» сарайында қарсы алды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің шақыруын зор ризашылықпен қабыл алғанын жеткізді. Президент осы елге алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отырғанын, сондықтан оның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті. «Қатар – ислам әлеміндегі біздің сенімді әрі маңызды әріптесіміз. Екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретін кез келді деп ойлаймын. Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын. Сапар кезінде өте маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл келісімдер біздің ынтымақтастығымызды стратегиялық деңгейге көтереді. Біз үшін Қатар өте ерекше ел, сіздермен байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Сондықтан, бұл қатынастарымызды одан әрі дамыту үшін күш-жігерімізді саламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан Президенті сапарының мән-маңызына тоқталды. «Бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы қарым-қатынастарды еселей түсетініне сенемін. Біз Астанада да кездестік. Бүгінгі жүздесуіміз бұрынғы келіссөздер негізінде қол жеткізген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қадағалап, алдағы жоспарларды айқындауға мүмкіндік береді. Екіжақты ынтымақтастық аясында энергетикалық, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Осы сапар аясында біздің елдің ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізесіз. Бұл аталған салалардағы ықпалдастықты ілгерілетуге тың серпін беретініне сенімдімін», – деді Қатар мемлекетінің Әмірі. Мемлекет басшысы қазір қазақ-қатар қарым-қатынастары кейінгі 30 жылда ең жақсы кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтіп, Әмірдің Астанаға жасаған мемлекеттік сапарын еске салды. Президенттің айтуынша, елдеріміз арасында тығыз саяси диалог, кеңейіп келе жатқан экономикалық серіктестік және табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасқан. Екі ел арасында соңғы үш жылда қол қойылған келісімдер әртүрлі саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарды жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. Президент Қазақстанның Қатар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар, жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды. Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл аймақтағы экономикалық белсенділікті ынталандыруға ықпал етеді. 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырған еліміз қазір бидай мен ұн өндіру бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз бар екеніне назар аударды. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы 2025 жылы екі ел астаналарында Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар мәдени мұрасы бай халықтарымызды жақындата түсетініне сенім білдірді. Бұдан бөлек, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасындағы келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы, Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімдерге, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қатар мемлекетінің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қатар мемлекетінің Отбасы және әлеуметтік даму министрлігі арасындағы Әлеуметтік қорғау және даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумдарға, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қатар мемлекетінің Спорт және жастар министрлігі арасындағы жастар саласындағы 2024-2026 жылдарға арналған бірінші атқарушы бағдарламаға, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қатар мемлекетінің Әкімшілік бақылау және ашықтық басқармасы арасындағы Парасаттылық пен айқындылықты ілгерілету бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға, «Самұрық-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Power International Holding арасындағы энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімдерге, «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding арасындағы Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, Президенттің мемлекеттік сапары аясында тағы бірқатар құжатқа қол қойылды. Президентке Қатар мемлекетінің негізін қалаған шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы табысталды. Мемлекеттің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы – Қатардың ең жоғары мемлекеттік символы. Оны монархтарға, ханзадаларға және мемлекеттер басшыларына Қатар мемлекетіне және бүкіл адамзаттың дамуына қосқан үлесі үшін Әмірдің өзі табыстайды. Бұл қылыш алғаш рет Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдулазиз Әл Саудқа табыс етілген (2016 ж.). Кейінірек қылыш Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарекке (2021 ж.) және Испания Королі VI Филиппке (2022 ж.) сыйға тартылды. Бұл символ – Қатар мемлекетінің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәни (1827-1913 жж.) ұстаған қылыштың дәлме-дәл көшірмесі. Қыны алтынмен (18 карат) апталған, екі жағы әшекейленген. Жүзі бағалы, тот баспайтын болаттан құйылған, ал сабы түйе сүйегінен жасалып, агатпен және турмалинмен қапталған. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты және осы елдің бизнес капитандарымен бірқатар кездесу өткізді.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.