Тылдың талдырмаш келіншегі еді...
Тылдың талдырмаш келіншегі еді...
Жаз айының жайма шуақ күндерінің бірінде ауылға жай түскендей хабар жетті. Соғыс. Неміс әскерлері Отанымызға тұтқиылдан шабуыл жасапты, Қара теңізден Балтық теңізіне дейін бомбалап, атқылап жатыр екен деген хабарды естіп, сол күні ауыл ортасындағы бағанада тұрған радиодан Молотовтың сөзін естіп, ел іші күңіреніп кетті. Жақында ғана бір-бірін ұнатып отбасын құрған Күлішкүл мен Шамшидин де суық хабарды естіп, енді қайтеміз дегендей бір-біріне қарады. Ауылда мал фельдшері болып істейтін Шамшидин: «Отанымызды қорғауға жақында аттанамын. Әке-шешеме өзің бас-көз бол! Мені күт. Қайткенде де келемін. Біз жеңеміз! Міндетті түрде. Сен тек қана күт!» – деді. Көп ұзамай Күлішкүл Шамшидинді майданға шығарып салды. Ауылда кемпір-шал, қыз-келіншектер ғана қалды.
Күлішкүл қызылшада жұмыс істейтін. Бір күні өзі сияқты қыз-келіншектердің басын қосып: «Еліміз үшін аянбай еңбек етейік. Бәріміз бірігіп қызылшашы жастар звеносын құрайық та, өзімізге тиесілі жерге балтамырды өсіріп, бір-бірімізге демеу болайық!» – дейді. Сонымен осы шешімге келіп, колхоз бастығына айтқанда: «Шешімдерің дұрыс. Қолдаймын! Сендерге 10 гектар жер беремін. Өздерің көктемге дайындап, қызылшаны баптайсыңдар. Білмегендеріңді агрономнан, тәжірибелі кісілерден сұраңдар.» – деп ол бастаманы құптайды. Звено мүшелері күзде қызылша егетін жерге қи тасыды. Ерте көктемнен жер жыртылған соң оны өңдеп, қызылша ұрығын септі. Дақыл қылтиып өскен соң жекеледі, жаз бойы арамшөбін жұлды, дер кезінде суғарды. Не керек, таңның атысы, күннің батысы демей еңбек етті. Үзіліс кезінде бәрі бас қосып шай ішеді, бірі жұбайынан, бірі әкесінен келген хатты оқып мәз-мейрам болады. Жаз бойғы төккен маңдай тердің арқасында әр гектарынан 500 центнерден қызылша жинады. Бұл жастар звеносының алғашқы жеңісі еді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» ұранымен еңбек еткен жас қыз-келіншектер келесі жылы 700 центнерден, ал 1944 жылы 800 центнерден өнім жинап, аудан емес, облысқа белгілі болды. Осы жетістіктері үшін бәрі де өкіметтен сый-сияпат көрді, орден-медальдармен марапатталды. Звено жетекшісі Күлішкүл Мұсабекова «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне қадады. Бас қолбасшы И. Сталиннің Алғыс хатын алды. 1945 жылы да жоғары көрсеткішке жеткені үшін Күлішкүл «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болды. КСРО жер халық комиссарының шешімімен «КСРО ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты. Соғыс аяқталып, отағасы елге аман оралған соң, Күлішкүл алаңсыз еңбекке кірісті. Өзі баяғыдай қызылша звеносына жетекшілік етті. Ал күйеуі Шамшидин қой фермасын басқарды да еңбегімен көзге түсіп, Луговой аудандық партия комитетіне қызметке ауысты. Күлішкүлдің звеносы екі жыл қатарынан жоғары көрсеткішке қол жеткізді.Үкімет еңбегін бағалап, «Ленин орденімен» марапаттады. Өмірге сәбилер келе бастады. Күлішкүл сонда да жұмысын тастамай жалғастыра берді. «Күйеуің білдей парторг, балаларың бар, енді жұмысты қоймайсың ба?» дегендер де табылды. «Жоқ. Еңбегімнің арқасында талай марапаттарға ие болдым. Партия қатарына өтіп, коммунист атандым. Ауылдастарым сыйлап, аудандық, облыстық кеңеске депутат етіп сайлады. Мен соғыс жылдары бірге еңбек еткен құрбыларымды қалай тастаймын?» деп жүргенде, облыстық партия комитеті Шамшидинді Алматыдағы жоғарғы партия мектебіне 4 жылға оқуға жібереді. Еңбекқор ана амалсыздан жұмыстан шығып, ұл-қыздарын ертіп, Алматыға жол тартты. Оқуын аяқтаған Шамшидин Меркі аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Меркіге көшіп келген Күлішкүл өзінің 6 ұл-қызын бағып-қағып қана қоймай, балабақшаға жұмысқа орналасты, сәбилерді тәрбиелеуге кірісті. Осында көп жыл еңбек етіп, КСРО министрлер кеңесінің шешімімен республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Ол «Еңбек ардагері», «Ұлы Жеңіске 30, 40, 50 жыл» медальдарымен наградталған және де алты ұл-қыз өсіргені үшін І-ІІ дәрежелі Ардақты ана медальдарын да алған. Бүгінде ұл-қыздары әртүрлі салада еңбек етеді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көре алмаса да, сол жеңіс үшін аянбай тер төккен Күлішкүл Мұсабекованың есімі туған жері – Каменка ауылындағы немесе аудан орталығы Құлан ауылындағы бір көшеге берілсе, жөн болар еді.
Мәскеу Ноқрабеков.
Т.Рысқұлов ауданы.