Әлеумет

Үміт пен үрей

Үміт пен үрей

Өткен жылдың қараша айындағы ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда денсаулығына байланысты үйде білім алатын балалар саны – 14 532. Оқу-ағарту министрлігінің inbusiness.kz сайтына берген ресми мәліметіне сүйенсек, үйде оқитын балалар саны жағынан Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары алдыңғы орында.

Ешбір ата-ана баласының қатарынан қалып, өз ортасынан саяқ өскенін қаламайды. Алайда, өмір көрсеткендей, адам баласы алдында нендей сынақ күтіп тұрғанын болжап біле алмайтыны тағы бар. Әр мемлекеттің басты капиталы – адам екенін ескерсек, қоғамның әр мүшесіне лайықты өмір сүруге жағдай жасалуы тиіс. Бұл тұрғыда Қазақстан әлем елдерінен қалыс қалып тұрған жоқ. Атап өткендей, елімізде денсаулық жағдайына байланысты орта мектепте білім алуға мүмкіндігі жоқ балалар үйден оқытылады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар әдіс. Әр саланың өзіне тән қиындықтары мен күрмеулі мәселелері болатыны рас. Мұндай жайт білім саласындағы ерекше балаларды үйде оқыту бағыты бойынша былтыр ғана тіркелген болатын. Ұстаздар өткізбеген сабақтары үшін де мемлекеттен жалақы алып отырған. Облыстық прокуратураның мәліметі бойынша, мүгедектігі бар 225 баланы үйде оқыту үшін қазынадан қаралған 24,1 миллион теңге қолды болған. Өңірде бұған дейін де бірнеше мәрте жемқорлық сипатындағы заңсыз әрекеттер анықталды. Осы жағдайлардан кейін білім саласына мониторинг жүргізу жиілеген. Енді ерекше балаларды үйде оқыту бойынша өңірдегі бүгінгі ахуалға тоқталсақ. Аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінің мәліметтеріне сәйкес, 2023-2024 оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін 8200 бала анықталып, өткен жылмен салыстырғанда мүмкіндігі шектеулі бала саны 278 балаға артқан. Оның ішінде, 3329 баланың мүгедектігі бар. 8200 баланың 4249-ы мектеп жасына дейінгі балалар, 3951-і мектеп жасындағы балалар. 8200 мүмкіндігі шектеулі баланың 6477-сі мектепке дейінгі мекемелер мен жалпы білім беретін мектептерде біліммен қамтылса, техникалық және кәсіптік колледждерде 196 мүмкіндігі шектеулі студент кәсіптік білім алуда. Бүгінгі күнге 8200 мүмкіндігі шектеулі баланың 6670-і, яғни 81,3 пайызы орта білім беретін мекемелерде оқиды. Оның ішінде 1599 бала үй жағдайында оқытылуда. Сөз басында баяндағанымыздай, оқу-ағарту министрлігі Жамбыл облысы үйде оқитын бала саны жағынан алдыңғы орында деген ақпарат берген. Алайда, облыстық білім басқармасының мамандары бұл ақпаратты жоққа шығарды. Облыстық білім басқармасының дерегі бойынша былтыр өңірде 1813 бала үйде оқыған. Облыста ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға білім беру, түзету-оңалту қызметтерін көрсететін 26 арнайы мекеме жұмыс істейді. Атап айтсақ, 7 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы, 4 арнайы мектеп-интернат, 13 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері, 1 оңалту орталығы, 1 аутизм орталығы. Заң тұрғысынан алғанда ерекше балаларды оқыту «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі №343 Заңының 11-бабы 1-тармағына, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қорытындысына және оқытудың жеке жоспарына сәйкес, ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды – үш жастан бастап, бастауыш және негiзгi орта бiлiмдi 7-10 жастан бастап алуына болады. Бұл ретте мемлекеттiк бiлiм беру бағдарламаларына сәйкес, бастауыш және негiзгi жалпы бiлiм берудiң ұзақтығы он жылдан кем болмауға тиiс. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қорытындысы бойынша айғақтамалары болған кезде ерекше балаларды тәрбиелеу мен оқыту, үйде жеке және тегін жүзеге асырылады және оқу бағдарламаларын анықтап береді. Облыстық білім басқармасының бас маманы Набира Сүйманованың айтуынша, үйден оқытылатын балаларға сабақ беретін педагогтерге бекітілген оқу бағдарламаларына қарай жасалған жұмыс жоспарына сәйкес сағат бөлінеді. Сағаттар бәріне бірдей емес, яғни санаттарына қарай беріледі. Ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға деңгейіне қарай педагогтер әр білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі, ата-ананың таңдауы ескерілмейді. Бастауыш сыныптарға бастауыш сынып мұғалімдері, орта буындағы сыныптарға әр пәнге бөлінген жүктеме бойынша педагогтер бекітіледі. Ерекше балаларды оқытуда өзгеше тәсілдер қолданылады. Әр мектеп жеке үйде оқитын балаға оқу жоспарын бекіткен. Оқу жоспарының үш түрі, облыстағы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсынысы арқылы баланың зиятының даму деңгейін анықтай отыра қарастырылады. Олар – жалпы білім бағдарламасы, арнайы бейімделген оқу бағдарламасы, жеке оқу бағдарламасы яғни зиятының жеңіл және орташа бұзылған балаларға арналған оқу бағдарламасы. Бүгінгі күні облыстағы 1599 ерекше балаға 4975 педагог білім беруде. Олар жыл сайын арнайы біліктілік көтеру курстарынан өтеді. 4975 педагогтің 2671-і, яғни 53,6 пайызы арнайы біліктілік арттыру курстарынан өткен. Аталған мәселе білім басқармасының тұрақты бақылауында. Набира Қапарқызының мәлімдеуінше, үйден оқытуға деп арнайы, бөлек қаржы бөлінбейді. Жалпы, биылғы оқу жылына білім беру ұйымдарындағы педагогтердің жалақы қорына облыстық бюджеттен 195,9 миллиард теңге қаралған. Жоғарыда атап өткеніміздей, балаларды үйден оқыту әлемде бар тәжірибе. Әрине, ата-ана үшін баланың өз қатарластарымен жарыса білім алуынан артық бақыт жоқ. Біз екі бірдей ерекше баласын үйде оқытып отырған Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Гүлсия Жұмағалиевамен тілдестік. – Үлкен балам Жансері Асқарбек – 12 жаста. Қазіргі таңда алтыншы сынып оқиды. Алты жылдан бері үйде оқытылады. Бір айлығында миына қан кетіп, «цереброваскулярлық жедел бұзылу, оң жақ тұсындағы гемеопоэз» диагнозы қойылды. Алтыншы сыныптағы баламды оқытуға 15 сағат бөлінді. Ал, қызым Асқарбек Бибінұр – 7 жаста. Қазір бірінші сынып оқушысы. Аяқтары қисық болып өмірге келіп, дұрыс дамымай жатыр. Ортопед-невропотолог дәрігердің есебінде тұр. Аяқтарына төрт мәрте ота жасалды. Төрт жасқа келгенде жүре бастады. Аяқтары әлсіз болған соң мектепке бара алмай жатырмыз. Өткен жылы қазан айында Астана қаласында аяқтарына ота жасалып, екі ай үйде гипспен отырды. Балаларыма үйге келіп сабақ беретін ұстаздардың білім беру тәсілдерін ата-ана ретінде назарда ұстаймын. Өйткені, әр бала әр сабақты өзінше қабылдайды. Біреуі ойын түрінде, екіншісі жазбаша дегендей. Әр баланың қабілеті әртүрлі. Сол сияқты мұғалімнің де сабақ беру тәсілі әртүрлі. Қазіргі балалардың ұялы телефонға тәуелділігі басым. Сол себепті менің балаларыма келетін математика пәнінің мұғалімі 45 минут сабақтың 5-10 минутын телефон арқылы өткізуге дағдыланған. Телефонда қазіргі таңда түрлі бағдарламалар бар. Қосу, азайту, көбейту сынды функцияларды телефонмен орындай береді. Осылайша баланың көру арқылы есте сақтау қабілетін дамытады. Үйге арнайы тақта алдырғанбыз. Мұғалімдер баланы тақтаға шығарып, есептетіп, жаздыру арқылы да түсіндіреді. Екі бала бірдей үйде оқытылатын болғандықтан, оларға мектептегідей парта, тақта, бор әкеліп қойғанбыз. Бала қызығып бәрін қолына ұстап көреді. Арасында сергіту жаттығуларын жасайды. Ұлымның оң құлағы дұрыс естімегендіктен, заттарды саусақтарымен ұстау арқылы моторикалық қабілетін арттыру да күнделікті дағдыға айналды. Психолог қызыма түрлі ұсақ заттар әкеліп, түрлі тәжірибе көрсетеді. Ұстаздардың сабақ беру тәсілі әртүрлі болғанымен, көңілімнен шығады. Мұғалімдер маған сабақтан кейін баланың көңіл күйі, қабылдау деңгейі, ақсайтын тұстары туралы ақпарат береді. Менімен үнемі байланыста, – дейді Гүлсия. Оның айтуынша, ерекше баланың бейімін ашуда үйге келіп оқытатын ұстаздардың рөлі өте жоғары. Ұстаздар сабақ берумен ғана шектелмейді. Баламен әңгімелесіп, оқуға деген қызығушылығын оятып, ақыл-кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетеді. Үйде оқитын бала мен мектепте оқитын баланың айырмашылығы жер мен көктей. Ой өрісінде, сөйлеу мәнерінде айтарлықтай ерекшеліктер болады. Әр мұғалім әр баланың өзіндік ерекшелігіне сай сырласады, келешегіне қатысты кеңестерін айтады. Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, қоршаған ортамен байланысуына тікелей септігін тигізеді. Бала – онымен көп сырласқан сайын дами түседі. Жалпы, мемлекет тарапынан ерекше балалардың ем алуына, оқуына барлық жағдай жасалған. Бір жоқ бір жоқты табады демекші, оңалту орталықтары да бар, алайда бұл балаларға аздық етеді. – Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалардың саны күн санап артып жатыр. Оңалту орталықтары балалардың бәрін түгел қамти алмайды. Біздің балаларға емдік дене шынықтыру, массаж ауадай қажет. Бұл ем күнделікті тамақтану сияқты жүргізілуі тиіс. Бірақ, орталықтардың саны аз болғандықтан, кезек күтіп отыруға мәжбүрміз. Кезегіміз үш-төрт айда бір келеді. Астана қаласында үлкен оңалту орталығы бар. Ол жерге үш-төрт жылда әрең жетеміз. Кезекті көп күтпес үшін ақылы ем аламыз, – деген ата-ана ерекше балаларды оқыту мен өсірудің қиыншылықтарына да аз-кем тоқталып өтті. – Ерекше балаларды тәрбиелеп өсірудің, оқытудың өзіндік қиыншылықтары аз емес. Оны саусақпен тізіп айту мүмкін емес. Ерекше балаға ерекше ұстаз келіп, ерекше тәсілмен сабақ береді. Кез келген мұғалім келіп білім бере алмайды. Себебі, бұған темірдей жүйке керек. Мұғалім өте төзімді, сабырлы болуы тиіс. Үйде оқитын бір ғана ерекше балаға сабақ бергеннен сыныптағы жиырма сау балаға білім берген әлдеқайда оңайырақ. Мәселен, менің кіші қызым бірнеше мәрте наркоз алды. Оны қабылдаған баланың миы әлсірейді. Миы әлсіреген баланың есте сақтау қабілеті нашарлайды. Ұстаз бала үшін жаны ауырып, «осы баладан нәтиже шығарайын, мына нәрсені жаттап алсыншы», деп жан дүниесін салады. Бірақ, бала білгенін ұмытып қалады. Сонда мұғалімнің өзі моральды тұрғыдан шаршайды. Кейде бала сабаққа назарын аудармай қояды. Қырсығады. Ол үшін балаға ұрыса алмайды. Ерекше баланы өсіріп, тәрбиелеу жағы да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Оңай емес. Өте қиын. Баланың болашағын елестетіп, келешекте қандай жеке тұлға болатынын ойлаудың өзі ауыр. «Мен жанында болмасам қалай өмір сүреді?», «Қандай мамандық иесі болады?», «Өз өзін асырай алатындай азамат бола ала ма?», «Бұл баланың жеке тұлға болып қалыптасуы үшін не істей аламын?» деген сияқты сауалдар сарсаңға түсіреді. Қолымыздан келгенше ем алып жатырмыз, ұстаздар да білім беруде аянып жатқан жоқ. Болашақ туралы алдымызда үміт пен үрейі қатар өмір тұр. Балалар жылына үш-төрт рет ауруханаға жатады. Оған жатардың алдында ұстаздарға ескертіледі. Осы орайда, балаларды үйде оқытуға қатысты ұсынысым бар. Үйде оқытуға негізделген арнайы кітаптар мен жұмыс дәптерлері шығарылса екен. Мұндай кітаптар сатылымда бар. Бірақ, бағасын қалта көтере бермейді. Мектептегі жалпы бағдарламамен оқытылатын балаларға күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар келеді, ал ерекше балаларға ондай құралдар жоқтың қасы. Методика тұрғысынан да ақсап тұр. Балаларды үйде оқытатын ұстаздар үшін арнайы білім алатын шеберлік курстары көбейсе екен деймін. Тағы бір айта кететін жайт, бұрын үйде оқытатын балалар ауруханада жатқанда мұғалімдеріне толыққанды жалақысы төленетін. Қазіргі таңда бала ем алып жатқан уақытта мұғалімдерге айлық жалақы төленбейді. Үйге оралған соң мұғалімдер сабақты тоқтаған тақырыптан ары қарай жалғап кетеді. Осы себепті мұғалімдер үйде бала оқытудан қашқақтап жатады. Оларға мектепте сабақ беріп отырған әрине, тиімдірек. Сол себепті ұстаздарға осы тұрғыдан оңтайлы жағдай жасалса екен, – дейді қос бірдей ерекше баланың анасы Гүлсия Саламатқызы. Иә, екі бірдей ерекше баланың анасы атап өткендей, білім беру саласындағы бұл бағыттың әлі де оңтайландыратын тұстары көп-ақ. Мына жайтқа назар аударайық. Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі «Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ережені бекіту туралы» №34 бұйрығымен үйден оқытуға жататын аурулардың тізбесі бекітілген. Осыған орай, үйден оқытылатын балалардың тізімі жасақталуы тиіс. Алайда, облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінің негізсіз берілген дәрігерлік-консультациялық комиссия анықтамаларының салдарынан үйден оқытылатын балалардың саны артып кеткен. Осы мәселеге байланысты білім басқармасы тарапынан екі жылдан бері денсаулығына байланысты үйден оқытылатын балалардың тізімдеріне, диагноздарына талдау жасалып келеді. Талдау қорытындысы бойынша 2021-2022 оқу жылында үйден оқытылатын балалардың саны 307 балаға азайып, оларды жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті немесе арнайы сыныптарда оқытуға ауыстырып, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына дәрігерлік консультациялық комиссия анықтамасын беруді қатаң бақылауға алу туралы хаттар жолданған екен. 2022-2023 оқу жылында осындай негізсіз берілген дәрігерлік-консультациялық комиссия шешімі бойынша 21 бала инклюзивті білім алуы үшін мектептерге жіберілген. Облыстағы үйде оқытылатын 1599 бала арнайы бағдарламалық-техникалық құралдармен қамтылып, жұмыс орындары ғаламтор желісіне қосылған. Үй жағдайында оқитын мүгедек балалардың толыққанды білім алуына, әлеуметтік интеграциялануына, қашықтықтан білім алуына барынша мүмкіндіктер жасалған. Алайда, үй жағдайында оқитын мүгедек балалардың қашықтықтан білім алуына барынша мүмкіндіктер жасау мәселесін толыққанды шешу мақсатында 2011-2013 жылдар аралығында республикалық бюджеттен берілген 56 миллион теңгеге алынған компьютерлік құрылғылар жарамсыз болып, есептен шығарылып жатқан көрінеді. Бұл ретте басқарма тарапынан аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінен қажеттілігіне қарай өтінімдер жинақталған. Облыстық білім бөлімінің арнайы өкілі алдағы уақытта қажетті арнайы компьютерлік құрылғылар сатып алу жоспарланғанын атап өтті. Енді жағымды жайттарға назар аударсақ. Облыс әкімінің орынбасарымен «Жамбыл облысындағы ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілген. Жол картасына сәйкес, жоспар жасалынып, 2023 жылы аудандардағы мүмкіндігі шектеулі балалар көп шоғырланған жалпы білім беретін мектептерден инклюзивті қолдау кабинеттерін, ресурстық орталықтар және Тараз қаласынан №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланған. Нәтижесінде жоспарға сәйкес, былтыр наурыз айында «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен Шу ауданы, Төле би ауылындағы Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясынан ресурстық орталық және Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептен инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, материалдық-техникалық базалары жабдықталған. Қазір аталған кабинеттерден 25 бала түзету көмегін алып жүр. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің қаулысымен Тараз қаласынан психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылып, 100 бала қажетті ем алуда. 2024 жылы Тараз қаласынан психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясын ашу жоспарланған. 2023-2024 оқу жылына «Асыл Мирас» аутизм орталығының жанынан 2 қабатты қосымша ғимарат салу жұмыстары жоспарланып, 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптамасы әзірленген. Биыл құрылысы жүргізілетін болады. Сондай-ақ, инклюзивті білім беру үшін 2022-2023 оқу жылында оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 18 миллион 076,1 мың теңге бөлінсе, 2023-2024 оқу жылына осы мақсатқа 20 миллион көлемінде тапсырыс әзірленіп, қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтылған. Облыстағы 4 арнайы мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базаларын нығайту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен қайырымдылық көмек көрсетілген. Мұнымен қоса, ай сайын білім басқармасы тарапынан түзету, оңалту қызметтерін атқаратын психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталығынан мәліметтер жинақталып, мониторингтік жұмыстар жүргізіледі. Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша облыстағы мемлекеттік және жекеменшік психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, оңалту және аутизм орталықтарында, ресурстық орталықтар мен инклюзияны қолдау кабинеттерінде 5429 балаға түзету-оңалту көмегі көрсетілген екен. Психологиялық-медициналық-педагогикалық-консултация ұсынымдары бойынша жалпы білім беретін мектептерде педагог-ассистенттердің 72 штаттық бірлігі бөлінген. Аталған ұсынымның негізінде әлі де жалпы білім беретін мектептерде 17 педагог-ассистент жетіспейді. Жалпы білім беретін мектептерде ерекше білімді қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметін толыққанды көрсету үшін 101 арнайы маманның қажеттілігі қалыптасып отыр. Бұл ретте таяқтың бір ұшы осы мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындарына тиеді. Жыл сайын қанша маман білім алып, қанша маман тиісті мекемелерге шақырту алады? Оларға қандай жағдай жасалған? Жас педагогтардың ерекше балаларды үйде оқытуға біліктіліктері толық жете ме? Жалпы, бұл салаға келуге жас ұстаздардың қаншалықты ықыласы бар? Бұл өз алдына бөлек тақырып. Жылдар бойы үйде білім алып, қоғамнан саяқ өскен балалардың мамандық алып, қоғамға бейімделуі де айрықша зерттеуді қажет ететін мәселе.  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ