Ауылдағы ақын

Ауылдағы ақын
Кітаптың алғысөзін жазушы Талғат Айтбайұлы жазыпты. Ол: «Көзі тірісінде- ақ шоқтығы биік жырларымен даралана білген Мұқағали о дүниелік болған соң, қолы жетпеген бақытқа кенеліп, даңқы дүрілдейтінін көрегендікпен сезіп, білген ақын. Жеміскүлдің Мұқағали жырларын оқығаннан кейінгі әсері ғажап. Әр өлеңіне тамсанып, таңданады. Шабыт күші ұйқысына тыншу бермей, кей түні таңды көз ілмей атырады. Сол өлеңдерінің бірінде: «...абыз ақын, мұз ақын, оған сірә тең келмейді жүз ақын», – дейді. Бұл өсіріп жазайын деген емес, тіл ұшына жұлқынып, ұмтылып келген ақындық ойы, – депті талдау жасап. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...», – дегендей, өмірінің ширек ғасырын ұстаздыққа арнаған Жеміскүлдің қаламынан туған дүниелер сәбиіндей. Ол кісі Жуалы ауданы, Қошқарата ауылындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалім бола жүріп, көркем ойларды көңіліне жинап ала жүріпті. Жырларында салмақты ойлар да бар. Зейнеткер ақын М.Мақатаевқа арнап екі жинақ шығарып үлгеріпті. Алғашқы жинағы – «Тоқсан жасқа – тоқсан жыр» деп аталады. Бір байқағанымыз, бұл кісі түннің кез келген сәтінде ақ қағазға өзінің төгіліп келген ойларын түсіріп отыратын сияқты. Өйткені, әр өлеңінің астына күнін, сағатын жазып қойыпты. – Жуалы аудандық Қызтоған елді мекенінде 25 жыл мұғалім болып, 45 жасымда көпбалалы ана ретінде зейнетке шықтым. Жұбайым Кенжебек те ұстаз болды. Сегіз ұл-қызымыз өсіп, жетілді. Зейнетке шыққан соң, өлеңмен еркін айналыстым. Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразоваға арнап шығарған бірнеше жыр жинағым бар. Кітаптарымды жеке қаржыма шығарғанмен, ешкімге сатқан емеспін. Түрлі кітапхана, мектеп, музейлерге естелікке беремін. Алдағы 2 наурыз күні Алматы қаласындағы №140 М.Мақатаев атындағы орта мектеп кездесуге шақырып отыр. Ақын атындағы колледж, мектептер үнемі шақырады. Бұл еңбектерімді аяулы ақынның рухына жасалған құрметім деп білемін, – дейді Жеміскүл Сейітқұлқызы.
Есет ДОСАЛЫ
Жуалы ауданы