Жамбылда не жаңалық?

Тұңғыш рет жасалған ота

Тұңғыш рет жасалған ота

Жуырда Тараз қаласында алғаш рет 15 жастағы қыздың жүрегіне кеуде қуысын кесусіз ота жасалды. Өңір медицинасы үшін бұл да бір жетістік, бұл да бір бағындырған белес.

Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында алғаш рет митральды қақпақшаны торакоскопиялық тәсілмен протездеу, яғни кеуде қуысын кеспей, пункция арқылы, яғни тінді бос инемен не арнайы аспаппен тесіп, ота жасалды. 15 жасар қыз науқастанып, өте ауыр жағдайға түседі. Яғни, ол қатты ентігіп, дем алуы қиындап, әлсіреген, және өздігінен жүре алмайтын хәлге жеткен. 5 жыл бойы оған «Митральды қақпақшаның пролапсы», демек, сол жақ қарыншаның систоласы кезінде митральды қақпақшаның бір немесе қос жармаларының сол жақ жүрекшеге қарай патологиялық түрде салбырауы деген диагноз қойылған. Сондай-ақ, жасөспірім қыз жиі вирустық инфекциялармен ауырған. Қыздың жағдайының нашарлауы – өткен жылдың желтоқсан айында байқалған. Сол сәтте қыз ауыр дәрежелі екі жақты пневмонияға шалдыққан. Облыстық балалар ауруханасына түсіп, емделген кездері де болған. Осы жылдың қаңтар айының басында науқас әрі қарай емделу үшін кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығына ауыстырылған. Толық тексеруден кейін «Туа біткен жүрек ақауы, 3 дәрежелі жеткіліксіздігі бар 3 дәрежелі митральды қақпақшаның пролапсы, өкпе гипертензиясы, 3 дәрежелі қан айналымы жеткіліксіздігі» деген диагноз қойылған. Науқасқа дер кезінде көмек қолын созған аталмыш орталықтың директоры, дәрігер-профессор Сейітхан Жошыбаев, бас дәрігердің орынбасары Ибадат Әмреқұлова, балалар хирургиясының меңгерушісі Икром Мұхамедов, кардиохирург Азамат Кенбаев, УДЗ дәрігері Юлия Уколова, реанимация меңгерушісі Зафар Розбаев және перфузиолог Алмас Әлібеков. Аты аталған дәрігерлер жасөспірімге ота жасаған. Ота сәтті өтіп, хирургиялық араласудан кейінгі алтыншы күні, қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылған. Жыл сайын орталықта операциялардың 50 пайыздан астамы шағын қолжетімділікпен орындалып келеді. Торакоскопиялық хирургия – бұл бейнекамера мен арнайы құралдардың көмегімен кеуде қуысының тесілуі арқылы жасалатын жүрек операциясы. Бұл тәсілді қолданудың мақсаты – кеуде қуысының сүйек қаңқасын сақтап, косметикалық әсер қосып, сонымен қатар операциядан кейін тез қалпына келтіру болып табылады.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ