Жан алқымынан алған «жаман ауру» – үкім емес
Жан алқымынан алған «жаман ауру» – үкім емес
Обыр. Қатерлі ісік. Рак.
Үлкендер бұл дерттің атын атауға тыйым салып: «Жаман ауру» дейтін. «Өршіп кетеді» деп қорқатын. Өршеленген дертті, әрине, өршітпеу керек. Атының өзі үрей тудырып, адам жанын күйзеліске ұшырататын дерттің зауалы қандай? Онсыз да жел өтіндегі жапырақтай қалт-құлт еткен адам тағдырының тас-талқанын шығарып, жан алқымынан алардай не кесел бұл өзі? Таудай адамды тастай мүжи салатын ажалдың апанындай елес беретін кеселге шалдыққандар бұл дертпен қалай күресіп жүр? Жеңгендер қандай кеңес береді? Осы төңіректе әңгіме өрбітсек. Заманауи дәрігерлердің пайымына сенсек, обыр – кесілген үкім емес. Бұл жазуға, жазылуға болатын дерт. Ем-дом неғұрлым ерте анықталып, алдын алудың заманауи тәсілдерінің нәтижесінде науқастың жазылып кету ықтималдығы орасан. Негізі жаман аурудың алдын алудың ең тиімді тәсілі – халықты профилактикалық-медициналық тексеруден дер кезінде өткізу. Жаман ауру жағадан алмай тұрғанда анықтап, емге көнетін уақытында құлан-таза айығып шығуға скринингтік тексерулердің нәтижесі зор. Обыр – жалпы 100 аурудың белгісін жинап алған. Бұл дерт ағзаның кез келген бөлігін бұза алады. Оның бірден-бір белгісі – клеткалардың тез түзілуіне ықпал етіп, қатерлі ісіктің жасушалары маңайдағы органдарға шабуыл жасайды. Олардың қалыпты жұмысы бұзылып, қатерлі ісіктің жасушалары дененің басқа бөліктері мен органдарына таралады. Бұл процесті медицина тілінде метастаз деп атайды. Ең алдымен бұл дерттің пайда болуына тоқтала кетсек, негізгі себептеріне қоршаған ортаның факторлары әсер етеді. Мысалы, шылым шегу, алкогольді қабылдау, дене белсенділігінің төмендігі, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, инфекциялық факторлар, ультракүлгін сәулелену және атмосферадағы ауаның бұзылуы осы дертке алып келеді. Бұл дерт адам папилломавирусына (HPV) қарсы вакциналау арқылы алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік екен. Көп жағдайда жатыр мойны обырының дамуына HPV себеп болады. Осы жылы 11-ден асқан 170 мыңнан астам қызға HPV-ға қарсы екпе салынады. Бұған дейін ата-аналардың рұқсатымен 17 925 қызға екпеге сынама жасалған екен. Жағдайлары өте жақсы. Қыздардың 90 пайызы 15 жасқа дейін HPV вакцинасымен егілуі керек. Оны ұлдарға да салу ұсынылады. Дәрігерлердің кеңесіне жүгінсек, қыздардың ата-аналары түсіністікпен қарап, егу жұмысына қарсы болмауы керек, себебі 174 елде осы қарсы егу жұмысы қолға алынған және де нәтижесі өте жоғары көрінеді. Қыздарды жатыр мойны қатерлі ісігінен өмір бойы сақтауға болады. Бұл жұмыс 2024 жылдың екінші жарты жылдығынан басталады. Облыс бойынша 2023 жылы 8740 адам қатерлі ісікпен есепте тұрған. Осы жылы қатерлі ісікпен алғаш рет анықталған аурулар саны 1621-ге жеткен. – Дерт көрсеткішінің жылдан жылға аздап көтерілгендігі байқалады. Мұның себебі – қатерлі ісіктің ерте сатысының көп анықталуына байланысты. Облыс бойынша былтыр осы дерттен 711 адам қайтыс болды. Яғни, өлім көрсеткіші 100,0 мың адамға шаққанда 58,2-ні құрады. 2022 жылы 734 адам қайтыс болып, өлім көрсеткіші 60,4-ті құрады. Өлім көрсеткішінің бұл жолы аздап төмендегені байқалады, оның себебі есепте тұрған аурулардың бес жылдық және одан жоғары өмір сүруінің ұзарғанына байланысты деп есептейміз. Өңірде 2022 жылы қатерлі ісікпен алғаш рет ауырғандар 56,5 пайыз болса, былтыр 1621 адамның 61,6 пайызы сырқаттың I және II сатысында екені анықталды. Бұл – осынша науқастың қажетті емді уақытылы алса, жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз. Жалпы, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін ауруды алдын алу және ерте сатыда анықтау қажет, – дейді облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Айваз Алиханов. Статистикаға жүгінсек, облыста 2023 жылы обыр ауруының үлес салмағы бойынша бірінші орындағы қатерлі ісікке шалдыққан өкпе – 18,6 пайызды, ұйқы безі – 10,5, асқазан – 9,9, бүйрек – 6,8, тоқ ішек – 5,5, бауыр – 4,9, сүт безі – 4,9 пайызды құраған.
Скрининг – дерттің алдын алады
Иә, адамның ең қымбат қазынасы денсаулығы десек, оған немқұрайлы қарауға болмайтыны тағы бар. Бастысы, дер кезінде дәрігер кеңесіне жүгінген жөн. Қатерлі ісікке тосқауыл қою үшін обырға әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды қарау барысында емхана, дәрігерлік амбулатория жұмыстарын жандандыру маңызды. Мысалы, сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, тері, қалқан безі обырына әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды емдесе – ауру асқынбайды екен. Сондықтан әрбір адам емхана мен дәрігерлік амбулаторияға қаралған кезде әйелдер мен ерлерді қарау кабинетінен өтуге міндетті. Осы тексеру туралы жанұшыра айтқан дәрігерлердің кеңесіне немқұрайлы қарап, құлақ аспайтындар да көптеп кездеседі. Расында, қатерлі ісік ауруларын (әсіресе көзге көрінетін) ерте сатыда анықтауға болатыны бүгінгі таңда талмай, тынбай дәрігерлердің қадағалап, скринингтен өткізуінің бір нәтижесі десе болады. Бүгінде медициналық көмек алуға алдымен емханаға, дәрігерлік амбулаторияға жүгінетіндіктен, онкологиялық сақтық шараларын жүргізуге аталған емдеу мекемелерінің мамандары үлкен жауапкершілікпен қарайды. Облыстық онкология диспансері онкологиялық сақтық принциптерін енгізу және онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау мақсатында 3 семинар өткізіп, 60 дәрігер мен 105 орта буынды маман біліктілігін арттырған. Бұл жұмысты жергілікті онколог және маммолог дәрігерлері де жалғастыруда. 2023 жылы 55158 әйел сүт безі обырын анықтайтын скрининг тексеруден өткен. Тексеру барысында 53 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталған. Оның ішінде I сатысындағы – 17, яғни 32 пайыз, II сатысындағы – 36 яғни 67,9 пайызды құрап отыр. Дерт неғұрлым алғашқы сатыларда анықталса, емдеу нәтижесі де соғұрлым жоғары болады. Тексеру барысында 8964 әйелден түрлі ауру анықталған. Олар қатерлі ісікке жатпайтын аурулар болғандықтан, маммолог дәрігерінен кеңес алып, ем тағайындалған. Жатыр мойны обырын анықтаудан 55647 әйел скрининг тексеруден өткен. Тексеру барысында 24 әйелден жатыр мойны қатерлі ісігі анықталған. Оның ішінде I сатысындағы – 15, II сатысындағы – 9. Емдеу нәтижесі жаман емес. Тексеру барысында 1604 әйелден қатерлі ісікке жатпайтын басқа аурулар табылған. Олар да гинеколог дәрігерінен кеңес алып, ем қабылдауда. Тоқ ішек, тік ішек обырын анықтаудан болса, 58775 адам скрининг тексеруден өтті. Тексеру барысында 33 адамнан тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігі, оның ішінде, I сатысында – 11адам, II сатысында 21 – адам, III сатысында – 1 адам анықталған. Жергілікті қалалық және аудандық емханалардың мәліметі бойынша шамамен 23-25 пайыз тұрғын әлеуметтік медициналық сақтандырудан өтпеген. Яғни, оларға медициналық көмек көрсетілмеуі мүмкін немесе оларға медициналық көмек ақылы түрде жүргізіледі деген сөз.
«Жаман ауруды» жеңген – жеңімпаз!
Осы дертті зерттеп, зерделеу барысында жаман ауруға шалдығып, соңыра жеңіп шыққан ақын, журналист Асылзат Арыстанбекпен тілдестік.– Қатерлі ісік – қазіргі таңда өршіп тұрған аурудың бірі. Әсіресе, әйелдердің жатыр мойны, кеуде обыры деген сияқты түрлері бірінші орында. Өзім бірнеше жыл бойы осы дертпен күрестім. Жеңіп шықтым. Қазір жеке сауықтыру орталығын ашып, сол қатерлі ісікке шалдыққан жандарға психологиялық көмек беріп отырмын. Ең бастысы, аурудан емес, сол диагнозды естіген сәтте-ақ стресстен шыға алмай, өліп кету қаупі белең алған. Мысалы, өзін қалыпты күйде ұстап, психологиялық тұрғыдан «Кез-келген жағдайға дайынмын!» деген адам болса, сол дерттен дұрыс емделіп, кез-келген ауруға қасқайып қарсы тұрып, жазылып шығуға болады. Бірақ, өзі стресстен, ашу мен ызадан пайда болады, яғни ұйықтап жатқан клетка оянып кетеді. Сөйтіп адам өзі сезбейді. Қалыпты өмір сүре береді. Кейін өзінен өзі ұйқысы қашып, мазасызданғанда барып біледі. Оба дертіне шалдығып, жеңіп шыққан адам ретінде не кеңес бере аламын? Адамдар медициналық ем-дом ала жүріп, өзінің психологиялық қалпын да емдеуі керек. Өйткені, әрбір ауруханаға барғанның өзі стресс, күйзеліс. Ішкі ой маза бермей, қиналады. Қауіпті ойдың жетегінде күйзеліске түседі. Дәрігерлер «Біз емдейміз, жазыласыз» деп қолдау керек. Біздің миымызда жалпы «Химиятерапия өте ауыр», «Жазылмайды» деген ақпарат бар. Дертке шалдыққан адам азап шегуден қорқып, өзін-өзі азаптайды. Жазылу қиындайды. Өйткені, өзі стресстен оянып кеткен клетка, иесінің стресс бола бергенін қалайды. Кейде 1 немесе 2-ші стадиядағы клетка емдеу барысында үрейге бой алдыру салдарынан демде қатерлі нүктеге барып, тез өсе бастайды. Сондықтан міндетті түрде психологиялық көмек қажет. Қазір Шығыс медицинасы және Германия сынды мемлекеттер осы салада өте жақсы жұмыс істеп келе жатыр. Мәселен, мен ауруханада обырдан емделіп жатқанда психолог бір рет ғана келіп, тестке жауап беруімді өтініп, белгі қойдырып алып кетті. Басқа ешқандай қолдау, сөз демеу бермеді. Бұл дертті қалай жеңіп шығуға болатыны жайлы да кеңес айтпады. Ауырған адамға «Сіз жазылып кетесіз» деген сөздің өзі дәрі. Сондықтан біздің елде де психотерапевт, психологтар обыр дертіне шалдыққан жанды демеп, қасында жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді дертті жеңген жеңімпаз.
Жан-жарымның қолдауы – өмірімді ұзартты
Анарбек Әкімбаев бүгінде обыр дертіне шалдығып, ұзақ мерзімде ем алып жүрген азамат. Өмірдің сан сынағынан сүрінбей өтіп, денсаулығы сыр берсе де, өмірге деген құлшынысы орасан.– Орыс халқында бір жақсы мақал бар: «Құдайды күлдіргің келсе, оған алдағы жоспарыңды айтып бер» деген. Расымен, аяқ-қолы бүтін, дені сау адам Құдайдан жарлық келсе, бір-ақ күнде жағдайы мүшкіл бола қалатынынан бейхабар. Мен де спортпен шұғылданып, отбасымды асырап, тіршілік істеп, шапқылап жүрген азамат едім. Бір-ақ күнде тағдырым өзгерді. Мендегі дерттің басы сонау 2013 жылы басталды. Тепловоздан секірген сәтте құлап, сол жақ тіземді ауыртып алдым. 2 айдан кейін ісік пайда болды. Дәрігерлер аяғымды кесу қажеттігін айтқанда, жансауғалап емшіге бардым. Нәтиже болмаған соң, ауруханаға қайта оралдым. 2014 жылдың күнтізбесіндегі қаңтардың 14-і миымда жазылып қалды. Сол күні дәрігер Жұмабай Жасұзақұлы ота жасап, бір аяғымды кесті. Сол жылы 17 ақпанда химиятерапияға келдім. «3-4 ай өмірі қалды» деген дәрігердің сөзін естідім. Биыл 2024 жыл. Міне, 10 жылға жуық уақыт өтті. Мен ел қатарлы ғұмыр кешіп жатырмын. Бастысы – жаным аман. Бүгінде 1 ұл 5 қызым бар. Балаларым салоннан су жаңа көлік тарту етті. Менің жүрегімді нұрға бөлеп, сәулелендіріп келе жатқан тірегім – менің отбасым. Жарым Бейсекүлдің «Жаным, сен күштісің, бәрін жеңіп шығасың!» деп жиі айтқан сөзі ең ұлы мотиватордың айтқанынан да қымбат, бағалы. Сол сөз маған қанат бітіреді. Ал ауруханадағы психологтарды өзің іздеп бармасаң, олар сені іздеп келмейді. Ем-дом алып, химиятерапиядан өтіп тұрамын, – дейді Анарбек аға.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ