Жаңалықтар

Тұтынушылық мәдениет – тұрақты энергияның кепілі

Тұтынушылық мәдениет – тұрақты энергияның кепілі

Жаһандық ахуалдың түрленуі технократтық дәуірде жаңа ұстанымдар мен принциптердің, жаңаша проблемалар мен олардың шешу жолдарын қалыптастырды. Әсіресе, өткен ғасырдағы индустриализацияның жедел түрде жүзеге асырылуы экоахуалды түбегейлі өзгертті десек те болады. Соның салдарынан әлем жұршылығы бүгінде «жасыл» экономикаға тәуелді болып отыр. Негізінен климатқа қатері аз энергияны қалыптастыруды көздейтін баламалы энергетика саласы жөнінен Жамбыл өңірі елімізде көшбасшылардың бірі саналады. Өз кезегінде біз де осы саланың маманы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша «электроэнергетика» мамандығының магистрі, бүгінде отандық «Қазминералс» компаниясының қызметкері Жандос Тлешовтан еліміздегі энергия үнемдеу бойынша жасалып жатқан жұмыстар жөнінде пікір алмасқан едік.– Бүгінгі таңда еліміздің жасыл экономикаға көшу жағдайын қалай бағалайсыз?

– Жалпы, бүгінде елімізде «жасыл» экономиканың су ресурстары, ауыл шаруашылығы, энерготиімділік сынды бірнеше бағыттары бар. Соның ішінде мен жетекшілік ететін электр энергетикасы жайлы айтар болсам, қазіргі таңда елімізде бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, оңтүстік өңірлерде электр энергетикасы көздерінің тапшылығына байланысты оның жаңа көздерін іздестіру бойынша инвестиция тарту ісі жүйелі түрде жүзеге асуда. Осы бағытта облысымызға 4 бірдей 1 гигаваттық электр станциясын салу жоспарда бар. Соның бірі – Мойынқұм ауданы, Мирный кентінде «Total Energy» компаниясы есебінен жүзеге аспақ. – Баламалы энергия көздері қатарына ядролық энергия, яғни атомдық энергия туралы халқымызда екіұшты ой қалыптасқан. Сіздіңше, дәл қазіргідей жағдайда атом энергиясын өндіруге қаншалықты дайынбыз? – Энергия көзін қалыптастыруда көмір жағу, ядроны бөлшектеу сынды бірнеше тәсіл бар. Алайда, аталған тәсілдер көмірқышқыл газын шамадан тыс көп мөлшерде бөлу арқылы өз тиімсіздігін көрсетіп отыр. Баламалы энергия көздері зиянды қалдықтар бөлмегенімен, ауа райының құбылуына байланысты бізді тұрақты генерациямен қамтамасыз ете алмайды. Осы ретте атом энергиясының тиімділігі анық байқалады. Өйткені, электроэнергетиканың базалық мөлшерлемесін қалыптастыруда тұрақты әрі сенімді энергия көзі қажет. Негізгі отын ретінде уранды пайдаланатын бұл тәсіл бүгінде еліміз үшін ең оңтайлы шешім болғалы тұр. – Бүгінде елімізде 40-қа жуық су электр станциясы бар. Алайда, елімізде су тапшылығы орын алып отырғаны жасырын емес. Демек, бұл алдағы уақытта су көздерінен алынатын баламалы энергия көздерінен біртіндеп бас тартамыз деген сөз ғой? – Бұл үшін су электр станцияларының қандай механизммен жұмыс атқаратындығына назар аударуымыз қажет. Біріншіден, аталған электр станциялары қуат көзін судың мөлшерінен емес, судың ағынынан алады. Яғни, мұнда ешқандай су қорына әсер ету процесі орын алмайды. Сол үшін елімізде су қорларын қуат көзі ретінде пайдалану ағын судың мөлшерін кемітеді деген жаңсақ пікірден алыс болуымыз керек. Мұнда тек жалғыз ғана тәуекел – гидроэлектростанциялар судың бағытын өзгертуі мүмкіндігінен пайда болуы мүмкін. Сол үшін энергия өндіруші құрылыс нысаны өзендер бойынан алыс емес аумаққа салынғаны жөн. – 2013 жылы «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Біз бүгінде осы тұжырамдаманың екінші кезеңіне аяқ басып отырмыз. – Жоғарыда айтып өткеніміздегідей, «жасыл» экономика сан салалы болып келеді. Мысалы, электр энергетикасы бойынша тұжырымдама қабылданған жылы жалпы өндірілген энергия көзінің 0,58 пайызы ғана «жасыл» экономикаға тиесілі болған. Ал, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 4,5 пайызға дейін өсіп отыр. Бұған аталмыш құжаттама аясында Энергетика министрлігінің жанынан «Жаңартылған энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының» ашылуы себепкер болды десек, қателеспейміз. Орталық құрылғаннан бері түрлі шетелдік инвесторлармен 15 жыл мерзімге келісімшарт жасасып, баламалы энергия көздерін өндіру және оны сатып алу бойынша жұмыстар жасап келеді. – Өңірі жел, күн энергиясын өндіруге қолайлы мекен. Өңірдің баламалы энергия көздерін қалыптастырудағы әлеуеті жөнінде айтып өтсеңіз. – Иә, дұрыс айтасыз. Жамбыл облысы баламалы қуат көздерін өндіру бойынша еліміздегі жетекші өңір деп толыққанды айта аламыз. Мысалы, Қазақстандағы алғашқы өндірістік бағыттағы жел электр станциялары алғаш болып Қордайда пайда болды. Сонымен қатар, өңірде бүгінде 19 баламалы энергия көздерін өндіруші нысан бар. Жалпы қуаттылығы 441 мегаватты станциялардың 5-і күн электр станциялары, 9-ы жел электр станциялары, 5-і гидроэлектр станциялары болып отыр. Бұдан бөлек, Үкімет тарапынан алдағы уақытта бірнеше қуат өндіруші нысандар салу жоспарланған. Атап айтқанда, Сарысу ауданында әрқайсысының қуаты 550 мегаваттық екі жел электр станциясы шетелдік инвесторлар тарапынан салынбақ. Бұл жоба Араб Әмірліктері мен Қытай компаниялары есебінен жүзеге аспақ. Сондай-ақ, Франция елінің мердігерлері Мойынқұм ауданы, Мирный кентінде, қытайлық тағы бір компания есебінен өңірдің өзге де аймағында қуаттылығы 1 гигаваттық жел электр станцияларының құрылысы жоспарланып отыр. Осындай перспективаларды ескеретін болсақ, облыстың баламалы энергия көзін өндіруде мүмкіндіктері көп екендігін байқауымызға болады. – Энергия көздерін ұтымды пайдалану қашанда өзекті. Бұл ретте адамзат жауапкершілігі мен адами факторлар басты рөл атқаратыны белгілі. Тұтыну мәдениетін қалыптастыруда мүмкін бізге де «Киото хаттамасы» секілді арнайы құжаттамалар қабылдау керек шығар. – Әрине, толықтай келісемін. Мысалы, сіз айтып отырған «Киото хаттамасы» сынды халықаралық құжаттамалар әлем елдерінің ортақ энергия көздерін үнемдеуге, өндірістік қалдықтар көлемін азайтуға бағытталған. Энергия көздерін үнемдеу бойынша ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте айтты. Шынында, бүгінде еліміз энергия тапшылығын сезініп отырғандығын ескерер болсақ, мұндай бастаманың керегі анық. Бұл ретте баламалы энергия көздерін үнемді пайдалану туралы ұсыныстарды идеология деңгейінде насихаттауымыз керек деп білемін. Ол үшін алдымен тұрғындардың функционалдық сауаттылығы мен жауапкершілік деңгейін арттыру қажет. Мысалы, кейбір аймақтарда ауызсуды бау-бақша алқаптарын суаруға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге пайдаланады. Сол секілді бірқатар нысандардағы жарық лампаларын қуат үнемдеуші жаңа түрлерге алмастыру секілді шаралар тұрақты түрде заңнама шеңберінде жүзеге асса тұтынушылық мәдениеттің қалыптасары сөзсіз. – Жандос Жанболатұлы, сіз мамандығыңыз бойынша шетелде білім алдыңыз. Ондағы «жасыл» экономикаға көзқарас қандай? – Еуропа елдері мұндай мәселеге аса ден қойып отыр. Өзім білім алған Ұлыбританияда, мәселен, елдің солтүстікте орналасуына байланысты қауіп-қатерлердің туындау мүмкіндігі ескерілген. Мұнда өндірісте баламалы энергия көздері алмастырылмаған жағдайда, көмірқышқыл газдарының көп бөлінуінен парникті газдардың шамадан көбеюі орын алады. Ал, парникті газдар, өздеріңіз білесіздер, жаһандық жылыну мен озон қабатының жұқаруын, мұздықтардың еру процесін жеделдетуші фактор саналады. Бұл әсіресе, солтүстік жарты шарда орналасқан мемлекеттер үшін үлкен жауапкершілік. Осы жалпы адамзаттық апаттың алдын алу әрбір тұрғынның парызы екендігін біз де түсінуіміз қажет. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Нұрболат АМАНБЕК.