Жаңалықтар

Тактикалық арнайы оқу-жаттығу өтті

Тактикалық арнайы оқу-жаттығу өтті

«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Минералды тыңайтқыштар зауытында жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар бойынша тактикалық арнайы оқу жаттығу өтті.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарды одан әрі жетілдіру, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын көктемгі кезеңге дайындау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, зауыт аумағында шартты түрде болған қатты жер сілкінісінің салдарынан аммиак цистернасы мен дизель отыны цистернасы құлап, герметикаланбаған өрт және отын багының жарылу қаупі туындады.

Оқиғаға куә болған ауысым шебері бірден өндірістік персоналды байланыс бойынша аварияның туындағаны туралы хабардар етіп, сирена мен «газқағар киіп, газдалған аймақтан кету» командасы іске қосылды.

Осыған байланысты қызметкерлерді жинаудың қауіпсіз орны анықталып, оларды эвакуациялап,еріктілерден құралған газдан құтқару жасағының көмегімен және зауыттың күзет күштерімен қауіпсіздік бекеттері қойылды.

Мұнан соң оқиға орнында төтенше жағдайды жою бойынша жедел штаб құрылды. Аталған оқиға бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Руслан Орынбеков келіп жеткен күштердің алдына авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жауынгерлік міндет қойды.

Апат орнына 14 адамнан тұратын газ құтқарушылар және өрт сөндіру бөлімі құрамында әскерилендірілген авариялық құтқару қызметінің бөлімшесі келіп, аммиактың төгілуі нәтижесінде пайда болатын аммиак-ауа бұлтының таралуын шектеу бойынша тапсырмаларды орындады.

Өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу кезінде полиция патрульдері жақын маңдағы қиылыстарда көлік құралдарының апатты аумаққа кіруін бақылады.

Сондай-ақ, Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшілері халықты ықтимал жұқтыру аймағынан эвакуациялау бойынша іс-шаралар жүргізіп, қойылған оқу жауынгерлік міндеттерді орындап шықты.

Барлығы 69 адам, 17 техника жұмылдырылған оқу-жаттығу жиынында сөз сөйлеген Ербол Шырақпайұлы кез келген табиғи және техногендік сипаттағы апатқа дайын болу керектігін айтты.

– Жуырда Алматы қаласында болған жер сілкінісінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек», деген болатын.

Президенттің тапсырмасы аясында өткізілген тактикалық-арнайы оқу-жаттығу нәтижелі болды деп ойлаймын. Біздің ең бірінші мақсатымыз – кез келген жағдайда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Осы сынды арнайы оқу-жаттығулар Жуалы және Байзақ аудандарында да ұйымдастырылды.

 

Нұрболат АМАНБЕК