Әлеумет

Спорт алаңы ма, әлде ит төбелестіретін орын ба?

Спорт алаңы ма, әлде ит төбелестіретін орын ба?

5Спорт денсаулық кепілі екенін бәріміз білеміз, бірақ сол спортты қаншалықты, қалай пайдаға асырып жүрміз? Осы мақаланы жазуға себепші болған өзім тұрып, өмір сүріп отырған мекен-жайдағы келеңсіз көріністер десем, артық айтқаным емес. Жазбайын десем, болмады... Өткен жазда біздің Қарой ауылдық округіне қарасты «Қаламаңы» (Пригородное) ауылының кіре берісінде шағын футбол алаңы ел игілігіне берілді. Осы алаң ашылғанда балаларымыз спортпен шұғылданатын болды деп қатты қуанып едік. Өйткені, ұлымыз футболды жақсы көретін. Алаңның айналасы қоршалды, жанында бір-екі әткеншек те бар, қызыл құм төселді, футбол қақпалары орнатылды. Бірақ... Менің сол кіші алаңның қасынан өткен сайын алаңда ойнап жүрген балаларға жаным қатты ашиды. Азамат ретінде және дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі ретінде айтайын дегенім, сол алаңда ойнап жүрген балаларды көргенде төселген қызыл құмның шаңы шығып, бітпеген алаңның балалар денсаулығына кері әсер ететіні көзге анық көрініп тұрады. Хош, жасанды көгал төселмесе де, сол алаңда балалар ойнай бастады. Ең өкініштісі – соңғы уақыттарда сол жерде әрбір жексенбі сайын иттердің төбелесі ұйымдастырылатын болды. Бірнеше рет сол иттердің төбелесін мен де ұлыммен бірге «тамашалауға» тура келді. Ит жеті қазынаның бірі емес, құдды бір зұлымдықтың, қаныпезерліктің үлгісі ретінде көңіліме қатты қаяу түсірді. Иттердің төбелесін тамашалауға келгендер мұнда бірінен кейін бірі жекпе-жекке шыққан иттердің шайқасын, қан-жоса болып қырқысқанының, өлімші күйге түскенін көрді. «Қызыққа» әдбен еліріп алғандар жеңген ит үшін, бәске қомақты қаржы тігеді екен. Соңында кейбір иттер жарымжан болып қайтып жатты. Жаның ауырады әрине. Өйткені, ауылдың қақ ортасында осындай иттер төбелесін көріп өскен жас ұрпақтың бойында кішіпейілділік пен имандылықтың орнына қатыгездік қасиеттің қалыптаспасына кім кепіл? Құрметті оқырман, өзімнің ауылымда болып жатқан осындай келеңсіз жайлар жайында ой қозғамасам болмайтынын түсіндім. Біздің білгіміз келетіні сол, бұл алаңның егесі кім? Шағын футбол алаңына жасанды көгал төселіп, балалардың алаңсыз жаттығулар жасауына қашан жағдай туады? Ол үшін арнайы жаттықтырушылар іріктеп алына ма? Әлде, алдағы уақытта да спорт алаңында иттер төбелесі өте бере ме? Біз көтеріп отырған осы мәселелер бойынша Жамбыл ауданының әкімдігінен, аудан әкімдігінің спорт және дене тәрбиесі бөлімінің басшылығынан газеттің кезекті сандарынан тұшымды жауаптар күтеміз.

Асқар Жазыбаев, Тараз химия-технологиялық колледжінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі.

Жамбыл ауданы.