Ұшқыр ой, қуатты қалам
Ұшқыр ой, қуатты қалам
Анау замандары шетел сапарларын келістіре жазған қазақтың тұлғасы биік, тұғыры мықты Мұхтар Әуезов пен Тахауи Ахтановтың Америка және Үнді очерктерін жұрт тамсана оқып, ішіндегі оқиғаларды жырдай жырлаушы еді. Елдігімізді алғалы, сол үрдіс жаңа қырынан көрініп келеді. Содан да болар, кей азаматтардың бүгінгі дәуіріміздегі публицистикаға ерекше мән беріп, көш бойы озық келе жатқанын атап өтіп жүргені. Сондай бір ұшқыр ойды қарымды қаламмен маржандай етіп қағаз бетіне түсірген, Қазақ елін көркем тілмен кестелеген «Жұмыр жердің жұмағы» атты кітап таяуда қолымызға тиді. Авторы – Қуат Бораш. Жинақтың беташар сөзін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов жазыпты. Онда ол: «Журналистиканың дамуындағы әлемдік үрдістер дегенде, алдымен айтатынымыз – ақпараттың жаһандануы, одан кейін ауызға алатынымыз – журналистика мен экономиканың қойындасып кеткендігі, бірігіп, кірігіп бара жатқандығы, содан соңғы сөз арқауы ететініміз – саралану мен мамандану десек, кітаптан осы сипаттардың бәрін де көреміз. Қуат Бораш қаламына кең құлаштылық, нені болса да әлемдік ауқымда қарастыруға тырысушылық тән», дейді. Журналистік қадамын өңірде бастап, «Егемен Қазақстан» басылымында шыңдаған журналистің бұл кітабы негізінен үш бөлімнен тұрады екен. Бірінші бөлім еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму сатылары бойынша нақты дәлел-дәйектерге жүгінген терең талдауларға құрылған сараптамалардан тұрса, екінші бөлімге шетелдерге барған сапарларынан жазған ойлы мақалалары топтастырылған. Үшінші бөлімге елге танымал азаматтар, ата-ана жайлы толғаныс, дос-жаран туралы толғаныстар орын алыпты. Мысалы, «777-ші шақырымда түйіскен ТҮРКСІБ» деген мақалада Түрксіб теміржолының бастау басынан әңгіме қозғап, әр жылдардағы жұмыстарды баяндай келіп, қазір ол тәуелсіз елдің мерейін өсірген Трансазиялық теміржолдың алтын арқауына айналғанын тілге тиек етеді. Сол секілді, қазақ мұнайының жай-жапсарын сөз еткенде, әлемдік «қара алтынның» қай елде қанша қоры барын тарата айтып, Отанымыздың 12-орында тұрғанын алға тартады. Әлем елдеріне шыққан сапарлар бойынша берілген топтамалардағы танымдық дүниелер дүйім елдерден мол мәлімет береді. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарларындағы ел беделі мен Елбасы абыройы ерекше көрініс тауып отырады. Мемлекеттер арасындағы жасалған шарттар мен Сакура еліне барған тұстағы жолсапарлар көп жайды еске салады. Ізет пен инабаттың үлгісі іспеттес Күншығыс елінің гүлденген өмірімен қатар, қилы тағдыры да назардан тыс қалмайды. Жалпы, журналистердің жолсапарлардан жазған мақалалары ертеңгі ел тарихының алтын арқауына иненің жасуындай болса да үлес қосатыны сөзсіз. Себебі, онда болған әңгімелер тәуелсіз елдің іргетасын бекітіп, еңсесін тіктеуге арналғаны анық. «Жұмыр мүсін» атты соңғы бөлімдегі дүниелерде әкенің асыл қасиеті, бір жаратушының барына сеніп, тәубеден жаңылмай, адамдықтан адаспай жүру жөніндегі үлгісі, ананың алтын алақаны, дәулеттің бітуі адал еңбекке тәуелді болатынын айтып, оны нақты мысалдармен дәйектейді. Дос жайлы толғаныста балалық шаққа саяхат жасап, ауыл адамдарының әдемі мінезін көңілдегідей суреттейді. Өнер әлемінде жүрген Қалдыбек Құрманәлиев, Досымжан Таңатаров туралы жазбалары да тартымды. Әрқайсысының бітім-болмысы тайға таңба басқандай желі тартады. Соңғы бөлімдегі очерктер мен естеліктер болашақта көркем дүниеге сұранып тұрғандай. Сонымен ақындық пен журналистиканы қатар алып келе жатқан қаламгердің бұл жинағының бір ерекшелігі – қасаңдықтан аулақ, төгілтіп жазғанда төрткүл дүниені түгел көз алдыңа әкеледі.
Сүлеймен МӘМЕТ, жазушы, публицист.