Елінің бағын ашуға қызмет еткен тұлға
Елінің бағын ашуға қызмет еткен тұлға
Халықтың жақсы сөзі бар: «Таулар алыстаған сайын, олардың асқар шыңы айбынды көрінеді». Тау тұлғаға айналған адамдар да өмірден озып, бақилық өмірге кеткен кезде, олардың бейнесі жүректен өшпейді, көз алдынан кетпейді. Сондай адамдардың бірі – елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, алты Алаштың біртуар азаматы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев. Бердібек Аға туралы көп айтуға болады. Адамшылық, адамгершілік, ізгілік кез келген пенденің өміріндегі биік мұраты болса керек. Көп пенденің бірі болып өмір сүру бар да, нағыз адам болып өмір сүру тағы бар. Өкінішке орай пенделерге қарағанда нағыз адамдардың саны тым аз. Бердібек Мәшбекұлы – пенделіктен өзін биік ұстап, адамгершіліктің биіктігіне жеткен тұлға еді. Ол үнемі қайнаған өмірдің ортасында жүрді. Премьер-министрдің орынбасары, министр, 5 облыстың әкімі – осындай еңбектің арқасында үлкен абырой жинап, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, парасатты басшы, үлкен жүректі ұстаз ретінде елдің зор құрметіне ие болды. Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысын 2 жыл 2 ай басқарды. Артында жақсы із қалдырды. Әнет бабаның Қазыбек биге берген батасында келесі сөздер бар: «Балам, әкім деген сөзді ұмытпа: «Ә» деген әміршіл болма, әділ бол, «К» деген – кекшіл болма, көпшіл бол, «І» деген – іріткі салма, ізетті бол, «М» деген – менмен болма, мейірбан бол». Әкімге қажетті осы қасиеттердің барлығы Бердібек Мәшбекұлының бойында бар еді. Оны халық жақсы біледі. Мен Бердібек Мәшбекұлын біздің Жамбыл облысына әкім болмай тұра, бұрыннан білетінмін. Кезінде мен ректор, Білім және ғылым министрінің орынбасары болып, Бердібек Мәшбекұлымен жұмыс барысында жиі араластым, себебі ол Премьер- министрдің орынбасары ретінде Үкіметте идеология және әлеуметтік саланы басқарды. Облыс әкімі ретінде Сапарбаевтың қандай өзге ерекшелігі болды? Біріншіден, экономика ғылымдарының докторы болғандықтан, оның аналитикалық ойлау қабілеті өте жоғары еді. Әкімнің жұмысында кешенділік пен жүйелілікті жақсы көретін. Майда-шүйде мәселелермен басын қатырмай, аппараттың алдында стратегиялық мақсаттарды нақты қоятын және оларды орындауға қол астындағы қызметкерлерді ұйымдастыра білетін. Екіншіден, Бердібек Мәшбекұлы өзіне дейін Жамбыл облысын басқарған әріптестеріне үлкен құрметпен қарайтын. Жиналыстарда:« Бұл жобаны Мырзахметов Асқар Исабекұлы бастаған. Біз оны жалғастырамыз», – деп отыратын. Өңірді басқарған тұлғалардың арасындағы байланыс пен сабақтастық осындайдан басталады. Біздің облыс аграрлық аймаққа жатқандықтан, Бердібек Мәшбекұлы ауыл шаруашылығы мәселелеріне ерекше көңіл бөлетін. Мысалы, кезінде субсидия көлемі өскенімен, бұл салада ауқымды өзгеріс болған жоқ. Өкінішке орай, шаруалар субсидияны мемлекет беретін төлем деп қабылдады. Субсидия дегеніміз шаруаларды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл. Сондықтан да субсидияны шаруаларға мақсатты беру, тиімді пайдалануына талдау жасап, бақылауда ұстау, субсидиялау туралы ақпарат ашық болып, толық қамтитын платформа әзірлеп, шаруаларға тегін қызмет көрсету – осындай мәселелерді Бердібек Мәшбекұлы тікелей өз бақылауында ұстады. Үшіншіден, Сапарбаевтың өмір мектебінен көптеген жастар өтті. Бердібек Мәшбекұлының адамды тани білетін, өзінің бір «ішкі рентгенінен» өткізетін қасиеті болған. Соның арқасында мамандарды таңдап, оларға күрделі мақсаттардың орындалуын сеніп тапсыратын. Сол жастар бүгін әртүрлі аймақтарда басшылық қызметте нәтижелі еңбек етуде. 2020 жылы ақпан айында Қордай оқиғаларынан кейін Жамбыл облысына әкім болып тағайындалғанда, Бердібек Мәшбекұлы өз командасымен келген жоқ. Өзімен біраз жыл қызмет істеген, өзі тәрбиелеген Жылқыбаев Ержан Жұматұлын алып келді. Қалған облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан әкімдері жергілікті азаматтар болғанын жақсы білеміз. Мысалы, бүгінгі Қазақстан Республикасының Су шаруашылығы және ирригация министрі Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы да Сапарбаевтың мектебінен шыққан тұлға: аудан әкімі – облыс әкімінің орынбасары – облыс әкімі – Министр. Осындай мысалдарды тағы да келтіруге болады. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген осы болар. Төртіншіден, Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысында көптеген әлеуметтік жобаларды іске асырды. Мысалы, «Асарлатып үй салу», «Жомарт түлек», «Таразға тарту» сияқты жобалар халықтың өмір сапасын жақсартуда нақты нәтижелер берді. Көп жылдар бойы ұмытылған асарлатып үй салу қазақтың салтын Бердібек Аға қайта жаңғыртты. Баспанаға қол жеткізе алмай жүрген, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен 350-ге жуық отбасы осы жоба аясында үйлі болды. Сапарбаев осы халықтың бақыт шамын жақты. Қаншама мұқтаж жандар алғысын айтып, батасын беріп жатты. Бесіншіден, Бердібек Мәшбекұлының жұмыс стилі басқа басшылардан бөлек болатын. «Мен бес облысты басқардым. Бірақ облыстарға бірдей өлшеммен қарау дұрыс емес, өйткені бір аймақты басқару қатып қалған догма емес, жаңа нәрсені үйреніп, тағдырына өзің жауапты аймақпен бірге дамисың», – дейтін Бердібек Мәшбекұлы. Алтыншыдан, Бердібек Аға шынайы достыққа ашық болған тұлға. Бірақ сатқындықты, екіжүзділікті, өтірік айтқанды кешірмейтін. Мұндай «достарды» өзінің «ішкі тізімінен» сызып тастайтын. Ал, Бердібек Мәшбекұлының ең негізгі қасиеті – қарапайым адамдарға жақын болды, халықпен бірге болды. Бердібек Ағаның бұл қасиеті Қордай оқиғалары, COVID-19 пандемия, Байзақ ауданындағы жарылыс, қаңтар оқиғалары кезінде айқын көрінді. Сондықтан ел де Сапарбаевты «кризис-менеджер» деп атап кетті. Екі жылдың ішінде Бердібек Мәшбекұлы облысымызда 460 мәрте елді мекендерге шығып, мыңға жуық нысандарды аралап, өз көзімен көріп, халықпен 163 кездесу өткізді. Кездесу қорытындылары бойынша 800-ден астам мәселелердің оң шешілуіне ықпал етті. Әкім болу оңай емес. Кез келген адам әкім бола алмайды. «Әкім болсаң, халыққа жақын бол» деген сөз бар. Бердібек Аға әкім ретінде халыққа жақын болды. «Халықтың мәселесін шешсең, кез келген ауылға ұялмай, басыңды жерге қаратпай бара аласың. Бұл – әкімнің ең негізгі тапқан бақыты», – дейтін Бердібек Мәшбекұлы. Әкім Сапарбаевтың жұмысындағы тағы да бір ерекшелік – облыста мемлекеттік жастар саясатын нақты іске асыру болды. Бердібек Мәшбекұлы жастармен жиі кездесетін, оларға қолжетімді және сапалы білім беруді, баспанамен қамтамасыз етуді, жұмыс орындарын ашуды күнделікті бақылауында ұстайтын. Бердібек Мәшбекұлының ұсынысымен «Әулиеата жастары» жобасы өмірге келіп, жастарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Адал азаматтың осы өмірлк ұстанымдарын әкімдер институтын дамыту мақсатымен пайдалануға болады. Бердібек Сапарбаевтың өнегелі өмірі бүгінгі әкімдерге және болашақ әкімдерге оқу құралы ретінде болу керек. Мен соңғы рет Бердібек Мәшбекұлымен 2023 жылы 5 наурыз күні кездескен едім. Сол күні Бердібек Аға республикалық Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауалды штабтың мүшесі ретінде Таразға келіп, екеуміз Жамбыл облысының бірнеше аудандарын аралап, халықтың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Елімізде болып жатқан саяси реформаға байланысты өз ойларымызбен бөлістік. Осы кездесу соңғы екенін білмедік. Әрине, Бердібек Мәшбекұлының өмірінде қиын кезеңдер де болды. «Тырнақтың астынан кір іздеп», аяғынан шалғысы келгендер де кездесті. Әйтеке бидің Күлтөбедегі бір жиында айтқан сөзі бар: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?!». Сол сияқты Бердібек Мәшбекұлының сағын сындырамын дегендер де болды. Өмірдің осындай қиын сәттерінен адалдық, ашықтық, әділеттілік сияқты ұстанымдарының арқасында ол үлкен абыроймен өте білді. Өзінің барлық өмірін халықтың бағын ашуға арнады. Бердібек Мәшбекұлының елімізге бергені аз емес. Әлі де беретіні бар еді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында жас мамандарға сабақ беріп, «Әлеуметтік кодексі» бойынша дәріс оқып, өз білгенін үйретті. Өкінішке орай, ортамыздан бақилық өмірге кетіп қалды. 9 ақпан күні 71 жасқа толатын еді. Артында басшы және ғалым ретінде жақсы із, үлкен мұра қалдырды. Осы мұраны зерттеу, сол мұрамен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтастықты орнату, сол мұра арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру – біздің парызымыз. Астанада өтетін конференцияның алдында белгілі ғалым Құлбек Ергөбек құрастырған кітаптың тұсаукесері өтеді. Бұл кітапты Бердібек Мәшбекұлына орнатылған рухани ескерткіш деп қабылдаған жөн. «Ниет ниеттен нәр алады, көңіл көңілден су ішеді» деген осы. Кітаптағы естеліктер елдің де, отбасы мен әулетінің де еңсесін көтерсін. Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың дана және дара тұлғасы халықтың есінде мәңгі сақтала бермек.
Махметғали САРЫБЕКОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.