Сұхбат

Биотехнолог, ғалым Әмір Қуат: Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу – адам өмірін жақсартады

Биотехнолог, ғалым Әмір Қуат: Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу – адам өмірін жақсартады

Елімізде 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің пайдасы турасында облысымызға жұмыс сапарымен келген ғалым, биотехнолог Әмір Қуатпен сұхбаттасқан едік.

  • Әмір Сансызбайұлы, бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің пайдасы қандай?

Ең бірінші – адамның денсаулығын дұрыстау. Өзіңіз білетіндей, қазір елімізде онкологиялық аурулар, инфаркт, инсульт, суицид көбейіп кетті. Ажырасу да көбейіп кетті. Соның барлығы циркадтық ритмге бағынатын нәрсе. Циркадтық ритм дегеніміз – биологиялық сағат. Десинхроноз деген термин бар. Ол неден пайда болады? Адам баласы өзінің табиғи белдеуінде тұрып, сол табиғи белдеуімен дұрыс өмір сүрмегендіктен десинхроноз пайда болады. Мысалы, Қазақстанның 80 пайыз халқы UTC+6 уақыт белдеуімен өмір сүріп жатыр. Негізінде олардың табиғи белдеулері – UTC+5. Айырмашылығы 1 сағат қой. Сондықтан олар UTC+5-те тұрып, UTC+6-ның заңымен жүріп келе жатқандықтан, табиғи түнгі ұйқысы 1 сағатқа кеміп отыр. Ал, түнгі ұйқы деген ең маңызды процесстердің бірі. Өйткені, адам ағзасындағы қайта қалыпқа келу ұйықтап жатқан кезде өтеді. Күн ұзағына жинаған ауыртпашылық, қауіп-қатер, зақым, стресс соның бәрін түзету ұйықтап жатқан кезде дұрысталады. Сондықтан, адам баласының табиғи ұйқы уақыты 1 сағатқа кеміп тұрғаннан кейін, жылдан жылға бірінің үстіне қабатталып, ұйқысы дұрыс болмай, денсаулығына кері әсер етуде. Мысалы, кішкентай баланың арқасында дорбасы бар дейік. Туғаннан бастап ол күніге ауыртпашылықты тас ретінде жинайтын болса, кешкісін үйге келіп дорбаны шешіп, ата-анасы иммунитет ретінде тасты шығармай ма?! Шығарудың орнына 1 сағат кем болғандықтан, күн сайын үстіне қайтадан қосып жатыр. Енді ойлап қараңыз, 30 жылдың ішінде күніге бір тастан сала берсе, 30 жылдан кейін ол көтере алмайтын ауыр болады. Сондықтан, қазір еліміздегі басты мақсат UTC+5-ті, яғни адамдарға өзінің уақыттық белдеуін қайтарып беру.

  • Зерттеу жұмыстарын кімдер жүргізді? 

Адамдар бір аптаның ішінде шешіп тастайды деп ойлайды. Бұл сұрақ 2020 жылы билікте ұсынылды. Бірақ, бұл бір күнде ғана көтеріле салған мәселе емес. Оның алдында қаншама талқыға салынды. 2020 жылы пандемия болғандықтан, 2023 жылға шегерді. 2022 жылдың соңына дейін зерттеулерді бітіріп, комиссия өзінің есептемелерін жазды. Оның ішінде астрофизик, генетик, медициналық қызметкерлер, терапевт, хронобиологтар бар. Қазақстан бойынша 60-қа жуық сарапшылар қатысты. Мысалы, менің уақыттық белдеулердің адамның ағзасындағы биологиялық сағатқа және оның денсаулыққа әсерін зерттегеніме 22 жылдан асты.

  • Бірыңғай уақыт белдеуін ауыстыру қазақстандықтардың жұмыс тәртібіне, энергиясына қалай әсер етеді?

Ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен бірнеше өңірді аралап шықтық. Мысалы, мен Астанада тұрамын. Бірақ таңертеңгісін сағат 7:00-де тұру үшін 5 оятқыш қоямын. Енді Ақтөбеге барсам, оятқышсыз өзім ояндым. Ол жақта уақыт автоматты түрде 1 сағатқа ығысты ғой. Оятқыш қалай 7:00-де тұр, дәл солай тұр. 1 сағаттық уақыт айырмашылығы ұйқымды қандырды. Әрине, ол менің көңіл-күйіме, жұмысыма әсері жақсы болады. Өйткені, ұйқысы қанған адам өте сапалы шешімдер қабылдайды.

  • Бірыңғай уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына әсері қандай?
 

Ел экономикасы туралы екі нәрсені атауға болады. Біріншісі – электр энергетика, екіншісі – адами капитал. Электр энергетиканы қарастыратын болсақ, ақиқатын айту керек, еліміздегі энергетика саласы қазір күйзелістен өтіп жатыр. Бұқаралық ақпараттан қарайтын болсақ, еліміздегі энергия өндіретін ресурстары кәдімгідей тозған. Соның барлығын біле отырып, біз өзіміздің энергия өндіру көздерін үнемдеп пайдалануымыз керек. Өкінішке орай, Қазақстан аумағында екі уақыттық белдеу болғандықтан, «час пик» деген сөз бар таңертең, түсте және кешкісін болатын, ол 1 сағат болудың орнына 2 сағатқа созылып жатыр. Ол дегеніміз не? Базалық және маневрлік генерация деген болады. Час пиктің кезінде үлкейіп кететін пиктарды маневрлік қуатпен қамтамасыз етеді. Бірақ оның да ресурсы бар емес па? Ол 1 сағат жұмыс жасаудың орнына қазір екі сағаттық белдеу болғандықтан 2 сағат жасауға мәжбүр болып тұр. Сонда қарапайым арифметика, 2 сағат ол 100 пайыз болса, 1 сағат жартысы. Мен қуаттылық туралы айтып отырған жоқпын, дәл энергия көздерінің ресурсы жайында. Яғни, час пик 1 сағатқа қысқарғанда 50 пайызға жүктеме азаяды да ресурс ұзара бастайды. Ол тек қана электр энергия емес, оны өндіру үшін отын, газ, мазут, көмір жағу керек. Ал, жанар-жағармайды жаққан кезде қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді. Ол да 2 сағат жасаған нәрсе 50 пайызға кемиді. Демек, қоршаған ортаға жақсы әсерін тигізбей ма?! Одан кейін, өткен жылы елімізде су тапшылығы болды. Ол энергия көзін өндіруге, трубинаны айналдыру үшін су керек. Суды буға айналдырады, буды үлкен қысыммен трубинаға жібереді, трубина айналады. Сосын электр энергия пайда болады. Су қоршаған ортадан түседі. Сондықтан суды да үнемдейміз. Суды химиялық өңдеу бар. Ол деген химиялық реагенттің де санын азайтамыз деген сөз. Бірыңғай уақытты орнатудың экономикалық әсері өте көп. Одан кейін адами капитал. Әрбір мемлекеттің басты байлығы ол – адами капитал. Неғұрлым халық саны көп болса, елдің экономикасының көлемі соғұрлым артады. Көбісі ойлайды, неге Қазақстанға жақсы инвесторлар, үлкен компаниялар келмейді деп. Өткені біздің экономикамыздың көлемі аз. Оның уақыттық белдеуге қандай қатысы бар деп ойлайсыз? Қазіргі уақытта әрбір үшінші отбасы баласыз отыр. Әйелдер бала көтере алмай жүр? Неге? Айтқан десинхроноздың кесірінен. Циркадтық ритмдер адамның ағзасындағы 300-ден астам процестерді қадағалайды. Ең бастысы гормоналдық системаны қадағалайды. 1 сағатқа кем болғандықтан, гормоналдық фон да өзінің жұмысын дұрыс атқара алмай отыр. Егер де біз оны UTC+5-ке табиғи уақытқа көшіретін болсақ, әйелдердің де денсаулығы жақсарады. Адам саны көбейіп, экономикамыздың көлемі өсе бастайды. Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу көлік пен байланыс құралдарына оң әсер етеді дейді. Шындығында солай ма? Әрине. Ең қарапайым мысал, оңтүстікте тұратын кәсіпкер батыстағы әріптесімен жұмыс жасайды. Қаншама адам уақыт айырмашылығынан ұшақтан, поездан қалып қойды. 1 сағатта тұрғанда не бар деп ойлайды. 1 сағатқа кешіктің ба, басқа жақта күтіп отырған адаммен маңызды миллиондаған суммаға келісім-шарт жасау керек болуы мүмкін. Билеттің де құны арзан емес. Ол да экономика. Екіншіден, кәсіпкерлер жақсы біледі, банктік күн деген бар. Біздің күн тәртібіміз сияқты емес, кешкісін 18:00-де жұмыс уақыты бітетіндей. Олардың жұмыс күні сағат 16:00-де бітеді. Мысалы, Ақтөбе мен Астананың айырмашылығы 1 сағат. Елорданың компананиясы Ақтөбеден ақша жіберуін күтіп отыр. Бірақ әр түрлі жағдайлармен олар сағат 16:00-ге 5 минут қалған кезде жібереді. Бірақ Астанада кешкі сағат 17:00. Банктік күні бітіп кетті. Ол сумманы дәл сол күні алмай, ертесіне алуына тура келеді. Ал, бизнес деген қатаң, әрі әділ. Уақытында жібермесе, штрафтық санкцияға ұшыратады. Ол үлкен ұтылыстарға әкеледі.

  •  Бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің мектептегі оқушыларға пайдасы? Түскі ауысымда оқитын балаларға кері әсер етпей ме?

Халықтың арасында көптеген наразылықтар естіп жатырмын. «Екінші ауысымда оқитын балалар күн сәулесінен құр қалатын болды, күн сәулесін көрмейтін болды» дейді. Бұл түбінде дұрыс емес нәрсе. Өйткені, бала екінші ауысымда оқығанымен оның таңы түскі 13:00-де басталмайды ғой. Демек күн сәулесін көрмейді деген дұрыс емес. Тағы да «Бала 1 сағат ерте тұрады» дейді. Бұл да дұрыс емес. Жоғары да айтып кеткенімдей, мен Ақтөбеге барғанда ұйқым қанып, оятқышсыз өзім тұрдым. Мысалы, Қызылорда облысында уақытты 2018 жылы UTC+5-ке көшірген. Бұрын UTC+6 кезінде бала тастай қараңғыда тұрып, ұйқысы қанбай мектепке барады. Сонда оқушы бірінші сабақты меңгере ма, меңгермей ма белгісіз, себебі әлі оянған жоқ. Ал, UTC+5-ке ауыстырған кезде, сенесіздер ма, балалар өздері тұрып алған.

  • Бірыңғай уақыт 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні ауысады ма?

Мен сізге 100 пайыздық нұсқа айтайын. Мысалы, 29 ақпанда түнгі сағат 00:00 болған кезде өзіңіз алыңызда 1 сағат артқа жылжытып қойыңыз. Сөйтіп ұйықтай беріңіз. Таңертеңгісін бәрі жақсы болады. Сіз үшін ең қиыны 1 сағат артқа шегересіз болды. Керек нәрсенің бәрін ағза өзі жасайды. Сізге Жаратқан берген иммунитет бәрін ағза өзі жасап береді. Одан дүрлігіп, мәселе жасаудың қажеті жоқ.

  • Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Назерке Сәндібек.