Нина – қазақ келіні
Нина – қазақ келіні
Отағасы Болатхан Сүлейманов Сібірде әскери борышын өтеп жүрген шағында Нина Леонтьевнаны кездестірген. 18 жасар шор ұлтының қызын бірден ұнатқан жігіт әскери борышын өтеп, елге қайтатын уақытта бойжеткенді Қазақстанға бірге алып келеді. Осылайша басына ақ орамал салынып, барлық жөн-жоралғылары жасалып, Нина Леонтьевна қазақтың келіні болып шыға келді. Міне, оның осы әулетке келгеніне елу жылға жуықтады. «Қазақ отбасына келін боп түскенде аздап жүрексінгенім рас. Ойлаңызшы, басқа елге келдім, ол халықтың тілін, әдет-ғұрпын мүлдем білмеймін. Бірақ, енем жайлы кісі болды, оның қолдауының арқасында көп нәрсені үйрендім. Шай демдеп, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауды үйрендім. Нағыз қаймағы бұзылмаған қазақ ауылына, қазақ отбасына келін болғандықтан тілді де тез үйреніп кеттім. Тұрмыс құрған соң ислам дінін қабылдадым», – дейді сөзін қазақ тілінде еркін жеткізген ана. Мұсылманша дұғасын оқып, батасын беріп, қазақи салт-дәстүрмен ғұмыр кешіп келе жатқан ол бір шаңырақтың ең басты құндылығы – татулық пен сыйластық деп біледі. Осы басты байлықтарды сақтаған отбасында әрқашан махаббат пен жайлылық орнайды деген сенімде. Болатхан ата мен Нина апа төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бала-шағаның қамымен екеуі де жұмыс істеді. Отағасы алқапта тер төксе, жұбайы Алмалыбақта алма терген, құлпынай жинаған. Сонымен қатар, көрші қырғыз елінде аспаз болып істеген. Адал еңбектің нанымен ұл-қызын аяқтандырып, немерелерін әлпештеген екеуі шынайы сезім барда, ұлт та, дін де, тіл де кедергі болмайтынын дәлелдей білді. Тағдырдың жазуымен бірнеше жыл бұрын отбасының қамқоршысы әрі тіреуі Болатхан ата өмірден өтіпті… Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлімнің арқасында перзенттерінің әрқайсысы өз орындарын таба білді. Қазір қарашаңырақта тұратын ұлдары Асхат пен келіні Мөлдір ауыл мектебінде ұстаз болып жұмыс істейді. Ал, Нина апа үйді береке мен мерекеге толтырып отырған тәтті немерелерінің қызығын көруде.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист.
Қордай ауданы