Атқарылған жұмыс ауқымды

Атқарылған жұмыс ауқымды
2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» және облыстың даму бағдарламалары аясында 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп, 9 нысанның құрылысы аяқталды. 2024 жылы 17 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге 3,1 миллиард теңге қарастырылды. Аталған қаражат есебінен 2024 жылы 8 мәдениет нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Қалған 9 нысан қаржыландыру жоспарына сәйкес 2025 жылға өтпелі. Бүгінгі күні облыста 200 мәдениет үйі мен клуб тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. Клуб мекемелерінің 171-і типтік ғимаратта орналасса, 29 клуб ыңғайластырылған ғимаратта жұмыс істейді. Облыстағы клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 457 миллион 940 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Оқитын ұлт» жобасының нәтижесінде 2025 жылға дейін оқырмандардың үлесін 40 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Жоба аясында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Әдеби өлкетану », «Нағыз оқитын кез» іс-шаралар кешені іске асырылып, «Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы» ақпараттық жүйесі арқылы еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылған. 2023 жылы облыс көлемінде кітап қорын толықтыруға жергілікті бюджеттен 114, 7 миллион теңге бөлініп, 46 554 данаға кітап қоры жаңа кітаптармен толықтырылды. Сонымен қатар, жергілікті ақын- жазушылардың кітаптарын сатып алып, облыс көлемінде тарату үшін кітаптарды басып шығаруға 50 миллион теңге қаралып, Алматы қаласындағы «Абай» баспасы тарапынан әр қаламгермен жеке-жеке авторлық келісім шарт жасалып, 24 мың ақын-жазушының шығармаларынан 24 мың дана кітап алынды. Сонымен қатар, басқарма басшысы облыстық театр , филармония, архив, музей мекемелерінде, шығарамашылық орталықта атқарылған нәтижелі жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Облыс әкімінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев: «Мәдениет саласында бірқатар жұмыстар атқарылған. Алдағы уақытта да жүзеге асуы тиіс істер көп. Әсіресе, мәдениет ошақтарының құрылысының сапалы аяқталуына ерекше мән берген жөн», – деп басқарма басшысының жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
Есет ДОСАЛЫ