Жаңалықтар

Капитан Атахановтың ерлігі

Капитан Атахановтың ерлігі

Тараздағы Қарулы Күштердің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы байланыс полкінің әскери қызметшісі, капитан Баходир Атаханов жол бойында өртене бастаған көлікті сөндіріп, сақтап қалды.

Жеке автокөлігімен келе жатқан капитан Баходир Атаханов Тараздағы Сәкен Сейфуллин мен әл-Фараби көшелерінің қиылысында бағдаршамның қызыл белгісіне тоқтап тұрғанда ойламаған жерден жанында тұрған «Жигули» маркалы автокөлігі өртене бастайды. Офицер бірден көлігіндегі өрт сөндіргішін алып, көмекке жүгіреді. Қолындағы құралының көмегімен Баходир Атаханов көп өтпей-ақ жалынның бетін қайтарып, оқиғаның алдын алады. Офицер бағдаршамның қызыл белгісі жанып тұрған кездегі бірнеше секунд ішінде өртті ауыздықтап үлгереді. Әрі қарай ол көлігіне оралғанда жасыл жанып, өз жолымен кетеді. – Таразда жол қозғалысын бақылау үшін орнатылған бейнебақылау камераларына шын мәнінде бір машинаның тұтанған сәті, сондай-ақ басқа көлік жүргізушісінің батыл әрі нақты әрекеті жазылып қалған. Біз офицердің әрекетін адамгершілік деп бағаладық. Оның уақтылы көмегінің арқасында жолдағы басқа да адамдарға төнген елеулі қауіп сейілді, – деп түсіндірді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. Қарапайымдылығының арқасында Баходир Атаханов бұл оқиғаны әріптестеріне айтпаған. Өйткені, мұндай жағдайда әркім осылай жасайтынына сенімді. Ең бастысы – жағдайды тез бағалау, қажетті әрекетке ден қою маңызды деп санайды. – Мен үшін басты ереже – көлігімде әрқашан өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы және жолда қажетті құрал-жабдықтардың болуы. Көрші көліктің жана бастағанын көргенде, бір секунд та ойланбадым, өрт сөндіретін құралымды алып, бірден іске кірістім. Менің орнымда кез келген әскери әріптесім солай істер еді, – дейді Баходир Атахановтың өзі. Батыл офицер өрт сөндіргіштің ілмегін тартқанмен, бірден іске қосыла қоймаған. Санаулы сәтте ол ілмекті тісімен тартып жұлып алып, өрт сөндіргіш құралын қосқан. Мұндай әрекет Баходирге таңсық емес. Себебі, өзі қызмет ететін әскери бөлімде қауіпсіздік шаралары мен төтенше жағдайлар бойынша сабақтар ұдайы өткізіліп тұрады. Капитан Баходир Атаханов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланыс полкінде еңбек етеді. Ол автоматтандырылған басқару жүйелері бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарып жүр. Қарулы күштердегі еңбек өтілі 15 жылдан асқан. Осы жылдар ішінде өзін сауатты маман, жауапты офицер және сенімді жауынгер ретінде көрсетіп келеді. – Офицерімізді әрдайым мақтан тұтамыз, оның әрекеті жоғары бағаға лайық. Адам өміріне қауіп төнетін кез келген жағдайда әскери қызметшілер дәл осылай әрекет етуі тиіс, – дейді байланыс полкінің командирі, полковник Сымбат Тұяқаев.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ