Саясат

қазақстан - германия: терезесі тең тараптар

қазақстан - германия: терезесі тең тараптар

Елбасы Германияның Федералдық канцлері Ангела Меркельмен кездесті. Келіссөздер барысында екіжақты экономикалық қарым-қатынасты жандандыру мәселелері, сондай-ақ, Украинаның шығысындағы ахуалды Украина, Ресей, Германия және Франция басшыларының таяуда Астанада өтуі ықтимал кездесуі аясында реттеу шаралары талқыланды. Екі мемлекеттің көшбасшылары Минск уағдаластығын қатысушы тараптардың мүлтіксіз жүзеге асыруы қажеттігін, мұның тезірек бейбіт реттеуге және сенімді нығайтуға септігін тигізетінін атап айтты. Тараптар екі ел арасында белсенді әрі сындарлы саяси диалог орнағанына тоқталды, сондай-ақ, 2012 жылы ақпанда қол қойылған Қазақстан мен Германияның шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы серіктестік туралы үкіметаралық келісімін нақты іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, инновациялық-инвестициялық ынтымақтастық аясын кеңейтудің бірқатар аспектілері және Астанада өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысы қарастырылды. Елбасы Германияның федералдық сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайермен де кездесті. Бұл кездесу Ф.В.Штайнмайердің былтыр қарашада Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында болған әңгіменің жалғасы ретінде өтті. Келіссөздер барысында екіжақты қарым-қатынастың басым тұстары мен Украинаның шығысындағы ахуалды реттеу шаралары талқыланды. Украина мен Ресей Президенттерінің таяуда ГФР Канцлері А.Меркель және Франция Президенті Ф.Олландтың қатысуымен өтуі ықтимал екіжақты кездесуінің бірқатар алғышарттары жөнінде байыпты пікір алмасылды. Тараптар сондай-ақ, сауда-экономикалық ынтымақтастықтағы болашағы бар жобалар мен екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылы туралы да сөз қозғады. Германия федералдық сыртқы істер министрі екіжақты экономикалық қатынастар оң қарқында дамып келе жатқанына тоқтала отырып, Қазақстанның Орталық Азиядағы «тұрақтылық тұтқасы» болып саналатынын атап айтты.